Жекешелендіру бойынша "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ны сату осы жылдың соңына жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәджияқов үкімет отырысы кезінде мәлімдеді.
"Тұрын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіру мәселелері бойынша келесідей қадамдар жасалды: 2017 жылдың мамырында инвестор іздеу және келісімді қолдау бойынша қаржы кеңесшілерімен келісім жасалды. Кеңесшілердің көмегімен 420 потенциалды инвесторға инвестициялық ұсыныстарды жеткізу бойынша сауал жіберілді. Оның ішінде 249-ы қызығушылық танытып, нәтижесінде 2017 жылдың аяғында 14 потенциалды инвестордан құралған пул анықталды. Олардың ішінде 7-уі халықаралық қаржы институтының өкілдері", - деді Тәджияқов.
Оның сөзінше, инвесторлар банкке кешенді сараптама жасау жұмыстары басталған. "Бұл процесті 2018 жылдың шілдесіне дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тамыз-қыркүйек айындағы нәтиже бойынша қызығушылық танытқан соңғы инвесторлардан нақты ұсыныс алуға ниеттіміз", - дейді ол.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2003 жылы құрылған. Банк төменгі мөлшерлемемен ипотекалық кредит беру және тұрғын үйге қаражат жинау бағдарламасын ұсынады. Банктің жалғыз акционері - "Бәйтерек" ҰБХ. Банктің жекешелендірілетіні туралы екі жыл бұрын айтылған.
Аталған банктің жекешелендірілуі орынды да шығар. Алайда оған қандай инвестор келетіні, оның алдағы уақыттағы қызмет сапасы қандай болатыны бізге белгісіз. Тек банк жеке қолға өтіп, қарапайым халықтың баспана үшін жиып-тергені желге ұшпаса болғаны.