Мұнай экспортаушы елдер ұйымы ОПЕК ақыры шикізат өндірісін қысқарту туралы келісім мерзімін ұзартатын болды. Бүгін Аустрияның Вена қаласында өткен отырыс барысында ұйымға мүше елдер осындай шешім қабылдады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жиналысқа қатысқандарға сілтеме жасап хабарлап отыр. Келісім мерзімін ұзартудың мақсаты - мұнай бағасын тұрақты қалыпқа келтіру.
Ал картельге мүше емес елдермен келіссөз кейінірек жасалатын болады. Айта кетейік, Иранның мұнай жөніндегі министрі Бижан Намдар Зангане картель үшін бағаның 50-60 доллар болуы тиімді екенін мәлімдеген.
Жиналысқа қатысқан делегаттардың сөзіне сенсек, келісім 2018 жылдың 31 наурызына дейін созылатын болады.
Сондай-ақ, Астана уақытымен 16:40 шамасында Brent маркалы мұнайдың баррелі 53,24 долларды құраған. Көрсеткіш алдыңы сессияда белгіленген бағадан 1,3 пайызға төмен.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан мұнай көлемін қысқартуға қатысты ОПЕК-пен болған келісім мерзімін одан әрі ұзартуға дайын еместігін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, Қазақстан қара алтын көлемін қысқарту туралы келісім аясында болады. Алайда шикізат өндірісін енді дамытып жатқан Қашаған сияқты кен орнының да мүмкіндіктері ескерілу қажет.