Адам кез-келген бейнені, сөзді қағаз бетіне түсіргендегі жазу ажары – оның жан дүниесінің, таным-түсінігі мен психологиялық жағдайының көрінісі бола алады. Оны ертеден бері адамзат графология ғылымы арқылы дәледеп келе жатыр. Енді Қазақстанда аса танымал емес, бірақ әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын графология ғылымы туралы және тек адамның жазуы осындай үлкен ақпаратты қалай бере алатындығы жайлы біле отырыңыз. 

QazaqTimes.com порталының тілшісі графолог, суретші Қуатжан Аниятов мырзадан сұхбат алған болатын.

 - Қуатжан мырза, адамның жазуы арқылы жан дүниесін қалай тануға болады?

- Графология - орта ғасырлардың өзінде ғылым ретінде дәлелдеген болатын. Ол жазу ажары адамның ішкі жан дүниесін айқын көрсете алатындығын байқатады. Мысалы, мен адамдарға кез-келген үш сөзді жазуын сұраймын, ол өзінің дәл қазіргі ойындағы сөз немесе өзіне ұнайтын кез-келген сөз болуы мүмкін. Негізі таңдалған сөздерге баса назар аударылмайды, бастысы адамның бұл сөзді қалай жазатындығында. Жазу ажары мен әріптердің арасын байланыстыруы, өзіндік көркемдік элементтерін қосуы, оңға немесе солға қисайтып жазуы – мұның бәрі адамның жан дүниесіндегі белгілі бір ерекшеліктер мен табиғи қасиеттерінен сыр шертеді.

 - Мысалы қарапайым  жазу арқылы адамды қалай сипаттайсыз?

- Алдымен адамның жазуына назар аударғанда - өзін-өзі ұстауы, өмірінде де «бір түзудің бойымен жүретін» немесе заңдылықтар мен ережелерге бағынбайтын тұлға екендігін анықтауға болады. Бұл дегеніміз – жазудың түзу немесе белгілі бір жерлерде жоғарылап, төмен түсіп кетуінен байқауға болады. Жазудың ажары адамның эстетикалық талғамы мен қоршаған ортаға деген көзқарсын айқын көрсете алады. Сонымен қатар, приціпшіл, белгілі бір жоспармен жүретін және аяқ асты шешім қабылдайтын, қағидаға сүйеніп қалған немесе импровизатор адамдардың типтері жазуынан айқын байқалады. Кей адамдардың жазуында балалық кезден қалыптасқан белгілі бір әріптер мен олардың арасындағы байланысын байқауға болады. Бұл адамның жан дүниесіндегі белгілі бір кезеңге өтуі немесе өткенмен байланысын, тіпті өтпелі кезеңде жүргендігін айқындайды. Тұлғаның аналитикалық, логикалық қабілеті де жазуынан көрініп тұрады. Жазу ажары адамның қабілеттерін анықтап қана қоймай, оның белгілі бір салаға, мамандыққа бейімдігін, адамдармен қарым-қатынасын көрсетеді.

-  Сіздің бұл қызметіңіздің құны қанша тұрады?

- Бұл қызметтің құны – 500 теңге.

- Графологиямен қанша жылдан бері айналысып келесіз?

- Мен бұл ғылыммен айналысқаныма - 25 жыл болды.

 - Ал адамдардың жазуы өзгергенде  психологиясында да өзгерістер орын алуы мүмкін бе? 

- Адамның жазу ажары өзгерген сайын – ол мейлі бейсана қалыпта болсын, адамның мінезі, жан дүниесі, тіпті өмірі міндетті түрде өзгереді.

 - Ал адамның физикалық сипатын, дене бітімі мен келбетін жазуынан анықтауға болады ма?

- Ия,  әбден мүмкін. Бірақ ол үшін графология ғылымында белгілі бір дәрежеге жетіп, ғылыми тұрғыдан айналысу керек. Мен өзім мамандығым бойынша суретшімін, сурет өнеріне байланысты графологияға қызығушылық танытып, бұл саланың қыр-сырын өзім үйреніп алдым. Мен, жалпы алғанда, адамдардың типтері мен негізгі физикалық ерекшеліктерін анықтай аламын. Бірақ толыққанды мәлімет беру үшін ғылыми тұрғыдан деңгейім жетпейді. Яғни, әлі де көп ізденіп, оқып, зерттеу керек. Ғылым қарапайым көрінгенімен, өте нәзік әрі ұсақ, психологиялық әрі графикалық негіздерден құралған.

