Қазақстан Үкіметі шетелдік бірнеше вакцинаны тегін, бірақ ел көптен күткен, қоғам сұранысы зор Pfizer екпесін ақылы ететін құжат қабылдамақ.
«Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК (Ведомствоаралық комиссия – QT) тапсырмасына сәйкес, жұртты ерікті түрде ақылы негізде вакцинациялау үшін Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасын нарықта сату мүмкіндігі туралы үкімет қаулысының жобасы әзірленді», – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сейсенбідегі дәстүрлі үкімет отырысында прмьер-минстр Асқар Мамин алдын ала сөз байласқандай кейіпте министр Алексей Цойдың ұсынысын қуана қолдады.
«Адамдардың өздерінің тандауы бойынша қажет вакцинаны ақылы түрде алу мүмкіндігі болуы үшін вакцинаны коммерциялық нарық сегментіне жеткізу туралы ұсынысты қолдаймын», – деді үкімет басшысы.
Маминнің айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина алатын халық санаты кеңейеді. Қазір 7 өңірде салынып жатыр. Олар – Алматы мен Шымкент қалалары, астана және Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан облыстарында басталған. Ал вакцинаның екінші партиясы 20 қарашаға дейін жеткізілмек.
Әзірге көлемі 4 млн доза болатын Pfizer вакцинасы тек жүкті, бала емізетін және кәмелетке толмағандарға салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2 млн адамды иммундауға жеткілікті. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда 12-18 жас аралығында 1,7 млн бала бар, жылына 400 мың бала дүниеге келеді. Билік айшықтаған санатқа жатпайтын азаматтар үшін министр Цой Pfizer вакцинасымен коммерциялық иммундау мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. Дегенмен бірқатар сарапшылар ресейлік Спутник V вакцинасы мен өзге де қытайлық екпелер осы уақытқа дейін миллиондаған адамға тегін салынғанын ескерсек, биліктің бұл қадамы қисынсыз, әділдік принципіне қайшы деген көзқараста.
10 қараша күні Қазақстанға Pfizer компаниясынан 379 080 доза вакцина жеткізілген.
22 қарашада елде ревакцинация науқаны басталады. Осы тұста үшінші доза ретінде Pfizer екпесін алуға мүмкіндік берілмек. Алайда әу баста 2 млн адамға қос дозадан 4 млн компонент мөлшерінде жоспарланған міндеттің әзірге толық нұсқауы бекітілмеді.