«Еститін мемлекет» құруды көксейтін Тоқаев демократияға жол ашатын саяси реформаның жаңа топтамасы әзірленіп жатқанын, оны алдағы жылдың басында жариялайтынын мәлімдеді.
Президент Тәуелсіздік күніне арналған мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде:
«Тәуелсіздігіміздің 29 жылы күрделі әрі әдеттен тыс сүрлеуде өтті. Мұндай тағдырлы сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Болашақ ұрпақ күресімізді лайықты бағаларына сенімдімін. Әлемдік ауыр тауқыметті еңсерген бойда біз алдымызға бұдан да батыл мақсаттар мен міндеттер қоямыз», – деп уәде берді.
Ол 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялайтынын хабарлады. «Өткенді саралау» мақсатында келесі жылды елдік тұрғыда «нақты істермен және жаңа жобалармен» өткізбек көрінеді.
«Біз басы артық акциялар мен пафостық іс-шаралардан бас тартамыз, барлық жұмыс барынша прагматика түрінде, үнемдеу арқылы жүргізіледі. Экономика, әлеуметтік сала, экологияда жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Халықтың барлық тобын, әсіресе жастар мен әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мұқтаждық-қажеттіліктеріне жіті назар аударамыз», – деген ол әлеуметтік саясатта атқарылған «шаруаларды» баяндады.
Тоқаев пандемияның көктемгі толқыны екпін ала бастаған тұста асығыс қабылданған бейбіт жиналыстар, саяси партиялар және сайлау туралы заңдарды «саяси өзгеріс» ретінде атады. Сонымен қоса, Парламент атқаруы тиіс жүкті көтерген Ұлттық кеңестің бастамасымен 9 заң қабылданғанын атап өтті. Марапат үлестіргені де осыдан.
«Біз елде саяси жаңғырту үдерісін жалғастыруға нық ниеттеміз. Қазір ендігі жылдың басында жарияланатын саяси реформалардың жаңа жиынтығы дайындалып жатыр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға, әділеттілік пен тең мүмкіндіктер қағидатын ілгерілетуге бағытталған еліміздегі демократиялық өзгерістерге жаңа серпін береді», – деп жіптің ұшын көрсетті Тоқаев.
Алдағы жылғы тәуелсіз жеке бақылаушылар қызметінің аясын тарылту және тек партиялық тізім арқылы сайлану механизмі сияқты «ерекше шектеулермен» өтетін Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын «ел өміріндегі маңызды оқиға» дейді. Ол саяси науқан «қоғамның жоғары азаматтық белсенділігі мен саяси кемелденуінің көрінісі боларына сенімді» екенін жеткізді. Сонымен қоса, сайлау «мемлекеттіліктің институционалды тұрақтылығын тағы да айқын дәлелдейді» деп толықтырды.
Азаматтық қоғам белсенділері мен тәуелсіз құқық қорғаушылар президент демократияны дамыту туралы көп сөз ететінін, – елде адам құқығы мен саяси өмірге араласуда қысым тыйылмай тұрғанын айтады. Олардың сөзінше, азаматтық белсенділік жөнінде ақпарат министрлігі мен президент жиі айтады, алайда құзырлы органдар мен күштік құрылымдар тарапынан әртүрлі себепке байланысты айыптау фактілері азаймаған.