Соңғы 10 күнде, яғни 2017 жылғы 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 2,6%-ға әлсіреген. Бұл банктердің, компаниялардың және халық тарапынан шетел валютасына деген сұраныстың артып кетуімен байланысты, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
"Теңгенің еркін өзгермелі бағамы және Ұлттық Банктің валюталық сауда-саттыққа қатысуын барынша азайту жағдайларында мұндай жағдай бағамның автоматты түрде әлсіреуіне әкеледі", - делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық банк шетел валютасының жеткілікті ұсынысы болмаған жағдайда оны сатушы болды. Тамызда Ұлттық Банктің нетто-өктемдіктерінің көлемі 70 млн АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ, Ұлттық Банк қыркүйектің бірінші аптасында шетел валютасын сату жөнінде өктемдік жүргізген. Ал оның қорытындысы бойынша деректер қазанның басында жарияланады.
Ұлттық Банктің пікірінше, егер мұнай бағасы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан төмендемесе, ал Ресей рублінің бағамы бір АҚШ доллары үшін 59-60 рубльден аспаса, теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы ағымдағы деңгейде сақталады. Сонымен бірге, айырбастау бағамының ағымдағы деңгейі рубльге қатысты жеткілікті бағаланбай отыр, бұл оны түзету үшін алғышарттар жасайды.
Айта кетейік, осы жылдың шілде айынан бастап бірінші тоқсанға қарағанда доллар қайта нығайған болатын. Ұлттық банк ол кездегі теңгенің әлсіреуін "АҚШ билігінің Ресейге салған санкциясы салдарынан" деп түсіндірген еді.
Десек те, байқап отырғанымыздай ұлттық валютаның әлсіреуі тек Ресейге салынған санкцияға ғана емес, ішкі нарыққа да қатысты болып отыр. Ал оны реттеудің алғышарттарын Ұлттық банк әлі ұсына алмады. Тек валютаның әлсіреуін түрлі жағдайлармен байланыстырып, халықты алдарқатудан ары аса алған жоқ. Осыдан кейін теңгеге сенімсіздік болғандықтан халықтың шетел валютасына сұранысының артуы орынды.