Бүгін Қазақстанда парламент сайлауы басталды. Тоқаев «наразылық білдірушілерге ешқандай репрессиялық шаралар қолданылмайды» десе де, Алматы мен астанада сайлауға бойкот жариялап, митингіге шыққан жүзден астам адамды полиция ұстап әкетті. Митинг белгіленген аумақта ғаламтор бұғатталып, журналистердің хабар таратуы қиындады.

Сағат 12-ден бері Алматы полициясы «Астана» алаңында 40 шақты адамды ұстады. 15-20 адамнан тұратын наразылық білдірушілер тобы Панфилов көшесінің бойында, тағы бірнеше адам Төле би мен Панфилов көшелерінің қиылысында арнайы жасақ қоршауында қалды.

Алматыда арнайы жасақ өкілдері парламент сайлауына бойкот жариялап, митингіге шыққан тіркелмеген «Демпартия» мен «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының өкілдерін түскі сағат 12-ден бері әлі қоршап тұр. Полиция белсенділерді дәретханаға да жібермеді. Фото: QT

Наразылар «Шал, кет!», «Нұрсұлтан, отанымды жемеш», «Назарбаев кетсін!», «Сайлауға бойкот», «Нұр Отан – сатқындар партиясы» деп ұрандады. Оларға қоршау сыртында тұрған бір топ адам кедергі келтіріп, барынша тоқсауыл болуға тырысты.

Бұған дейін полиция тіркелмеген Демократиялық партияның жақтастары өткізген шеруде кемінде 30 адамды ұстаған. Сондай-ақ, Демпартияның тағы 70 өкілін жасағы мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдерін Сәтпаев көшесінде қоршауға алды.

Арнайы жасақ қоршауындағы Демпартия мен Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілдері. Фото: QT

Сайлау күні таңертең Қазақстан президенті Тоқаев: «Барлық кандидатқа тең жағдай жасалды. Ал үкімет, заңға сай, сайлаудан кейін отставкаға кетуі тиіс. Сайлаудан соң парламентке барып, фракция жетекшілерімен, жаңа депутаттармен премьер министр мен министрлердің кандидатурасын ақылдасамын», – деп мәлімдеген. Алайда Алматыдан бөлек, астана мен Шымкентте де осыған ұқсас ұстаулар болып жатыр. Мәліметтер бойынша, Шымкент пен астанда  әрқайсысында онға жуық адам ұсталған.

10 қаңтар – Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Сайлауға «Nur Otan», «Ақжол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» қатысады. ОСК мәліметінше, бес партия мәжіліс сайлауына – 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам), мәслихатқа 832 кандидат ұсынған. Сайлау ОСК ұйымдастыруымен 232 аймақтық сайлау комиссия өкілдік ететін 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде өтеді.

Саяси ұйымдардың арасында оппозициялық партия жоқ.

Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бұған дейін ешбір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын әділ, ашық өтті деп бағаламаған.

"The Qazaq Times"