Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде сайлау учаскеден ақпарат таратқан The Qazaq Times тілшісі кешкі сағат 17:00-ге қарай учаскеден мәжбүрлі түрде шығарылды. Оны учаскеден шығару туралы АКТ толтырған комиссия төрағасы Төрехан Азаматов журналисте ПТР-тестенің теріс қорытындысын растайтын құжаты жоқ деген уәж келтірген.

Редакция тілшісі 25 шілдеде таңертеңгі сағат 8:20 шамасында Шу ауданы Өндіріс ауылдық округының орталығы Абай ауылындағы №436 сайлау учаскесін бақылап,  ақпарат тарату үшін барған. Бастапқыда учаскелік сайлау комиссиясы тілшінің БАҚ өкілі ретінде құжаттарын тіркеп, сайлау процесін бақылауға рұқсат берген. Сағат 9:30 шамасында тілші Facebook желісіндегі жеке парақшасында сайлау  учаскесіндегі жағдайдан хабар тарата бастағаннан кейін комиссия төрағасы оған шүйліге бастаған.

Азаматов алдымен тілшіден редакциялық тапсырмасы бар-жоғын сұраған. Тілші сұраған құжатты ұсынған.

Ал сағат түскі 13.00 шамасында комиссия төрағасы журналистен ПТР-тест сұраған. Журналист ПТР-тест жасатпағанын айтқан соң комиссия оны шығаруға оқталған. Тілшінің «ПТР-тест не себепті түстен кейін талап етілді?» деген сұрағына комиссия төрағасы «Енді есіме түсті» деген жауап айтты.

Осылайша,  сағат кешкі 17:00-ге қарай The Qazaq Times тілшісін бірнеше полиция қызметкері учаскеден күштеп шығарды. Осыдан соң тілші сайлау процесінің қалған бөлігін учаскенің  сыртынан бақылады. Тілшінің есебі бойынша, кешкі 20.00-ге дейін тіркелген 891 сайлаушының 381-і (42 %) дауыс беруге қатысқан. Алайда сайлаудың қорытынды хаттамасы басқаша шықты. Комиссия есебінше, дауыс беруге сайлаушылардың 562-сі (62%-ы) қатысқан.

«Әділ сөз» қорының заңгері Ғалия Әженованың Азаттық радиосы берген пікірінде қарағанда, нақты жағдайда сайлау учаскесінің өкілдері бақылаушыларды әу бастан тексермей, заңды бұзып отыр.

«Бұл жерде сайлау учаскесінің өкілдері журналисті залдан шығарудың амалын іздеп, тапқандағысы сол ПТР тест болып отыр ғой. Олар ПТР-тесті таңертең сұрауы керек еді. Журналист учаскедегі жағдайды баяндағаннан кейін оның әрекетіне солайша реакция танытып отыр. Бұл жерде сайлау учаскесінің өкілдері неге жұрттың бәрін әу бастан тексермеген? Неге түс кезінде кенеттен журналисті тексерді? деген заңды сұрақтар туындайды», – дейді заңгер.

Сайлау күні түс кезінде ресми деректерде Жамбыл облысы Қазақстан аумағында сайлаушылар қатысуы жағынан алғашқы орында тұрғаны хабарланған. Десе де жекелеген жағдайда журналист тап болған оқиға мен ресми және реалды есептегі елеулі айырмашылық ерекше назар аудартады. Журналисті сайлау учаскесінен қуу жағдайына Алматы облысы Талғар ауданында саяси науқаннан ақпарат таратып жүрген редакция тілшісі Алатау ауылдық округіндегі №844 сайлау учаскесінде де ұшырасты.

"The Qazaq Times"