10 қаңтарға белгіленген Парламент мәжілісінің сайлауына түсетін үміткерлерді ұсыну кезеңі қарашаның 10-ы мен 30-ы аралығында өтуі тиіс. Әзірге бес партия сайлау алдындағы құрылтай-съезін өткізді. Партиялық тізім бойынша сайланатын мәжілістегі 98 орынға жүздеген  кандидат ұсынылды.

Өткен аптада, 18 қарашада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын кандидаттар тізімдеп жариялады.

Партия атынан «мыңнан астам үміткерден» таңдалып, мәжіліс сайлауына ұсынылған 19 адамның қатарында «Самұрық» журналының бас редакторы Дәулеткерей Кәпұлы, мемлекеттік «Хабар» арнасының тілшісі Зейін Әліпбек, Қазақ академиясына қарасты Экономика институтының директоры Әзімхан Сатыбалдин, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, партия төрағасының бірінші орынбасары, былтыр президент сайлауына қатысқан Төлеутай Рахымбеков, тіл маманы Қанат Тасыбеков, Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов бар.

Жуырда атауын «Бірлік»-тен «Адал»-ға өзгерткен «жеті жасар» партия 19 қараша күні «депутаттықтан дәмелі» мүшелерінің тізімін таныстырды.  Мәжіліске ұсынылған 20 үміткердің арасында партия төрағасы Серік Сұлтанғали, партия басшыларының бірі Мұрат Қожамқұлов, журналист Мақсат Толықбай, спортшы Ардақ Назаров, белгілі шаруа-кәсіпкер Алмасбек Садырбаев т.б. адамдар бар.

Кейбір ақпарат құралдары экс-президент Назарбаев пен қазіргі президент Тоқаевты мақтаныш тұтатын Серік Сұлтанғалидің партиясы белгілі олигарх Тимұр Құлыбайға «тиесілі» екенін жазады.

Бір моншаққа тізгендей етіп 20 қараша «Ақ жол» демократиялық партиясы құрылтай ашты. Алтыншы шақырылымда президент партиясы Нұр Отаннан басқа жеті депутаты мәжілістен орын алған екі партияның бірін саяси дербестігіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Өзін «өркениетті оппозиция» санаса да, – «билік партиясын» саяси қарсылас көрмейтін  ұйым мәжілістен 38 мүшесін көруге құмбыл.

Бір шоғырдың ішінде кәсіпкерлерден өзге партия төрағасы Азат Перуашев, ақын Қазбек Иса, азаматтық қоғам «сәндидат» деп сынайтын депутат Дания Еспаева, депутат Меруерт Қазбекова, журналист-алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіп және т.б адамдар бар. 2002 жылдан бері бағытын бірнеше мәрте өзгерткен партияның 200 мыңға тарта мүшесі бар көрінеді.

Мәжілістің алтыншы сайланымында жеті орын иемденген екінші партия, бұрынғы ҚКХП да ресми атауына ребрендинг жасады. Сайлау қарсаңында «коммунистік» сөзінен бас тартқан соң партиядан бұрынғы жетекшісі Владислав Косарев, Тұрғын Сыздықов, Галина Баймаханова шығып кетті.

2004 жылы ресми тіркелген «Қазақстан халық партиясы» 23 қарашада мәжіліс және мәслихат депутаттығына ұсынылатын 125 кандидаттың тізімін хабарлады.

Мәжіліске ұсынылған үміткерлер арасында қазіргі мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамов, Ерлан Смаилов, Әлия Масалимова, Василий Климаковтар бар.

Бүгін, қарашаның 25-і Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгерген елордада «Нұр Отан» съезі өтті. Жиында партия мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынатын үміткерлер тізімін ұсынды. «Бастықтар партиясының» съезіне Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы  Дариға Назарбаева, премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қатысты.

Сенаттан кеткелі бері көрінбей кеткен «ханның қызы» Дариға Назарбаеваның саясатқа қайта оралмақ, депутаттықтан дәмелі. 126 үміткердің тізімінен премьер Асқар Мамин, вице-премьер Ералы Тоғжанов, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин, партия төрағасының ең жақын орынбасары Бауыржан Байбек, «Ана тілі» басылымының бас редакторы Жанарбек Әшімжанов, «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, эдьюкейтор Саясат Нұрбек, ақордашыл саясаттанушылар Айдос Сарым мен Ерлан Сайыров, экс-президентке арнап ескерткіш тұрғызу туралы бастамасы үшін жастардың сынына ұшыраған Мәди Ахметов, бейпіл сөзімен басы дауға қалған Бахытбек Смағұл мен «жыл қарғысшылы» Бекболат Тілеуханов т.б. есімдерін көруге болады. Оның 77-сі праймериз қорытындысы бойынша, ал қалған 49 үміткер партия көсемінің таңдауымен анықталған.

Тоқаев сайлауалды бағдарламасын мәлімдеген жиында БАҚ өкілдеріне бейне түсірілім жасауға және тікелей эфирге шығуға тыйым салды. Тек өздері даярлаған видео материалдарды тарату керектігін айтқан. Әскерилер күзеткен, журналистер кіргізілмеген құрылтайда шенеуніктер бір-біріне қошемет көрсетуде аянып қалған жоқ.

Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске ресми тіркелген партиялар ұсынған үміткерлер  ғана сайлана алады. 2018 жығы заң өзгерісіне сай азматтар өз бетінше сайлауға түсе алмайды. Азаматтық қоғам белсенділері мен оппозиция өкілдері мұны саяси алаңды монополиялау, жекелеген азаматтардың сайлау-сайлану құқығын шектеу, билікпен келісімге келгендер ғана мұрсат беретін қате шешім деп сынайды.

Осы уақытқа дейін бірнеше азаматтық қозғалыстар мен ұйымдар партия құруға және ресми тіркелуге тырысқан. Алайда олар құрылтай, съезд өткізуге, ынталы азаматтардың басын қосып жиын өткізуге билік тарапынан әлдебір кедергілер жасалғанын айтады.

Ресми тіркелген алты партияның бірі ЖСДП осы аптада съезін өткізіп, партиялық тізімін жариялауы тиіс.

"The Qazaq Times"