Кеше, 3 тамызда астананың №2 Сарыарқа аудандық соты "қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Ербол Есхожинді 2 жыл 6 айға қамау туралы үкім шығарды. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Белсенді айыбын мойындаған жоқ. Бұл жайлы Азаттық радиосы жазды.
Сайт мәліметінше, істі судья Сабыржан Кәрімов қарады. Сот онлайн режимде өтті. Судья сотта "Есхожиннің кінәсі сотта толық дәлелденді" деп мәлімдеді.
Ербол Есхожиннің өзі соңғы сөзінде жалған, дәлелсіз айыптармен қамауда отырғанын, тек Конституциямен берілген құқығын пайдаланғанын, ол үшін өзін кінәлі санамайтынын айтты.
"Мен өзімді кінәлі деп санамаймын және істеген әрекетіме өкінбеймін. Мен басқа отандастарымды өз пікірлерін айтуға, биліктен қорықпай, талап қоя білуге, конституциялық құқығын пайдалануға үйрете алсам, ол менің жеңісім. Батыс аймақта ереуіл көбейді, жұмысшылар жалақы талап етіп жатыр деп естідім. Бұл азаматтық қоғамның оянғаны деп білемін" деді ол.
Сот үкіміне сай, Есхожин жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.
2019 жылдан бері елдегі әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген белсенді, 44 жастағы Ербол Есхожин 2020 жылдың 22 желтоқсанынан бері қамауда отыр. Ол соңғы екі жылда "заңсыз шеруге қатысты" деген айыппен алты рет қамалып, соңғы бес айды санамағанда жиынтығы 85 күн абақтыда отырған. Бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұлға іліккен.
Қазақстанда Ербол Есхожинмен қатар ондаған белсендіге Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айып тағылған. Қазір Алматыда13 белсендінің соты өтіп жатыр.
22 маусымда астана соты тағы бір азаматтық белсенді Асқар Қайырбекті де 1,5 жылға бас бостандығынан айырып, бес жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салған.
Қазақстан билігі шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын жақтайтындарды жиі қудалап, жауапқа тартады.
2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
2020 жылы мамырда астана соты тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп танып, оның да қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі екі ұйымға тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Әблязов пен жақтастары сот шешімінің саяси астары бар деп санайды.