Күрделі де ауқымды Солтүстік Шығыс Азия қайшылығы бүгінгі күнде әлемдегі Орта, Таяу-Шығыс мәселесімен деңгейлес, тіпті ядролық соғыс қаупі жағынан теңдессіз үлкен қайшылық болып саналады. Осы жылы бұрынғыдан да жиілей түскен Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағы АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерін қатты алаңдатып отыр. Біз төменде Корей түбегі мәселесінде тікелей мүдделі тараптардың қазіргі жағдайын саралап көрелік.
4 шілде және 28 шілдедегі зымыран сынағы Уашингтон мен Сеулді қатты алаңдатты. Оңтүстік Корея осыған дейін Қытайдың қарсылығына бола орнатуға келісім бермей келген «Сад» зымыранына қарсы жүйесін орналастыру құрлысын жеделдететінін, соған байланысты Трамп үкіметімен келіссөздерге көп ұзамай баратынын білдірді. Алайда, АҚШ-тың қазіргі және бұрынғы билігіндегі шенеуніктерінің қарауынша, Солтүстік Корея бүгінгі таңда Калифорния штаты тіпті одан да шалғай АҚШ шекарасына соққы жасауға қабілетті болған тұста, АҚШ-Оңтүстік Корея арасындағы келіссөз АҚШ-қа төндіретін қауіпті сейілте алмайды.
Солтүстік Кореяның осы реткі ұшырған құрлықаралық баллистикалық зымыраны (ICBM) кеңістікте 3700 шақырымға дейін ұшып, Жапон аралдарының ең солтүстігіне таяу маңдағы теңізге құлаған. Осыдан бірнеше сағат өтпей жатып, Оңтүстік Корея президенті Мүн Жа Ин шұғыл түрде Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізді. Тапсырма алған кореялық мамандарға зымыран қаупі мен қуатын есептеп, егер тікелей Тынық мұхитқа бағытталып атылса бұл зымыранның Лос-Анджелеске жетуі мүмкін екенін мәлім етті. Тіпті Чикаго және Нью-Йорк қалаларына дейін жетуі мүмкін деді.
Оңтүстік Корея АҚШ-пен келіссөзімен қатар Қытайға да үміт артты. Сеул тарабы мұндай жаңа түрдегі зымыран Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея Жапония шекараларына жеткені секілді Қытай шекарасына да жетіп, Қытайға зымыран соққысын бере алады. Демек, Қытай тарабы да Солтүстік Кореяға қысым түсіруі мүмкін деп санайды. Бірақ, Бейжің жақ Трамп айтқандай күткен үміттерін ақтамай келе жатса керек. Сенбіде Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың қорғаныс саласының лауазымдылары телефон арқылы сөйлесіп, екі ел келіссөзін жеделдетуді, Солтүстік Кореяның зымыран қауіпіне қарсы тосқауыл қою туралы ақылдасты. Осыған қатысты хабарларға қарағанда зымыранға қарсы жүйені Кореяға орналастыруды қамтыған келіссөздер жүргізуге екі жақ та келісім берген.
АҚШ сарапшылары әлі де күмәнданып отырған бір мәселе – КХДР-ның құрлықаралық баллистикалық зымырандарының дәлдігі мен ядролық қару тасымалдай алатын және алмайтынында. Пентагон сарапшылары, егер дәл осындай сәтте АҚШ артық бір қадам жасап, Солтүстік Кореяға қауіп төндіретін болса, онда Ким Жоң Ун билігі көзсіздікпен АҚШ территориясына баллистикалық зымырандарын аттандыруы мүмкін.
Бірнеше он жылдықтағы АҚШ-тың өңірдегі саясатына назар салатын болсақ, олар өздерін Ресей мен Қытайдың осындай қатерінде өмір сүріп келеміз деп санады. Қытай мен Ресейдің шығыс іргесіне, тіпті әлемнің әрбір стратегиялық маңызды саналатын өңірлеріне өздерінің әскери базаларын орналастырып келді. Бірақ, АҚШ-ты 40 жыл басқарған төрт реткі президенті де Солтүстік Кореяның мұндай қауіпті қуатқа жетеді дегенге сенбеген еді.
Осы оқиғадан кейін ғана біз АҚШ президенттерінің талдау жасау еркіндігінің шектеулі екеніне көзіміз жетті. Трамп президент сайлауы кезінде өзінің Солтүстік Кореямен келіссөздерге келетінін айтып еді. Алайда, президент тағына шыққаннан кейін Уашингтон билігі оған бұл мүмкіндікті бермеді (әлде өзі ойынан қайтты ма?!). Уашингтонның сыртқы саясаттағы бар әрекеті санкция салумен шектеліп келуі, өңірдің қайшылығын арттырған жоқ па! Енді міне Солтүстік Кореяны келіссөз үстеліне шақырудың шарты ауырлай түсті. Тіпті КХДР өзінің ресми баспасөзінде АҚШ алдына келіп тізерлеп, бас иіп кешірім сұраған кезде ғана ядролық бағдарламасынан бас тартатындарын айтып салды. Ендігі жерде Солтүстік Корея келіссөзге келу үшін де АҚШ пен Оңтүстік Кореяға ауыр талаптар қоя алады.
Солтүстік Кореяда ядролық менмендік бар екені айдан анық. Ол өзін бұрынғы Корей патшалығының мұрагері ретінде, түбектің бірден бір қожасы деп санайды. Түбектің екіге бөлінуі АҚШ-тың корей халқына жасаған қастандық саясаты деген көзқарастан айныған емес. Бұл саяси ұстанымның өзі "КХДР мен АҚШ арасында келіссөз жүзеге асады"дегенге сендірмейді. Трамп бұл мәселеде Қытайды "жауапсыздық танытты" деп айыптап еді, Қытай СІМ өкілдері АҚШ сыртқы саясатын жер жебіріне жете сөгіп тастады. Сонымен Солтүстік Шығыс Азия қайшылығы тараптарға тың амалдар ойлап табуға итермелеп тұр.
АҚШ осы орайда өзінің зымыранға қарсы жүйесін дамытуды да қолға алмақ. Реті келсе дамыған әскери техникасы мен қуатында танытып қоймақ. Алайда ол КХДР-ның жауабы қаншалық болатынын есептеп шыға алмай екіұдай күйде. Қытай таразыны тең басып, КХДР-ны жұдырық етіп, экономиканы қалқан етіп, АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиттағы ықпалын әлсіретуді көздейтіні де белгілі. Ресей өзіне тікелей болмаса да жанамалай қатысты болып тұрған бұл мәселеде Қытайды жақтамасқа шарасы жоқ. АҚШ-тың жаңа санкциясы Мәскеуге бұл таңдауды жасаудың мүмкіндігін көбейтті. Бір сөзбен айтқанда Корей түбегі мәселесі әлемдегі ең күрделі де қауіп-қатері мол әлемдік проблемаға бір-ақ күнде айнала салған жоқ. Оның тамырында әр тараптың ұзақ мерзімдік мүддесі байланып жатыр.