Осы жолғы мәжіліс және мәслихат сайлауын хәл-қадірінше бақылаған «Еркіндік Қанаты» ұймы жексенбідегі саяси оқиғаны тарихтағы «ең қиын және әділетсіз өткен сайлау» екенін хабарлады.
«Еркіндік Қанаты» қорының атқарушы директоры Елена Швецова мәжіліс сайлауына байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
«Сайлауға бір апта қалғанда Қазақстанның 15 өңірінен бақылаушылар саны 302 адам болды, алайда сайлау күні олардың саны 196-дан 141-ге дейін қысқарды. Бақылаушылар санының күрт төмендеуіне CОVID-19 пандемиясы және инфекция жұғу қауіпі секілді бірнеше себептері болды. Дегенмен, азаматтардың бақылаудан бас тартуының басты себебі – Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының, қалалар мен облыстағы жергілікті басқару органдарының саясаты болды деп есептейміз», – делінген ұйым мәлімдемесінде.
Швецованың айтуынша, былтыр қараша айынан бері қордың салық есептілігін сылтауратқан құзырлы органдар кемшілік іздеп, кедергі жасауға тырысқан. Қысымның ең ауыры – 4 желтоқсандағы ОСК қаулысы мен 29-ындағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы болған. Екі бірдей қаулының мазмұны «тәуелсіз бақылаушылардың функцияларын шектеген».
Ұйым сайлау күні учаскелік комиссиялар тарапынан 18 түрлі жағдайға куә болдық дейді. Тіпті ең жиі кездескен кедергілер мен заң бұзушылықтардың жіктемесін жасаған.
Олар: құжатқа шүйлігу; комиссияның бақылаушыларды тырп еткізбей, «аквариумда» ұстауы және арандату әрекеті; салаушылар тізімін жасырын ұстауы; кейбір учаскелерде бақылаушыларды тіркемей-қуып шыққан; бір кабинаға екі адам кіруі; жәшіктердің пломбалары жартылған; кабинада дауыс беру құпиясын бұзатын бақылау камераларын орналастыру; сайлаушыларға бюллетеньдерді жеке куәлігінсіз үлестіру; қорытынды хаттамаларды бермеу; дауыс санын есептеуді кейінге қалдыру; дезинфекцияны сылтауратып бақылаушыларды учаскеден қуып шығу т.б.