Бүгін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Еуропалық қайта құру және даму банкінің Кипрде өткен отырысында, Қазақстандағы ең ірі 3 ұлттық компанияның жекешелендіруге қашан қатысатынын айтты.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 2019 жылы «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» және«Қазатомпром» компанияларының акциялары сатылымға шығады. Компаниядағы үлестер IPO арқылы саудаға шығарылады.
Ал, 2020 жылға қарай ІРО-ға 7 ірі компанияның акцияларын шығару жоспарланған. Олар: «Қазақстан Темiр Жолы», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром», «Самұрық-Энерго», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта» және «Эйр Астана».
Ал, мұндай ұлттық компанияларды жекешелендірудің пайдасы мен зияны қандай?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы Жолдауында Үкіметке кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған . Ал, ақпан айында мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевтен жекешелендірудің үшінші кезеңінде, шетелдіктердің қызығуышылығы неге аз екенін сұрап, жекешелендіру жұмысына көңілі толмайтынын айтқан.
Жалпы, 2016 жылдың тамыз айындағы ақпарат бойынша, жекешелендіруден республикалық бюджетке 6 млрд 994 млн теңге, облыстық бюджеттерге – 4 млрд 685 млн теңгеден астам, холдингтерге— 67 млрд 416 млн теңге, ӘКК — 6 млрд 201 млн теңге түскен.
Бұдан мемллекеттік қазынаның біраз толыққанын байқауға болады. Әрі кейбір азаматтар мемлекет меншігіндегі мүліктің құнды қағаздарына ие бола алды. Бәсекелестік пайда болды. Экономикадағы артықшылықтары көп, әрине.
Экономистердің айтуынша, мемлекеттік меншіктің жеке секторға өтуі өнеркәсіптің бәсегеке қабілеттілігін арттырып, сырттан инвестиция тартуға ықпал етеді. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтып, капитал көзін әртараптандырып, қор нарығын дамытуға көмектеседі.
Кемшілігі сол, жекешелендірілген нысандардың кімнің қолына өткенін білмейміз. Себебі, жекешеленген немесе алда жекешелендірілетін нысандар туралы ақпарат ашық емес. Стратегиялық маңызы бар ірі кәсіпорындар бәсекекелестік қабілеті төмен фирмаларға сатылып кету қаупі жоғары.
Ал, кейбір сарапшылар мемлекеттің меншігін тек қазақстандық олигархтар сатып алуы мүмкін дегенді айтады.
«Елімізде ірі кәсіпорындарды сатып ала алатын адамдар аз. Оған өзіміз білетіндей тек Forbes тізіміндегілердің ғана мүмкіндігі бар», – деп пікір білдірген медиамагнат Арманжан Байтасов radiotochka.kz сайтына.
Экономист Мағбат Спанов болса, жекеменшікке шығарылғалы жатқан компанияларға көбіне "Самұрық-Қазына" қорында жұмыс істейтіндер немесе солармен біріккен бизнесмендер иелік етуі мүмкін дейді.
Сонымен айтпағымыз не? Мемлекет квазимемлекеттік компаниялардың бәрін бірдей жекешелендіруге шығарған күнде, оны өз бақылауында ұстауы тиіс. Себебі, стратегиялық маңызы бар индустриялы нысандарды сатудан мемлекеттің қауіпсіздігіне залал келуі мүмкін. Тек кімге, қайда сатылса да халықтың сенімін ақтаса болғаны....