Бүгін, 11 қазанда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты ҚДТ және «Көше партиясы» бейресми қозғалыстарына қатысты «тыйым салынған ұйымды құрды» және «оның ісіне араласты» деп айыпталған 13 оппозициялық белсендіге үкімін жариялады.

Азаматтық қоғам «ең ессіз-саяси сот» деп есептейтін атышулы 13 белсендінің ісі мен сотын үзбей назарда ұстап, ақпарат таратып келген Азаттық радиосының хабарлауынша, судья Ернар Қасымбеков прокурордың сұрауын орындап, төрт адамды 5 жылға бостандығынан айырып, қалған тоғыз белсендінің еркіндігін 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

Судья Қасымбеков 13 белсендіге мынадай жаза тағайындады:

  • Абай Бегімбетов – 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (Қылмыстық кодекс, 405-бап 1, 2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Асхат Жексебаев – 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1, 2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Қайрат Қылышев – 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1, 2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Ноян Рақымжанов – 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1, 2-тармағы бойынша айыпталған).

Бұл төртеуі жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді деді судья.

Сот Қылмыстық кодекстің 405-баптың 2-тармағы («Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу») бойынша айыпталған тоғыз адамға келесідей жаза тағайындады:

  • Дәметкен Аспандиярова – 2 жылға бостандығын шектеу;
  • Бақдәулет Әлібеков – 1 жыл бостандығын шектеу;
  • Диана Баймағамбетова – 2 жылға бостандығын шектеу;
  • Гүлзипа Жаукерова – 1 жыл бостандығын шектеу;
  • Нинагүл Жұманиязова – 1 жыл бостандығын шектеу;
  • Ермек Қозиев – 1 жылға бостандығын шектеу;
  • Марат Құрбанов – 1 жылға бостандығын шектеу;
  • Болат Смағұлов – 1 жылға бостандығын шектеу;
  • Дархан Уәлиев – 1 жылға бостандығын шектеу.

Мемлекеттік айыптаушы соттан кейінгі аталған тоғыз белсендіге қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына 3 жылға тыйым салуды сұраған.

2020 жылғы желтоқсан айынан бері Алматының тергеу абақтысында отырған Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Ноян Рақымжановтың қамаудағы әр күні бір жарым күн деп есептелінеді деп хабарлады судья. Диана Баймағамбетованы қамаудан босатып, оған шартты жаза тәртібін түсіндірді. Сот Дәметкен Аспандиярованың осы кезге дейін үйқамақта болғанын есепке алып, ол жазасын өтеген болып есептелінді. Аспандиярова 2020 жылғы 23 қыркүйекте ұсталып, сот шешімімен үйқамақта болған.

Дүйсенбіде шыққан үкіммен келіспейтінін мәлімдеген айыпталушылар мен олардың адвокаттары апелляцияға шағым беретінін айтты.

Алматыда 13 белсендінің сот процесі биыл 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың барлығы – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, билікті сынап, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

Жергілікті белсенділер осы аптада Қазақстанға келген Еуроодақ өкілдерін осы «саяси іске назар аударып, қазақстандық шенеуніктермен кездесуде елдегі саяси қудалау мәселесін қозғауға» шақырған.

ҚДТ мен «Көше партиясын» «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп таныған Еуропарламент Қазақстан билігін ақпан айында азаматтық белсенділерді конституциялық құқығын іске асырғаны үшін қудаламауға шақырған. Шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы астананы Қылмыстық кодекстегі «Экстремизм» бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

Жуырда ғана, 23 қыркүйекте елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдеме жасаған Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын «оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі» деп бағалаған. Өткен ғасырдағы «Бесеудің хаты» тәрізді 13 белсендінің ісі кейінгі жылдардағы ең ірі саяси процестердің біріне айналды.

Шетелден бөлек қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ҚДТ мен «Көше партиясы» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен 300-ден аса белсенді істі болған.

The Qazaq Times