«Еркіндік қанаты» қорының Алматы қаласындағы үйлестірушісі Дастан Аққожа редакция тілшісіне сайлау күні құқығы бұзылып немесе сайлау процесінде жіберілген кемшіліктер жөнінде әңгімелеп берді.

№301 сайлау учаскесінде бақылаушыны санақ басталған кезде негізсіз шығарып жіберген. Сағат 20.00-де қолданылмаған бюллетеньдердің санын сұраған бойда бақылаушыны «шығару себебі көрсетілетін» хаттамасыз «қуылған». Оған ұйым атынан құқықтық көмек көрсетуші топтың жетекшісі Аққожа барған.

– Полиция қызметкерлерінің екіжақты позициясын көруге болады. 40 минут бойы бақылаушы сыртта хаттаманы күтіп тұрды. Комиссиядан өзге бөгде адамның кіріп-шығуға тыйым салынғанына қарамастан қалай екені белгісіз әйтеуір полицей учаскесіне кіріп, хаттаманың мөр басылған көшірмесін алып келіп берді. Біз (ұйым белсенділері – QT) сыртта кейінгі қадамды ақылдасып тұрғанымызда төрт полицей келіп, түсініктеме жазу үшін бөлімшеге бару керектігін айтты. Не үшін деген сұрағымызға «мұнда тұрғандарыңа» деп жауап берді. Такси күтіп тұрғанымызды білген соң жіберді. Сонда да кеткенімізше бақылап тұрды, – дейді дейді оқиға орнында болған бақылаушылар координаторы.

Ұйым «сайлау қорытындысының шынайылығына күмән» келтіреді. Себебі хаттамада «оның күні бойы кедергі келтіргені және сайлаудан кейін тамақтануға бару сияқты адами факторларды түсінбегені жазылған». «Егер дәл осылай бақылаушы күні бойы сайлау барысына кедергі жасаған болса, мазаласа, онда неге оны сол уақытта емес, сайлау учаскесі жабыларда шығарып жіберді  деген қызық сұрақ туады» дейді ол.

1995 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған №2464 конституциялық заң «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңының  (одан әрі – Заң / QT) 8-тарауы 43-бабының 3 және 3.1 тармақтары бойынша, дауыс беруге арналған «жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн ашуға тиiс» (3-тармақ) және «жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiміне сәйкес бюллетень алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi» (3.1-т.), сондай-ақ «жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды» (4-т.).

№125 орта мектеп орналасқан №301 сайлау учаскесінің төрайымы Шамшинур Бакиевадан аталған талаптардың орындалуын еске салған ұйым бақылаушысын шығарып жіберген. Ұйым қолында оқиға фабуласын растай алатын видео материал барын айтады.

Оразайдың бір күні

Осыған ұқсас қысымның бір түріне бақылаушы Оразай Қыдырбаев Алматыдағы №187 мектепте орналасқан №542 сайлау учаскесінде тап болған.

Координатордың айтуынша, дауыс санау уақыты басталар бұрын өз аты-жөнін атаудан бас тартқан «қара маска тағып, қара киім киінген» белгісіз ер адам учаскеден күштеп шығарып жіберген.

Күні бойы учаскеде болған бақылаушы дауыс саналар кезде жәшіктен 15 метр қашық жерге отырғанын, көрінбейтінін айтып, жақындауға ниет білдірген. Кенет «қайдан екені белгісіз қара киінген жігіт» пайда болып, жекіп-дөрекілік танытқан. Бақылаушыларға бұйыра-нұсқай сөйлеп шу шығарған оған комиссия мүшелері мен төрайымы Сарқыт Малибекова араша түспек түгілі шара қолданбапты. Бейтаныс жігіт «учаскеде төрағаның айтқаны – заң» деп долданып қоймай, қасындағы адаммен бірге Қыдырбаевтың қолынан жұлқып жүріп-сүйрелей шығарып жіберген. Есікті ішінен кілттеп алған көрінеді. Бұл туралы сайлау күні Азаттық радиосы да жазды.

Оразай «әділ сайлау үшін» бақылаушы ғана болумен қатар, Telegram желісінде «Бақылаушы күнделігі»-н жүргізеді. Оның дерегінше, өзі бақылаған учаскенің сайлаушылар тізіміндегі «2010 адамның шамамен 300-400-і» ғана саяси науқанға қатысқан.

Бес бірдей учаскедегі әбігер

Ерменсай шағын ауданындағы №183 мектепте орын тепкен тағы бір №489 учаскеде санақ басталуға таяған шақта аяқ астынан комиссия төрағасы Бейбіткүл Таукенованың денсаулығы нашарлап, жедел жәрдемге жүгінгенше барлығы бақылаушының өзін жалғыз қалдырып кеткен. Комиссия мүшелері сайлау орнын тастап шыққан. Төрағаның орынбасары Ғалия Көбеева хаттамаға «қол қоюға» жүрексініп, мөрсіз беретінін айтқан. Осы жайлы ОСК-ға хабарласқан Аққожаның естіген жауабы бұлдыр болған – «бұл жағдайға сенер-сенбесін білмейді».

Қала орталығындағы №163 мектеп-лицейде Индира Абдикашева төрағалық еткен №384 учаскенің комиссия мүшелері бақылаушының ар-намысына тиіп қысым көрсеткен.

