Кеше, қарашаның 1-і Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «зиянкес әрі заңсыз контентті жою» үшін Facebook-тің ішкі жүйесіне эксклюзив қолжетімділік алғанын хабарлап еді. Бүгін Facebook желісінің Азия-Тынық мұхиты аймағына жауапты өкілі Қазақстан Үкіметімен ортақ мәлімдеме жасағанын терістеген бойда ақпарат министрі Аида Балаева техкомпанияның Гонконг өкілдігімен келісілгенін жазды.
Халықаралық Reuters басылымының хабарлауынша, аталған танымал желіге иелік ететін Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша коммуникация бөлімінің директоры Бен МакКонахи бірлескен мәлімдеме жасаспағанын жеткізген.
«Біріншіден, біз қазақ үкіметімен ортақ мәлімдеме шығарғанымыз жоқ. Қазақ үкіметі биліктің жергілікті заңды бұзатын контенттерге тыйым салу туралы өтініштері бойынша өткен ғаламдық талқылау негізінде өзі мәлімдеме жасады» деп жазды.
Барлық ақпарат құралдары жаппай жазған терістеу мәлімдемесінен кейін түске қарай ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында ведомство атынан арнайы жазба жариялады.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі негізгі келіссөздерді Гонконг қаласында орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша «Meta» («Facebook») компаниясының өңірлік офисімен жүргізді. 1 қарашада жарияланған біріккен мәлімдеменің мәтіні мен оның БАҚ-да жариялануы аталған аймақтық кеңсенің басшылығымен толықтай келісілген болатын» деді.
Осыжан бір күн алдын, дүйсенбіде министрліктің ресми сайты «Қазақстан үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету үшін Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» – CRS) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді» деп жазған.
Ақпарат және қоғамдық даму минитсрлігінің өңірлік кеңсе басшылығымен жасалған келісімді алпауыт компанияға теліп, Facebook пен Үкіметтің бірлескен мәлімдемесі ретінде жариялауы қоғамда сыни пікір тудырды.
Министрлік пен компания арасындағы «ақпарат айтысы» Қазақстанда буллинг және кибербуллинг мәселесін шешу мақсатында әлеуметтік желілерді «уәжді себеппен бұғаттау» шартын қамтитын заң жобасы қаралып жатқан кезге тұспа-тұс келді. Бұл азаматтық қоғам мен көптеген құқық қорғаушылар тарапынан қатты сынға ұшырады.