 - Белгілі бір мекемелердің, органдардың қызметкерлерінің сіздің қызметіңізге жүгінген кездері болды ма?

- Әрине,  ондай жағдайлар болып тұрады. ТІпті жақын арада белгілі бір адамнан анонимді хат келе берген,  сол ақпаратты таратып отырған тұлғаны табу үшін жазуына қарап анықтауға тура келді. Бұл жерде адамның психологиялық портретін жасап шығу үшін тек жазу ажары ғана емес, стилі мен сөз саптауына да баса назар аударылады. Адамға тән айқын қасиеттері мен қабілеттерін саралай отырып мінезін, темпераментін, кейбір қылықтарын айтып бере аламын.

 - Графология ғылымы адамзат тарихында қай кезеңдерден бастап қолданылып келеді және оның отаны деп қай елді атауға болады?

- Графологияны адамзат баласы орта ғасырлардан бері қолданып, зерттеп келеді. Осы ғылымға байланысты Еуропалық ғалымдар көп зерттеу жұмыстарын жасады. Атап айтсақ, Абат Мишон есімді белгілі графолог адамның жазуына байланысты психологиясы мен белгілі бір қасиеттерін анықтауды ғылыми тұрғыдан таныта білген. Ал оның түп-төркініне үңілсек, адамзат баласы жазуды меңгергеннен бастап осы ғылымның негізі қалана бастады деуге болады.

 - Графологияның психологиямен байланысы қандай? Немесе графологияны психологияның белгілі бір бөлімі деуге бола ма?

- Психология мен графология өте тығыз байланысты. Өйткені, екеуінің де мақсаты – адамның ішкі жан дүниесін зерттеу, зерделеу. Бірақ психолгия ғылымы адамның темпераменті, мінез-құлқына байланысты заңдылықтар мен белгілі бір теориялар негізінде жұмыс жасайды.  Соған сәйкес, кей кезде өзгермейтін ережелерге де бағынады. Ал графология бұл тұрғыдан психологияға сәл келіңкіремейді. Графологияның белгілі бір шектеулері мен шекаралары болмайды. Оны көркем өнердің де бір бөлшегі ретінде қарастырамыз.

 - Графолог болу үшін адамға белгілі бір  қасиеттер мен табиғи дарын қажет бола ма?

- Меніңше, графолог болуға ғылымға деген ынта мен үлкен ізденістің өзі де жеткілікті. Бұл адамның ішкі жан дүниесін танып-білудегі графикалық кескінді айқын көре отырып, оның қандай қасиетке ие екендігін байқау үшін нақты ғылым ретінде біраз дүниені білу керек.

  - Графолгия ғылымында адамның жазуына байланысты белгілі бір эволюция байқала ма?

- Адамзат баласы жазуды меңгергеннен бастап үлкен эволюция жүрді. Тіпті, тасқа қашап, папирустарға жазғанда және қағазға жазылғандардың арасында қандай айырмашылықтар болса, қашаумен, қауырсынмен, сиямен, қаламмен, шарикті қаламмен жазылған жазуда да үлкен айырмашылықтар байқалып, бір-біріне ұқсамайтын кезеңдер өткендігін айтуға болады. Соған сәйкес, графология да үлкен өзгерістерге ұшырайды, әр дәуірдің жазуы басқа болғанымен, адамдардың ішкі жан-дүниесі мен психологиялық қалпы өзгермейді,  яғни адам – қашан да адам болып қала береді. Осыған сүйене отырып, графологияның бір қалып пен негізде қалмай, уақыт өткен сайын дамып отыратындығына дәлел бола алады. Ал соңғы кезеңдерде адамдардың жазуы қатты өзгеріп келе жатқанын байқаймыз. Бір-екі ғасыр бұрынғы жазбаларда жазу ажары сәл көркемделіп, әрбір сөз ерекшеленіп жазылатын болған, ал қазіргі таңда жазудың да тым қарапайым бола бастағаны байқалады. Адамдар кейінгі кезде ғылыми дамудың жетістігі болып табылатын компьютерлерді пайдаланып, жазуға көп көңіл бөлінбей келеді. Ал бұл тенденция күн өткен сайын жылдам жүріп келеді. Бірақ жазу ажары адамның жан-дүниесінің көрінісі, жазуы көркемделіп, өзгерген сайын адам да, оның өмірі де өзгеретіндігін айтқым келеді. Бұл менің 25 жылдық тәжірибемде дәлелденген дүние.

