ҚР “Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы қайта қаралған болатын.
Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында, заң жобасында қоныс аудару өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру, Үкімет белгілеген аймақтарға орналасқан кезде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудегі белсенді шаралар аясында әлеуметтік қолдау иелену мүмкіндігі, ықтиярхат алған жағдайда бір жыл ішінде оралманның Қазақстан Республикасы азаматтығын алуы көзделуде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ҚР Үкіметі ерікті көші-қонды ынталандыруда, оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдайтын 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгілегенін еске салды. Жоғарыда келтірілген өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған қандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінеді.
«Үкімет анықтаған өңірлерге көшіп барғандарға барынша жағдай жасау жағын қарастырып отырмыз. Біріншіден, 35 айлық есептік көрсеткіш деңгейіндегі отбасының әр адамына берілетін төлемақы сақталады. Екіншіден, көшіп барған отбасыға бір жылға дейін ай сайын тұрғын үй жалдауға 34-68 мың теңге көлемінде ақша төлейміз. Егер солтүстіктің ауылды жерлеріне көшіп барса, жылдық жалға төлейтін ақшаға үй сатып алуға да болады екен. Үй алатын болса, жылдық жалдау ақысын бірден аударуға да келісіп отырмыз. Тұрғын үй жинақ банкі де өз жеңілдіктерін ұсынуға дайындығын аңғартуда», - деп байыптады Біржан Нұрымбетов.