Ақпарат құралдарының тікелей қатысуынсыз, онлайн эфирсіз жабық жағдайда өткен Парламенттің алғашқы бірлескен отырысында президент Тоқаев сөз сөйледі. Ол тәуелсіздіктің 30 жылдығында «нақты нәтижеге негізделген кешенді реформалар» жүргізуге уәде берді.

Тоқаев түсінігіндегі Парламенттің жұмыс істеу стилі

Тоқаев жаңа шақырылым мүшелерінің миссиясын жұқалай сөз етті. Оның сөзінше, «депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн», «керек» емес.

«Парламент – ел мүддесі үшін тер төгіп, аянбай қызмет істейтін қайнаған жұмыстың ортасы. Халқымыз бізден оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал. ...Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. ...Парламенттің заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар екенін білесіздер. ...Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс», – дейді президент.

Сондай-ақ, Тоқаев сөзін «менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс» деп толықтырды. Бұдан былай заң жобаларын дайындауға «қоғам өкілдері мен сарапшылар барынша атсалысуы керек».

  Тоқаевтың «реформа» туралы екінші пакетінде не бар?

Тоқаев бала құқықтарын қорғау мәселелері, «жастардың әлеуметтік қызметтері» жайлы және «әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр» деп бағалаған Омбудсмен институты, «Қоғамдық бақылау туралы», яғни онлайн-петиция институты ресімдеу бағытында арнаулы заң қабылдауды тапсырды. Осы сайлауда «көппартиялықты дамытуға және парламентаризмді нығайтуға едәуір серпін бердік» деп санайтын президент бес жылдан кейін өтетін келесі шақырылымда «заңды тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыру үшін Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендету керек» дейді. Сайлау жөнінде барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген нұсқа енгізіп, аудан әкімдерін сайлайтын кез келгенін айтты. Бұған дейін ауыл басшыларын сайлау туралы бастама көп сөз болған. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді.

ЕҚЫҰ байқаушылары «шынайы бәсекесіз және демократиялық талаптарға қайшы өтті» деп бағалаған биылғы сайлау оның пікірінше, «саяси бәсекені арттыруға оң ықпал еткен».

Сөз райына қарағанда реформалауды соңына дейін жүргізіп, «әлі де түйткілі таусылмаған» сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу керек. Оның айтуынша, сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс.

Тағы бір мәселе – аймақтардағы инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 3,5 мыңнан астам ауылды заманауи талаптарға сай жаңғыртуға уәде берді. Сертке сенсек, республикалық қана емес, ауылға апаратын жолдар 100% жөнделетінін айтады.

Былтырғы өзі жариялаған саяси реформалардың бірінші бөлігін  «партияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, елідің демократиялық дамуына серпін берді» деп өзі баға берді. Бүгін жарияланған реформалардың екінші бөлігін әзірлеуде көптеген саяси күштердің (парламентке өткен-өтпеген партиялар, Ұлттық кеңес мүшелері, басқа да сарапшылар – Тоқаев)  ұсыныс-пікірлері ескерілген көрінеді.

Тоқаев сөзінің соңғы бөлігінде «адам құқықтарын толық қорғау» жайлы сөйледі. Мәселе аясы тек сайлау бюллетеньіндегі қарсылық пункті мен омбудсмен институты төңірегінде шектелді. Аймақтардағы жергілікті биліктің үстінен көп арыз-шағым түскендіктен, ондағы Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту қажет. Ол «жаңғырудың негізгі қағидаты – өзгерсті эволюциялық жолмен жасау» дейді.

«Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат»

© Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұған дейін былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңындағы сөзінде Тоқаев биыл саяси реформалардың жаңа жиынтығы жарияланатынын айтқан. Ол «елді саяси тұрғыдан жаңғыртуға мүдделі» екенін жеткізіп, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидатын дамытуға бағытталған еліміздегі демократиялық өзгерістерге жаңа серпін береді деп сендіруге тырысқан.

Тіпті көктемгі карантин кезінде асығыс-шалажансар қабылданған сайлау, митингтер және партия құру туралы заңдардағы өзгерістерді «саяси реформалардың алғашқы легі» ретінде атайды.

Осы жолғы сайлауда кейбір ақпарат құралдары мен көптеген тәуелсіз бақылаушылар әртүрлі шектеулерге ұшырап, барлық өңірлерде кедергілерге тап болған. Қоғамдық ұйымдар сайлау барысында дауыс беруге қатысты жүздеген заңсыздықтар тіркелгенін айтады. Сол бойынша ОСК, сот және халықаралық ұйымдарға шағым түсіріп жатыр. ЕҚЫҰ өрескел әрі жүйелі кемшіліктер орын алғанын, Еуропа одағы мен АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті алаңдаушылық білдірген. Халықаралық адам құқықтары сайлау күнгі адам құқықтарының бұзылуын сынап, билікті өз міндеттемелерін орындауға шақырған. Ал Қазақстанмен етене ТМД және Қытай байқаушылары оң бағалаған еді.

"The Qazaq Times"