Қазіргі дүние келбетінен ағылшын мен қытай әлемі арасындағы шарпысуды көріп отырмыз. Қайшылықтың бір жағында жұмсақ бірақ жымысқы және іші зәрлі қытайлық пәлсапа, енді бір жағында тереңіне құрық түгіл құдық жұтылып кетерлік «ағылшындық суық ақыл» тұр. Әрин, Қытай бұл күнде әлемнің ірі экономикасын иеледі, технологиясы, әскери қуаты дамыды, халқының саны әлемнің 6/1 шамасында, алайда Батыстан бір дауыс «бұл сенің дәуірің емес» дейтіндей.
Жаңа тәж тәрізді вирустың (коронавирус) эпидемиясы, Гонконг пен Шыңжаң мәселесі және қытайлық Huawei компаниясы мен 5G технологиясына қатысты мүдделік, ұстаным қайшылықтарына байланысты соңғы жылдары Британ-Қытай қатынасы салқындап кетті. Ағылшындық British Foreign Policy Group осы аптада жария еткен сауалнама нәтижесі көрсеткендей, көптеген британдықтар (41 пайыз қатысушы) Қытайдың өсуі Британия үшін қауіпті деп санайды, бұл көзқарастағы британдықтар саны бұрынғыдан 11 пайызға көбейген. Сондай-ақ, Бейжіңмен экономикалық байланыс орнатуға қарсылардың қатары да көп. Жақын арада, ағылшын-қытай қарым-қатынасы жақсарып кетпейтін сыңайлы. Бұл дағы жоғарыда аталған себептерден тыс болмай қоймайтын жағдай еді. Сауалнаманы талдаудан бұрын арыдан біраз әңгіме қозғап көрелік.
Дәуір тізгіні кімнің қолында?
Ертедегі Қос өзен алабы елдері, Мысыр, Грек пен Рим, Орта жазықты бағындырған династиялар, сақ, ғұн, түркі, берісі Шыңғыс империясы, кезегіне қарай араб пен парсы да, тағысын тағылар бәрі де өз-өз заманында өзге елдерді өз ережелеріне иліктіріп, дәуірдің тұтқасын ұстаған. Ғылым-білім, дипломатияға өз тілдерін орнатқан. Ал, он тоғызыншы ықылымнан, тіпті одан бұрыннан бастап ағылшындардың, (анығында Англия қашан теңіз қожасына айналғаннан бастап) осы тарихи орынға ұмтылғанын көреміз.
Әрине, тарих жилігі қысқарған дәуірде француз, неміс, орыс, жапон, испан, италиян, тіпті анадолы түріктері де оған бәсекелес болуға тырысқан. Дегенмен, екі реткі Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде ағылшынға теңдесетін, оның орнатқан жаһандық ережесіне қарсы тұратын күш болып социалистік лагер – Кеңес одағы ғана қалды. Бірақ, қалай жүрсе де томаға-тұйыққа алып баратын жүйе ең үлкен социалистік лагерді ыдыратып, көзге көрінбейтін ағылшын мүддесі үстінде әлемнің жаңа бейнесі біртіндеп қалыптана берді.
Мойындаймыз, бұл таласты мәселе. Америка Құрама Штаттары деп аталатын алып елдің қасында ағылшын аралы (оның өзінде арал тұтасымен ағылшындікі емес) әлемге қайтып қожа болсын дейтін заңды сауалдар бар. Алайда, біз «ағылшынның суық ақылы» қалыптаған картинаны ғана көріп отырғандаймыз. Онда Құрама Штаттар демократиялық құндылықтардың, әлем экономикасының, финаныс-қаржысының, зияткерлік жетістіктерінің, қорғаныс пен ғылым-техниканың көшбасшысы. Дегенмен, геосаяси қадам мен дипломатияда ешқашан бөлінбейтін «Бес көздің» төбесінде Британияның орыны Құрама Штаттардан жоғары. Британия, АҚШ, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия бөлінбеген біртұтас геосаяси үйек және бір әлем. «Британия – Американың анасы» дейтін сөздің маңызы тереңде жатса керек. Бұған қоса, ағылшын тілі ана тілі саналатын адамдардың саны әлемде үшінші орында тұрғанына қарамастан, әлемге ең көп тараған тіл ретінде ағылшын аралының тілі халыралық қатынастар тіліне айналған. Үш алып мұхиттағы сан-санақсыз аралдарға да иелік ететін Біріккен Патшалық (United Kingdom/UK) әлемде бірден-бір «ұлы» сөзіне тіркеліп, Ұлыбриания деп аталады.
