Қазақстан президенті Тоқаев 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін мәжіліс және мәслихаттар сайлауын «ашық әрі әділ өткізуге ниетті» екенін мәлімдеді. Сайлауға дейін Тоқаев пен Путин «біраз дүниені бірге» талқыламақ.
Тоқаев кеше 2 желтоқсан күнгі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) саммитінің онлайн жиынында Қазақстанның ішкі мәселесі, алдағы мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау туралы сөз етті.
«Барлық саяси күштерге дайындыққа уақыт жеткілікті болды. Біз биыл теңдессіз демократиялық реформаларды іске асырдық. Ол реформалар көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған. Біз сайлауды ашық әрі әділ өткізуге ниеттіміз. Осы орайда ҰҚШҰ және ТМД-ның парламент ассамблеяларынан, бақылаушылар келетін елдердегі әріптестерімізден (Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан басшыларына – QT) қолдау болар деген үміттеміз», – деді Тоқаев қолқа салғандай болып.
Ресей президенті Путин Қазақстанның бірінші басшысы Назарбаев «қалыптастырған саяси тұрақтылықты» қазіргі президент Тоқаевтың тиімді жалғастырып жатқанын «зор жетістік» ретінде бағалады.
«Осының барлығы бүгінде дүниежүзі ұшырасқан қиындықтарды еңсеруге, коронавируспен тиімді күресу үшін, сондай-ақ әлеуметтік саясат пен экономика саласындағы үдемелі дамуға мүмкіндік береді. жағдай жасайды. Сізге табыс тілейміз. Алдағы ішкі саяси науқанға (сайлауға – QT) дейін ұйым аясында ғана емес, екіжақты тұрғыда да қызығушылық тудыратын барлық мәселелер бойынша сізбен бірнеше рет сөйлесерімізге сенімдіміз», – деді Путин.
Шегініс...
Президент сайлауы өз уақытында өтеді деп елдің көңілін сабасына түсірген экс-перзидент Назарбаев былтыр көктемде аяқ астынан сөзінен тайып билікті «үш жыл бойы ойланып қабылдаған шешімі бойынша сенімді серігі» Тоқаевқа тапсырған. Сол кезде уақытша тағайындалған Тоқаев 9 сәуір күнгі Қазақстан халқына сайлауды «таза, ашық әрі адал өткізуге кепілдік беретінін» айтып ағынан жарылған.
«…Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.
Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.
Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!», – деген 2019 жылғы 9 сәуірдегі үндеуінде.
Сайлау өтерден бірер күн бұрын Тоқаев Twitter парақшасында жоғарыдағы ойын қуаттап арнайы жазба да жариялаған:
«Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету – менің басты ұстанымым. Сайлаудың дәл осындай сипатта өтетініне кәміл сенемін. Азаматтық қоғамның қатысуы – ашық сайлаудың кепілі...»
Алтыншы президент сайлауы ел тарихында алғаш рет Назарбаевтың қатысуынсыз өтсе де, билік партиясы «Нұр Отанның» үстемдігімен жүрген саяси науқанда заң бұзушылықтар аз болған жоқ. Кезектен тыс президент сайлауы күні әлеуметтік желілерде кей сайлау учаскелерінде болған заңбұзушылықтар жайлы видеолар тараған. Сайлау күні мыңдаған адам ұсталды. Адвокаттарсыз ондаған адамға түннің ортасында сот үкім шығарды.
Ізін ала сайлау күні 9 маусымда Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев заң бұзушылықтар болғанын растап мәлімдеме жасаған:
– Жалпы дауыс беру тыныш өтті. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарында заң бұзу болды. 19 заң бұзу дерегі тіркеліп, олар бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бірнеше бюллетенді бірден салған, қайталап дауыс беру сияқты заң бұзу деректерін айтуға болады. Заңға сәйкес прокуратураға тексеруге жіберілді. Қазір 18 әкімшілік іс қозғалды, – деген.
2019 жылғы 12 маусымда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы Қазақстандағы сайлау күні және одан кейінгі күндері өткен бейбіт шерулерде азаматтардың ұсталуын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қарама-қайшы деп тауып, ел билігін адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемені орындауға шақырды. ЕҚЫҰ-ның Сайлауды бақылау бойынша халықаралық миссиясы «сайлауда көптеген заң бұзушылықтар болғанын» мәлімдеді. Бақылаушылар әр жерден жиналған заң бұзушылық фактілерін жинақтап, сотқа бергенімен, еш нәтиже бермеді. Олар мұны әкімшілік ресурсқа ие атқарушы биліктің сот жүйесіне ықпал етуінен көреді. Былтырғы сайлауда Тоқаевтың «кәміл сенімдімін», «кепілдік беремін» деген салмақты сөзі толықтай іске аспағанын көруге болады. Сол себепті де бұл жолы «ниеттіміз» деп бағамдай сөйлеген тәрізді.
Алдағы сайлау туралы...
Ендігі жылғы 10 қаңтарға белгіленген тәуелсіздік тарихында өз уақытында өткелі жатқан екінші мәжіліс сайлауына ескі бес партия қатысады. Биыл қазан айында қатысамыз деген ЖСДП қуғындағы саясаткер Мұхтар Әблязовтің үгітінен кейін райынан қайтып, сайлауға бойкот жариялаған. Басқа бес партияның қатарында биліктің «Нұр Отан» партиясы қатысады. Олар – «Нұр Отан» партиясы, «Адал» (алдыңғы «Бірлік»), «Қазақстанның халық партиясы» (бұрынғы «Қазақстанның коммунистік халық партиясы»), «Ақ жол», «Ауыл» партиялары.
Көптеген тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл сайлаудың әділ әрі ашық өтеріне күмәнмен қарайды. Ел арасында ребрендинг жасағанымен билік партиясы мен оның көсемін мақтап, төбе тұтатын партияларға «қуыршақ» ретінде қарайтын көзқарастың белі жуан.
Бұған дейін үнемі сайлауларға қатысудан бас тартуға үндейтін Қазақстан соты сырттай соттаған, Франциядан саяси баспана алған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бұл жолы жақтастарын ЖСДП-ға өтуге, дауыс беруге шақырған. ЖСДП бойкот туралы шешім қабылдаған соң, «жүйе өзін №1 жауы санайды» деп есептейтін Әблязов бағытты «Ақ жол» партиясына бұрды. Бұл хабар тарай салған күні-ақ «Ақ жол» партиясы жаңа мүшелерді қабылдауды тоқтатқаны белгілі болды. Осылайша астана сотының үкімімен Қазақстанда қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы билік әрекетін әшкерелеуді көздейтінін мәлімдеген.
Пандемия тұсында, көктемгі ТЖ режимі кезінде асығыс қабылданған заңға сәйкес, Қазақстанда партия құру үшін 20 мың мүше жинау міндет. Тек партиялық тізіммен ғана сайлану мүмкіндігі бар елде жекелеген кандидаттардың өз бетінше қатысуына шектеу қойылған. Сарапшылар мен саясаттанушылар мұны «саяси алаңға келетіндердің жолын бөгеу» деп жиі сынайды. Бұл жолғы сайлауда жаңа партиялар мүлдем жоқ. Барлығы ең жақыны 7, арысы 21 жыл бұрын құрылған ұйымдар.
ТМД аясынан тыс елдерден келген халықаралық бақылаушылар Қазақстанда осыған дейін өткен сайлаудың барлығын әділ өтпеді деп бағалаған. Олар сайлау кезінде дауыс ұрлау мен фальсификация, оппозиция тарапына қысым жасау, ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру сияқты фактілер болғанын жиі айтады.