«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйді сатып алған кезде халық үшін ипотеканың нарықтық мөлшерлемесін төмендету мақсатында Ипотекалық қарыздарды субсидиялауға Ұлттық қордан 10 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚР инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі. 

«Республиканың 6 аймағында  (Астана мен Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары) жаңа тұрғын үй сатып алу үшін халыққа жеңілдікпен ипотека беру басталды. Бүгінгі күні 7 екінші деңгейлі банк (Сбербанк, АТФбанк, БанкЦентрКредит, BankRBK, Тенгри банк, «ЖССБК» АҚ, Цеснабанк) бағдарламаға қатысуға дайын. Оның ішінде 4 екінші деңгейлі банк 30 млрд теңге (жоспар 120 млрд. теңге) сомасында 2 мың (жоспар 8 мың) қарыз беруді болжап отыр»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында.

Бағдарламаның төртінші бағыты бойынша (жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру) құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау үшін Ұлттық қордан тағы 11 млрд теңге бөлінді.

«Екінші деңгейлі банктер (Сбербанк, АТФ банк, БанкЦентрКредит, Тенгрибанк, Цеснабанк, Нұрбанк, Евразиялық банк) кредит беру үшін құрылыс салушылардың 17 жобасын қарап жатыр. Қарыз 53,6 млрд теңгені құрайды. 2018-2019 жылдары осы жобаларды іске асыру есебінен  282 мың шаршы метр тұрғын үйді (403 мың пәтердің 70%-ы) пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба 8 өңірде (Астана мен Алматы қалалары, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары) іске асырылып жатыр»,-деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында "Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн" деген. Оның сөзінше, Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.

“The Qazaq Times”