Теңге курсын еркін айналымға жіберу саясаты Қазақстанға тиімсіз. Сондықтан Ұлттық банк курсты белгілеу жүйесін қарастыру керек. "Талап" қолданбалы зерттеу орталығы" қоғамдық қорының директоры Рақым Ошақбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Экономистің түсіндіруінше, орталық елдегі инфляцияның өсуіне әсер етіп отырған негізгі факторларға зерттеу жүргізген. Нәтиже бойынша, Үкімет пен Ұлттық банктің бағаның көтерілуіне қарсы шаралары тек 50%-ға тиімді болып отыр.
"Қазақстандағы инфляцияның жоғарылауының басты факторы - теңгенің құбылуы. Біздің ойымызша, бұл факторды реттеу қолға алынбаса, инфляцияны тұрақтандыру билікке қиын болады. Ал басқалары - сатыушлармен, спекулянттармен күресу және қорларды тұрақтандыру еш тиімді болмайды. Сондықтан біздің орталық теңге курсын белгілеу жүйесіне қайта оралу керек деп есептейді", - деді ол.
Ошақбаевтың сөзінше, теңгені еркін айналымға жіберу саясаты Қазақстанға қолайсыз. Ол тек дамыған және әртараптандырылған экономикада ғана жақсы жұмыс істейді.
"Біздегі валюта табысының 50%-дан астамы мұнай нарығынан түседі, ал оның да бағасы құбылмады. Еркін айналым жүйесін біздің елде жүзге асыру тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан елдегі экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қолдайтын және тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін теңгенің тепе-теңдігін анықтап алу қажет. Ең үлкен тәуекелдердің бірі - бұл рубль девальвациясы. Ол доллар курсы 350-360 теңге болған күннің өзінде төмен бағалануы тиіс, ал ең маңыздысы - экономика агенттерінің болашағына сенім білдіру. Қазір нарықта курстың қалай өзгеретіні туралы нақты түсінік жоқ. Түрлі сарапшылар өздерінің болжамдарын айтады, ал бұл инфляция мәселесін одан әрі ушықтырады. Яғни мен нарықта Ұлттық банкке сенім аз екенін айтқым келеді", - деді экономист.
Бұдан бөлек, сарапшы бас банк теңге курсын жоғарылатып немесе төмендету үшін жасырын түрде нарықтағы саудаға араласып отыр деп есептейді.
"Сарапшылар Ұлттық банктен интервенцияға қатысты нақты ақпаратты жариялауды сұрайды, алайда олар мұны істеуден бас тартып отыр. Биржадан тыс операцияларға қатысты да сұрақтар бар, алайда олардың көлемі қандай екенін тіпті ешкім білмейді", - дейді Рақым Ошақбаев.
Айта кетейік, соңғы бір айда теңге курсы төмендеп кетті. Тіпті EXPO-2017 халықаралық көрмесі аяқталған соң үш күннің ішнде доллар бағамы 340 теңгеге дейін көтерілді. Ал Ұлттық банк болса әлі күнге теңгенің құбылуын сыртқы нарық әсерімен немесе шетел валюталарына сұраныстың артып кетуімен түсіндіріп әлек.