Көшбасшылыққа төнген қауіптер
Британия тарихында француздармен ғасырлық соғыс жүргізгенін білеміз. Жеңіс пен жеңіліс алма кезек ауысқан ғасырлық соғыстың соңында бәрі бірдей ағылшын басым түсіп, теңіз-мұхит державасына айналды. Отарлау дәуірлерінде Оңтүстік және Батыс Еуропа отаршыларды Африканы, Оңтүстік, Солтүстік Американы иеленді. Соңғы империялар Ресей, Осман, Австрия-Венгрия Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін ыдырады. Бұнда да Британияның үлкен рөл ойнаған, себебі, осының бәрі Англия билігі үшін қауіп болатын. Өткен ғасырдың бірінші жартысында Кеңес одағы күш алып, социалистік лагер кеңейе түскенде Англия билігі Германияны оған балама күш ретінде көтеруге мүмкіндік жаратты. Ал, әлемді қайта бөліске салғысы келген неміс, жапон, италия біріккен Екінші Дүниежүзілік соғыста АҚШ пен Англия Кеңес одағына үлкен қолдау көрсетті. Жаһан соғысынан жарты ғасыр өткеннен кейін Кеңес одағының өзі де ыдырап кетті.
Социалистік лагердің ендігі мұрагері, тонын өзгертіп «Қытайша социализм» деген капитализмның өзіндік формасын ұстанған Қытай реформадан кейін дүр сілкініп, қысқа уақытта қарқынды экономикалық дамуға ие болды. Кезінде Кеңес одағына қарсы әрекеттер қатарында АҚШ Қытайға белгілі деңгейде мүмкіндіктер беріп отырғаны бар. Айталық, «Бір Қытай пренципін» мойындап, Тайуанмен дипломатиялық қатынастарды үзді. Қытайдың экономикалық өсуіне мүмкіндік беретін батыстық кәсіпорындар Қытайға алғыдды. Батыс инвестициясы бірнеше он жылда Қытайдағы миллиондаған шаруаны өндіруші, кәсіпкер, инвестр, технология гиганттарына айналдырып жіберді. Соңында экономика, дипломатия, қорғаныс жақтарында құдіреттене түскен Қытай Батыстың өзіне де қатер төндірді.
Британдықтардың Қытайға деген көзқарасы
Жоғарыда атап өткен British Foreign Policy Group-тың әлеуметтік сауалнамасына қайтып оралайық. Қатысушылардың 22 пайызы ғана Британияның Қытаймен қандай да бір экономикалық келісім жасасуына қарсы емес, ал 15 пайызы ешқандай келісімді көргісі келмейді, тек 13 пайыз қатысушы ғана Қытайдың Британиялағы инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын қолдайды.
Британияның Қытайдағы адам құқығының қорғалуына күш салуын қолайтындар – 40 пайыз. Қытайды жаһандық жауапкершілікті сезінеді деп санайтындардың саны – 21 пайыз ғана. Ал, бұл қатарда АҚШ 43%, Канадада 89% Жапонияда 59%, Еуропалық Одақта 60% , Үндістанда 40% пайызды иелепті.
Қазір Британ билігі Еуропа Одағы құрамынан шыққаннан кейінгі өзінің сыртқы саясатын анықтау процесі үстінде. Батыстық демократиялы елдерде қоғамдық сауалнама жай ғана кім нені ойлайды деген сөз емесі белгілі. Ондағы қоғамдық пікір мен көңіл-күй саясатқа тіке әсер етеді және түптеп келгенде мемлекеттің шешім қабылдауына ықпал етеді. Аталған сауалнама нәтижесінен кейін Британияның Қытайға жұрт күткеннен де салмақты, қатқыл саясатқа көшетінін болжай беруге болады. Бұл және бұған Гонконгтың Қытайға өткеріліп беруінен кейін басталған Британ-Қытай арасындағы дипломатиялық «Алтын дәуірдің» ақырласқанын да білдіріп отыр.