Прокурор "Тыйым салынған ұйымды құруға атсалысты" және "жұмысына араласты" деп айыпталған 13 белсендінің төртеуіне 5 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады. 

Басылымның жазуынша, сот отырысына тергеу изоляторынан қатысқан бес белсенді қолдарына плакат ұстап шыққан. Онда белсенділер Еуроодақ, АҚШ, Канададан Қазақстанда пікірін ашық айтқан белсенділердің қудаланып жатқанын айтып, астанаға санкция салуға шақырған.

Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыларға төмендегідей жаза сұрады:

  • Абай Бегімбетов - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Асхат Жексебаев - 5 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Қайрат Қылышев - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
  • Ноян Рақымжанов - 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуға тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған).

405-баптың 2-тармағы бойынша айып тағылғандар бойынша:

  • Аспандиярова Дәметкен - 1 жылға бас бостандығын шектеу;
  • Бақдәулет Әлібеков - 1 жыл бас бостандығын шектеу,
  • Диана Баймағамбетова - 2 жылға бас бостандығын шектеу
  • Гүлзипа Жаукерова - 1 жыл бас бостандығын шектеу
  • Нинагүл Жұманиязова - 1 жыл бас бостандығын шектеу
  • Ермек Қозиев - 1 жылға бас бостандығын шектеу.
  • Марат Құрбанов - бір жылға бас бостандығын шектеу
  • Болат Смағұлов - 1 жылға бас бостандығын шектеу
  • Дархан Уәлиев Дархан - 1 жылға бас бостандығын шектеу.

13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Олардың барлығы - қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

2020 жылы астананың Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.

The Qazaq Times