10 қаңтар Қазақстанда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауын бақылаған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) байқаушылары «шынайы бәсекесіз әрі демократиялық талаптарға қайшы өткенін» айтып, нашар бағалады.
ЕҚЫҰ мүшелері бүгін, 11 қаңтар түсте астанада сайлауға сыни бағасы басым брифинг өткізді. Ұйымның қысқа мерзімді бақылау миссиясының жетекшісі әрі арнайы координаторы Кристиан Вигенин азаматтық пікірін білдіруге шыққандарға жасалған қысым мен сайлау барысындағы өрескел кемшіліктерге тоқталды. ЕҚЫҰ азаматтық қоғам сынына төзімсіз астана «еркін дауыс беру, сайлауға түсу, сайлаушыларды тіркеу, сайлау нәтижесін жариялау бойынша көптеген ұсынысты әлі жүзеге асыру үшін жұмыс істеуі» тиіс деп санайды.
«Парламенттік сайлауда Қазақстанға шынайы бәсеке жетіспеді. Бұл саяси реформалардың қажеттілігін тағы да растады. Техникалық тұрғыдан кейбір заңдар пандемия тұсында болсын өзгергенімен, ...дегенмен, құқықтық база әлі де ЕҚЫҰ міндеттемелеріне сәйкес келмейді. Ұзақ мерзімді қажет ететін жүйелі кемшіліктер бар. ...Біз елдегі сайлау кезіндегі саяси ахуалға алаңдаймыз. ЕҚЫҰ плюларизмді, еркін әрі белсенді азаматтық қоғамның дамуын қалайды. Біз президент ұсынған «еститін үкімет» концепциясы әр адамның дауысы естілуіне мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Вигенин.
Халықаралық ұйым бақылаушылары сайлау күні «жалпы тыныш болғанын», бірақ жергілікті бақылаушыларға кедергі келтіліргенін, комиссиия құрамы алаңдаушылық тудырғанын сынады. Ұйым кейінгі жеті жылда елде жаңа партияның тіркелмегеніне және бейбіт жиын деген жирыла қалатын билік реакциясына алаңдаулы.
«Саяси алаңда билік партиясы үстемдік құрып отыр, партиялар мен үкімет арасындағы айырмашылық бұлыңғыр. Себебі сайлауға қатысқан барлық партия билік партиясының саясатын қолдайды. Үгіт-насихатта бәсеке болмады, сайлаушыларда шынайы таңдау мүмкіндігі болған жоқ» деп санайды ұйым.
Сонымен қоса, ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының (ДИАҚБ) бақылаушысы Марчин Ярослав:
«Негізгі еркіндік құқықтарының бұрыннан сақталмай келе жатқанына алаңдаймыз, бұл елдегі саяси кеңістікті тарылтады. Сайлаушыларды шынайы саяси таңдау болғанда, азаматтардың дауысы естіліп, бағаланғанда ғана шынайы демократиялық сайлау болады» – дейді.
2016 жылғы парламент сайлауына қарағанда саны екі есеге кеміген шетелдік байқаушылардың арасындағы ЕҚЫҰ өкілдерінің саны небәрі 42 адам. 10 мыңнан астам сайлау учаскесін түгел қамти алмағанымен, ұйым бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды байқаған. Бірақ Қазақстанның Бас прокуратурасы бұл кемшіліктер мен құқықбұзушылықтарды «болмашы» деп санайды.
1999 жылдан бері Қазақстанда өткен он шақты сайлау процесін бақылап келе жатқан ЕҚЫҰ оның бірде-бірін «демократиялық талаптарға сай» деп танымаған.