Ұлттық банктің мәліметінше, доллар курсының бірден қымбаттап кетуі АҚШ билігінің Ресейге салған санкциясының жағымсыз әсерімен байланысты.
"Теңге курсының жағдайы АҚШ-тың Ресейге салған санкциясының жағымсыз әсерімен байланысты және санкция мәселесі одан ары қалай болатыны белгісіз, сондай-ақ Ресей рублінің динамикасымен де байланысты. Ал БАҚ-тағы спекулятивті түсініктемелер АҚШ долларына деген сұранысты шамадан тыс арттырып отыр", - дейді ҚР Ұлттық банкінің монетарлы операциялар жөніндегі департаментінің директоры Әлия Молдабекова.
Сондай-ақ, бас банктің өкілі бұдан бөлек мұндай курстың қалыптасуына бірқатар факторлар әсер етіп отырғанын айтады.
"Елдегі валюта курсы - ірі сауда серіктестері, төлем балансы, инфляция, ҚРҰБ базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер және басқалар. Алайда қысқа мерзімде теңге курсына және құбылмалықтың көбеюіне нарыққа қатысушылардың болжамының күрт өзгеруі сынды бірнеше фактор әсер етеді", - дейді Әлия Молдабекова.
Бұдан бөлек ол қазақстандықтарға доллар сатып алудың қажеті жоқ екенін айтты.
"Айырбас бағамының қалыптасуы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың негізінде, нарықтық шарттармен коммерциялық банктердің қатысуымен болады. Айырбастау бағамының өзгеруі қысқа мерзімді факторлардың комбинациясымен байланысты. Яғни бұл динамика алыпсатарлық факторларға негізделгенін ескере отырып, Ұлттық банк халықтың шетел валютасын сатып алуына еш негіз жоқ деп есептейді", - деді Ұлттық банк өкілі.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан қор биржасында өткен таңғы сауда сессиясында доллар курсы бірден 5,8 теңгеге қымбаттап, орташа бағам 334,53 теңгені құрады. Ал 1 тамыз күні күндізгі сессияда курс 330,43 теңге болған. Айырбастау пунтерінде долларды сату 340 теңгеге дейін көтерілді.