Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі кейбір танымал ақпараттық агенттіктердегі Қазақстан ОПЕК келісімінен бас тартуы мүмкін екені туралы хабарламаны жоққа шығарды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство соңғы теріс жарияланымдарға байланысты Қазақстан ОПЕК және ОПЕК емес елдер арасындағы мұнай өндіру деңгейін қысқарту туралы келісім бойынша бұған дейін қабылданған міндеттемелердің орындала беретінін растап отыр.

"Біз 2018 жылғы сәуірге дейін қабылдаған міндеттемелерді одан әрі де ұстанатын боламыз. Әріптестерден міндеттемелер деңгейін ұзарту немесе өзгерту туралы ұсыныстар келіп түскен жоқ. Сондықтан бұл мәселе қарастырылмайды.Сол себепті ҚР Энергетика министрлігінің ақпаратын біржақты қабылдап, өз еркінше түсіндірмеуді сұраймыз", - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, кеше ТАСС ақпарат агенттігі ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың "Қазақстан мұнай көлемін қысқарту туралы ОПЕК келісімінен біртіндеп бас тартуы мүмкін" деп мәлімдегені туралы жазған. Министр "Қазақстан бірнеше айда немесе мұнай бағасының өсуіне байланысты ОПЕК келісімінен шығуы мүмкін бе?" деген сұраққа "Бірінші нұсқа", -  деп жауап берген.

Энергетика министрі бұған дейін де Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын емес деп мәлімдеді. Ал кейін ОПЕК-тің 25 мамырындағы шешімінен соң министрлік ОПЕК пен оған мүше емес елдердің мұнай көлемін қысқарту мерзімін ұзарту туралы шешімін қолдайтынын, бұл бағаның қалыпты деңгейін сақтау үшін қажет екенін хабарлаған.

Қарап тұрсаңыз Энергетика министрі мұнай өндіруші алпауыт елдердің мұнай көлеміне қатысты шешімін не қолдайтынын не қолдамайтынын әлі шеше алмай жүрген сияқты. Себебі байқап отырғанымыздай министрлік өкілдері біресе "Қазақстан ОПЕК келісіміне дайын емес" деп, біресе "ОПЕК шешімін қолдайды" деп әлі сөзінен шатасып жүр.

 “The Qazaq Times”