Қазақстанда алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерін сайлау қорытындысын Орталық сайлау комиссиясының орнына билік басылымы жариялады. «Казправда» газетінде жарық көрген ресми нәтижеге сәйкес, сайлауда көбіне «Нұр Отан» кандидаттары мен мемлекеттік қызметкерлер жеңген.
25 шілдеде Қазақстанның 14 облысындағы 2346 әкімнің 31%-ын сайлау науқаны өтті. Алдағы төрт жылға сайланған 730 әкімнің арасында негізінен «нұротандықтар» мен «мемқызметкерлер» екенін байқауға болады. 2297 кандидаттың арасында 730-ы әкім орнына қайта немесе жаңадан жайғасты.
Қалған 45 әкім осы жылдың соңына дейін сайланса, өзге 1571-і ендігі жылы өтеді.
Сайлау қорытындысына қарағанда, Түркістан мен Қарағанды облысында өз-өзін ұсынғандар арасында салыстырмалы түрде жеңгендер көбірек.
Алматы облысында журналисті қуып, «бюллетень ұрлығын» бүркемелеген сайлау
Редакция тапсырмасымен барған QT журналисі ПТР тестінің қорытындысы жоқ деген уәжбен сайлау учаскесінен қуылған Алматы облысында 71 әкім сайланды. Оның 60-ын саяси партиялар және 11-і өзін-өзі ұсынған кандидаттар. 16 ауданнан 225 үміткер әкім орнына таласты. Жеңімпаздардың 39-ы, яғни жартысынан астамы бұрынғы әкімдер. Жалпы сайланған 71 әкімнің 53-і мемлекеттік қызметкерлер қатарында болған.
25 шілде 10 шақты учаскеден бақылауға, ақпарат таратуға тырысқан QT редакциясы халық белсенділігінің өте төмен болғанына көз жеткізген. Мәселен, тілші барған 863-868 арасындағы алты сайлау учаскесіндегі азаматтардың белсенділігі 4,68%-ды көрсетті. Ал редакцияға аяқ бастырмаған және жете алмаған учаскелерде ресми хаттаманың қорытындысында ел «өте белсенді қатысты» делінген. Сайлау аяқталардан жарты сағат бұрын 200 шақты адам келді деген №844 сайлау учаскесі ресми есепте 2 мыңға жуық адам болғаны туралы ақпарат берді. Тілші №843 сайлау учаскесінің дауыс жәшігінен бірнеше бюллетеннің бумасын көрді, аты-жөнінің тұсына қол қойылып, дауыс беру құқығынан айырылған бірнеше сайлаушымен тілдесті. Фальсификация жағдайы тікелей эфирде болғанына қарамастан, Талғар аудандық полиция басқармасы және аумақтық сайлау комиссиясы ешқандай шара қолданбады. Полиция ақпарат құралының арызын қараусыз қалдырған.
Сарапшылар мен тәуелсіз байқаушылар 222 мыңға жуық сайлаушысының 67,5%-ы ғана қатысып, республика бойынша ең соңғы орынға жайғасқан Алматы облысында шын мәнінде жағдай бірнеше есе кем болғанын айтады.
Өзге өңірлер...
Ресми мәліметті өңірлер бойынша таратып айтсақ, Ақтөбе облысында 35 әкім сайланған. Сайлау қорытындысы бойынша, «Нұр Отанның» – 28 кандидаты, «Ауылдың» – 2, «Ақ жол», «Адал», «Қазақстанның халық партиясының» әрқайсынан бір кандидаттан жеңген. Мұнда өз-өзін ұсынған екі адам жеңіске жеткен.
Түркістан облысында 60 ауыл әкімі сайланған. «Нұр Отанның» – 41 кандидаты, «Ауылдың» – 1, «Адалдың» бір кандидаты жеңген. Мұнда өз-өзін ұсынған 17 адам жеңіске жеткен. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болса керек.
Атырау облысында сайланған 18 әкімнің 15-і – «Нұр Отандыкы», біреуі – «Адал» партиясының мүшесі. Екеуі – өз-өзін ұсынған.
Шығыс Қазақстан облысына жеңіске жеткен 77 адамның 60-ы – «Нұр Отан» кандидаты. 11 адамды – «Ауыл» ұсынған, екеуі – «Адал», біреуі – «Ақ жол», біреуі – «Қазақстанның халық партиясының» мүшесі. Екеуі – өз-өзін ұсынған.
Жамбыл облысында «Нұр Отанның» 31 кандидаты, «Ауылдың» – 1, «Ақ жолдың» – 1, «Қазақстанның халық партиясының» бір мүшесі жеңіске жеткен. Мұнда өз-өзін ұсынған үш адам жеңіске жеткен.
Батыс Қазақстан облысында «Нұр Отанның» – 22 кандидаты, «Ауылдың» – 1, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» 1 мүшесі жеңіске жеткен. Өз-өзін ұсынған жеті адам көп дауыс жинаған.
Қарағанды облысында «Нұр Отанның» 56 кандидаты, «Ауылдың» – 3, «Ақ жолдың» – 1, «Адалдың» бір кандидаты жеңіске жеткен. Мұнда жеңгендер арасында өз өзін ұсынған 14 кандидат бар.
Қостанай облысында «Нұр Отанның» – 52 кандидаты, «Ауылдың» – 2, «Ақ жолдың» – 2, «Адалдың» екі кандидаты жеңіске жеткен. Мұнда жеңгендер арасында өз өзін ұсынған 7 кандидат бар.
Ресми ақпарат бойынша, Қызылорда облысында партиялар ұсынған 35 адам жеңген. 30-ы – «Нұр Отандыкы». Мұнда өз-өзін ұсынған 75 адамның бесеуі ауыл әкімі сайлауында көп дауыс алған.
Павлодар облысында «Нұр Отанның» 34 кандидаты жеңген. «Ауылдың» – 2 адамы, «Ақ жолдың» – 1, «Адалдың» бір кандидаты жеңіске жеткен. Өз-өзін ұсынған 6 әкім жеңген.
25 шілдеде Қазақстанда ауыл әкімін сайлау өткен. Биыл заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, алғаш рет ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Билік мұны «демократияға бастайтын үлкен өзгеріс» деп атаса, сыншылар «кандидаттарға бірдей жағдай жасалмаған, тәуелсіз кандидаттарға кедергі көп» дегенді алға тартқан.
Аймақтағы белсенділер мен бақылаушылардың айтуынша, кандидаттарға қойылған мемлекеттік қызметте кемі бір жыл немесе қоғамдық ұйымды кемінде 2 жыл басқарған адам ғана үміткер бола алады деген талап жұрт өмірін жақсартқысы келген көп іскер азаматтың жолын байлаған. Осыған дейін әкімдікте немесе мемқызметте істегендер ғана әкім бола болуы керек деген талап кандидат болғысы келетін адамдарды азайтқанға ұқсайды. Өйткені шағын ауылдарда ауыл әкімі мен әкімдіктегі бірер қызметтен өзге мемлекеттік қызмет жоқ.