«Жеке басына қол сұғып, «еркек деген осындай бола ма?» деген сияқты сөзбен психологиялық-моральдік тұрғыда күштеген. Қуып жіберетінін айтып, қайта-қайта ескерту жасады. Соның салдарынан сайлаудың соңына дейін отыра алмай, кетіп қалды», – дейді.

№145 мектептегі №236 учаскенің жетекшісі Алмаз Абыханов бақылаушыға хаттаманың көшірмесін «айтысып-тартысып жүріп әрең» берген. Ал ҚазҰУ-да Гүлнәр Айгаровина басшылық еткен №259 сайлау учаскесінде бақылаушыны тіркеуде қиындық туындаған. Ол тілшілердің араласуынан кейін ғана учаскеге кіргізілген.

Таңғы сағат 7.00-де тағы бір бақылаушыны адам көбейіп кетті деген себеппен кіргізбей қойған. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі әрі бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың былтырғы 25 желтоқсандағы №69 қаулысында шектеу жоқ.

ОСК бейхабар «ПТР жыры»

ПТР тест тапсырудың өзі «машақат-жыр болды» дейді ол. Қала шетіндегі №176 мектепке барып сынама алынып, қортындысын 36 поликлиника қаулыда көрсеткен уақыттан кешіктіріп берді.

«Қаулыдағы 8-ші тармақта «тест талдауын материал алған сәттен бастап 2 тәуліктен кешіктірмей берілуі керек» делінген. Тестті қаңтардың 5-і емес, ертеңінде таңғы 8.00-де тапсырдық. Қорытындыны уақытынан кешіктіріп «асып бара жатса, 9-ы аласыңдар» деді, сәйкесінше сол күні түстен кейін алдық. ПТР тестінің заңдылығын растайтын мөр мен қолды әуелде керек емес деп, артынан қойып берді.  ОСК-ға хабарласып сұрағанымызда, олар білмейтінін, сайлауға бірнеше сағат қалғанда кейіннен жауап беретінін айтты», – деп әңгімеледі Аққожа.

Ұйымның біліктілік курсынан өткен 11 адамның біреуі облыс және қалған оны қаладағы учаскелерде сайлау барысын бақылаған. Қала бойынша бес-ақ учаске хаттама көшірмесін берген. Қазіргі таңда 141 бақылаушы қол жеткізген барлық хаттамалар жиналған, енді ОСК-ға жіберілмек.

Сейсенбі күні ұйым төрайымы Елена Швецова осы жолғы сайлау «тарихтағы ең қиын және әділетсіз өткенін» айтып, ресми мәлімдеме жасады. Швецованың айтуынша, былтыр қараша айынан бері қордың салық есептілігін сылтауратқан құзырлы органдар кемшілік іздеп, кедергі жасауға тырысқан. Қысымның ең ауыры – 4 желтоқсандағы ОСК қаулысы мен 29-ындағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы болған. Екі бірдей қаулының мазмұны «тәуелсіз бақылаушылардың функцияларын шектеген».

Өткен күнде белгі бар

10-11 қаңтар күндері Қазақстанда өткен парламенттік сайлау тәуелсіз бақылау институты мен оны жүзеге асырушы қоғамдық ұйымдарға жасалған түрлі қысыммен, сайлау кезіндегі әр алуан құқық бұзушылықтармен есте қалды. Ерікті бақылаушылардан бөлек ақпарат құралдарының сайлау учаскесінен хабар таратуына кедергі жасалды. Тәуелсіз бақылаушылардың көпшілігі сайлау аяқталарда және есептеу кезінде бірқатар заңсыздықтар орын алғанын алға тартады. Дайындаған бақылаушысының кейбірі сайлау учаскесіне жіберілген «Жас сайлаушылар лигасы» ұйымы сайлау күні 168, «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі 25 заңбұзушылық анықтаған.

Астанамен етене Қытай және орыс тілі қолданысы сақталған елдерден келген ШЫҰ, ТМД байқаушыларының оң, ал ЕҚЫҰ миссиясының «шынайы бәсекесіз әрі демократиялық талаптарға қайшы өтті» деген бағасын алды. Батыс байқаушылары осы уақытқа дейін Қазақстанда өткен сайлаудың ешқайсын «демократия талаптарына сай» деп мойындамаған.

Еуропа одағы «сайлаушылар таңдау құқығынан айырылғанын» айтса, Қазақстанның Бас прокуратурасы сайлау күні өрескел қателік байқалмады, кейбір фактілерді «болмашы кемшілік» деп санайды. Жексенбідегі саяси науқанда наразылық білдірген оппозициялық топтар аяздыгүні 7-10 сағат бойы арнайы жасақтың қоршауында болды, республика көлемінде 200-ге жуық адам ұсталды.

Қазақстан халқына репрезентативті бола алатын көлемді сауалнама жүргізген Сандж зерттеу орталығының мәліметінше, «Нұр Отанды» қолдау 71% емес 56%болған. «Ақ жол», «Адал», «Ауыл» партиялары міндетті межеден жоғары дауыс алған. Керісінше, ҚХП (бұрынғы коммунистер) жеті пайыздық межеге жетпей қалған. Сайлау қорытындысы бойынша әдеттегідей «үшем партия» мәжіліске өткен.

"The Qazaq Times"