Жуырда Қазақстанның азаматтық қоғамын елеңдетіп, елде резонанс тудырған «13-тің соты» ісіне қатысты құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған бірнеше белсенді БҰҰ кеңсесіне және  Еуропарламент депутаттарына ашық хат жазды. Хаттың мәтінін сейсенбіде, 19 қазан күні белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялады.

«Саяси тұтқындар» қатарына енген хат авторлары өздерінің «саяси экстремизм» бойынша заңсыз сотталғанын айтып, халықаралық ұйымдардан пікір айту еркіндігі мен сөз бостандығына қол сұғушыларға шара қолдануға, Қазақстан басшыларына санкция салуды сұраған.

«Бізді қамау, қылмыстық тұрғыда қудалау және бес жылға соттау – саяси тапсырыс. Ол өзгеше ойлайтындармен күресуге, пікірін ашық айтатын, Қазақстан азаматтары мен қазіргі үкімет арасында конструктивті диалог орнатуға тырысатын оппозициялық көңіл-күйдегі Қазақстан азаматтарын қорқытуға бағытталған. Сот біздің кінәмізді дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін ескермеді, біздің кінәсіздігіміз жайлы бірде-бір айғақты қараған жоқ, құқықтарымыздың бұзылғанын елемеді, сот Қазақстан Конституциясы мен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні» бұзды. Әншейін хаттама ережесін сақтау мақсатында көзбояушылық үшін өтті. Жалғыз мақсаты – Қазақстан азаматтарын қорқыту» делінген хатта (Азаттық радиосының аудармасы бойынша).

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялаған «Бесеудің хаты». Ксерокөшірме нұсқа. Фото: Facebook / @toregozhina

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялаған «Бесеудің хаты». Ксерокөшірме нұсқа. Фото: Facebook / @toregozhina

18 қазанда жазылған хатқа «13-тің ісі» бойынша сотталып, түрме жазасына кесілген төрт азамат – Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов және Ұласбек Ахметов қол қойған.

Қазақстан сот билігінің шешіміне наразылар «саяси іс материалдарының барлығы» адвокаттарда екенін айтып, халықаралық ұйымдардан заңсыздықты тоқтатуға және әділдіктің орнауына септесуін сұраған.

Өткен дүйсенбіде, қазанның 11-і күні Алматы қаласының соты «тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты» деген күдікпен істі болған 13 белсендінің барлығын айыпты деп таныған. Бұған дейін (2018 жылғы 30 қарашада) дәл осыған ұқсас айыппен белсенді Әсет Әбішевке 4 жыл абақты жазасын кескен Алмалы ауданы сотының төрағасы Ернар Қасымбеков бұл жолы да  артында 12 баласы қалған төрт бірдей белсенді: Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетовті 5 жылға бас бостандығынан айырды. Тағы 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, үкіммен келіспеді. Белсенділер үкімді апелляцияға беретінін айтқан.

Сонымен қатар, биыл ақпанда өзін «Еститін мемлекет» деп санайтын Қазақстан билігіне қатаң ескерту мәнінде қарар арнаған Еуропарламентке қазақстандық «саяси тұтқындар» атынан жолданған хатқа қол қойған бесінші белсенді, сарапшылар мен саясатшылар «бәлелі», биліктің «арқанына» айналған 405-баппен (Қылмыстық кодекс) айыпталған Ұласбек Ахметов те қыркүйек айында екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Бес белсендіге тағылған айып Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған, бірақ Еуропарламент «оппозициялық ұйым» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалыстарымен байланысты. Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірер жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.

Биыл жаздың ортасына қарай халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінің Қылмыстық кодекстегі «Экстремизм» бабын өзін өткір сынайтын азаматтық белсенділерді қудалауға қолдануын қатты айыптаған.

Әлемдегі және елдегі құқық қорғаушылар Қазақстан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын саяси бағдар тұтқалы азаматтық-саяси ұстанымы үшін істі болатындар қатары едәуір артқанына алаңдайды. Батыс депутаттары осы жылғы қыста жасаған мәлімдемесінде ҚДТ және Көше партиясына қатысты кез келген іс қоғамда «табу» тақырыбына айналғанын сынаған. Қазақстан депутаттары аталған ұйымдарға қатысы бар деген айыппен сотталған азаматтар туралы пікір білдіруден мейілінше тартынады.

The Qazaq Times