 - Адамның тек қолтаңбасына қарап сипаттауға болады ма?

- Жазу мен қолтаңба арқылы да барлығын білуге болады. Бірақ кей адамдар қолын қоюдан бас тартқандықтан көбіне сөз жаздыртуға тура келеді. Ал жазуы мен қолтаңбасына қарап, одан көп ақпарат білуге болады.

- Графологияға байланысты қандай теориялық еңбектер мен кітаптарды пайдаланасыз?

- Графологияға байланысты теориялық еңбектер мен зерттеулер өте көп. Бірақ мен белгілі бір методолгия мен әдіске жүгінбеймін. Тіпті, психологияда да «Гиштальт» деген ұғым бар. Бұл әдіс ұсақ фактілерге емес, жалпы көріністі, толық нысанды өзіне ғана тән ерекшеліктері арқылы бағамдайды. Яғни, жазуда әріптер домалақ, асты сызылған, қаламды қатты ұстап жазады деген секілді қарапайым детальдардың негізінде теориялық қағидалар құрастырылады. Ал мен өз мамандығым суретші болғандықтан графологияны ұсақ негіздер мен теориялық тұжырымдарға сүйенбей, «гиштальт» әдісі секілді толық көріністі жалпы тұрғыдан ашамын. Яғни жазу ажарын көре атырып, адамның психологиялық картинасын толық сипаттап шығуға болады. Суретші ретінде образды жасай отырып, толық картинаны ашып көрсетемін.  Графология нақты теорияларға, формулаларға бағынбайды, ол ылғи өзгеріп отыратындығымен қоса, егер нақты теорияға сүйенсек жаңылысуға алып келуі мүмкін. Адамның жан дүниесі, психологиясы дегендер нақты теорияның аясына сиятын құбылыс емес.

- Жазуда гендік ақпарат сақталады ма?

- Адамның жазуы – белгілі бір гендік ақпаратты да тасымалдай алады. Кей адамдар кириллицаны солға қарай қисайтып немесе басқа тілдің ұлттың жазуына ұқсатып жазады. Содан бұл адамның ата тегінде  өзге ұлттың қаны болуы мүмкін деген сөз. Яғни белгілі бір мәдени қалдықтар болады.  Содан, жазудың стиліне қарап мәдени, менталитеттік жағынан психотипті анықтаймыз.

 - Адамның көңіл-күйіне, асығып жазғанына байланысты жазуы өзгеріп жатады. Бұл жұмыс барысында қиындықтар туғызбай ма?

- Өзгерістер орын алғанымен, негізгі картина сақталады. Адамның жазуында өзіндік стиль қалыптасады. Ол тез жазып немесе әдемі жазып отырғанда еш өзгеріске ұшырамайды. Бірақ сол стильді көре алу керек.

 - Графология ғылымы  қазіргі таңда қай елдерде жақсы дамыған?

- Менің білуімше, Йерусалимде бұл ғылым ретінде университеттерде оқытылып, халық арасында да танымал.

 - Осы графология ғылымын меңгергендер қайда жұмыс істейді?

- Ғылымды меңгергендер көбіне заң саласында сұранысқа ие. Қолдың шынайы екендігін анықтау үшін, құжаттардың заңды екендіктерін білу үшін, көп жағдайда осы  графологтар жұмыс жасайды.

 - Графология сурет өнері мен психологиядан басқа қандай ғылымдармен тығыз байланысты?

- Жалпы, психологияға қарағанда философияға жақынырақ келеді. Бұл жерде адамның жан дүниесі мен өмірге деген таным түсінігі тұрғысынан көп айтылады.

 - Қуатжан аға,  сұхбатыңызға рахмет!

- Сіздерге де рахмет!

“The Qazaq Times”