Қырғызстанда нәтижесі жарамсыз деп танылған Парламент сайлауынан кейінгі саяси өзгерістер өте қауырт-жылдам жүріп жатыр. Жогорку Кенештің алтыншы шақырылым депутаттары бүгін шұғыл жиын өткізуге шешім қабылдады. Ертең Уақытша үкімет құрылмақ.
«Үшінші төңкерісті» өткеріп жатқан Қырғызстанда парламент сайлауын «әділ әрі ашық өткізе алмады» делінетін билік тарапы мен ОСК қорытындысына наразылар екі күннен бері бас көтеріп, қарсылық білдіріп отыр. Мемлекеттік басқару құрылымдарында, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі лауазымды тұлғалар отставкаға кетуде. Бір түнде төңкеріс басталған Қырғызстандағы саяси жағдай туралы қазақстандық саясаттанушы, сарапшы Дос Көшімнің пікірін сұрастырып көрген едік.
Қырғызстандағы Парламент сайлауынан кейін туындаған наразылыққа алып келген негізгі себептер?
– Меніңше, сайлау кезіндегі, оның ішінде, дауыстарды санау кезіндегі әділетсіздік болуы керек. Айта кету керек, Қырғыздардың сайлау жүйесі демокртиялық сайлаудың талаптарына бізден гөрі жақын, дауыстарды санау да ашық жүргізіледі, бірақ әкімшілік тарапынан сайлаудың нәтижесіне әсер етудің жолдары өте көп және оны электорат та біледі. Демек «өздерінің партияларын» биліктің қолдауы – жеңілген партиялардың жақтастарын көшеге шығаруға алып келді.
Бұл бас көтерісті үшінші революция деп атауға бола ма?
– Өкінішке орай, біздер әлі бұл жағдайлар жөнінде толық ақпарат алғамыз жоқ. Сонда ғана қазіргі жағдайға нақты баға беруге болады. Бірақ революцияның да бірнеше түрлері болатынын ұмытпайық. Бұл, менің ойымша, охлократиялық революция деуге келетін сияқты.
Түні бойғы демонстрантар мен арнайы жасақтың қақтығысы, наразылардың Парламент пен Ақ үйді басып алып, астан-кестеңін шығаруы, саяси тұлғаларды босатуы – стихиялы әрекет пе, әлде қалай?
– Бұл – жаңа айтып кеткен охлократиялық революцияның нәтижесі. Біз әлі осы бір халық толқуының нақты басшылары, жоспарлары бар ма, әлде халықты алаңға сайлау әділетсіздігінен пайда болған ашу-ыза алып шықты ма, білмейміз. Егер бұл – стихиялық қарсылық болса, көшеге шыққан тобыр, көп жағдайда, келісімге келмеуге тырысады...
«Сайлауды лас өтті» деп санайтын партиялар мен қоғам белсенділердің талабы қай деңгейде орындалуы мүмкін? Қайта сайлау өте ме? Қазақстандық азаматтық қоғам мен бақылаушылар институты фальсификация бола қалған жағдайда қақтығыссыз құқығын қалпына келтіріп, қайта сайлау өткізуге дәті жете қоя ма?
– Бір нәрсе айқын. Егер билік халықты ақымақ санап, сайлауды өз мақсаттарына сай жүргізіп, ойынға айналдырғысы келсе, салиқалы саясаткерлердің де, ашуға булыққан электораттың да, «саясатың құрысын» деп тыныш отырған жұртшылықтың да бір күні жарылуы ғажап емес. Осыдан кейін не болуы мүмкін? Әрине, сайлау қайтадан өтуі керек не бюллетендер қайта саналуы шарт. (Бізде де өткен сайлаудағы бюллендер қайта саналса, мүмкін, жаңа президент болар ма еді... Бірақ оған біздің оппозициямыз дейтіндер өлсе де жол бермейтіні анық). Оған дейін, өтпелі кезеңде тағы да Отынбаева ханымды шақырып «уақытша үкімет» құратын болар. Қырғыздарда ондай тәжірибе бар. Ал бізге келетін болсақ, осындай өзгерістерді былтырғы сайлауда да талап етуге болатын еді, бірақ оппозицияның барлық күші Қосановты жамандауға кетіп, көшеге шығу жайына қалды. «Қақтығыссыз қалпына келтіру» деген тамаша сөз, бірақ халықты көшеге шығаратын – билік, тек қана билік және биліктің іс-әрекеті екенін ұмытпалық.
Әлеуметтік желілерде қырғызстандықтарды «қызба халық», «саяси этикаға бағынбайды» деген айыптаулармен қатар ол «өз құқығы, дауысы үшін күресті» дейтін де пікір айтылып жатыр. Расында да бұл «шындық үшін күрес» емес пе?
– «Адамдардың барлығы – бірдей» дегенмен әр халықтың өзіндік мінезі, менталитеті бар екенін ұмытпалық. Иә, қырғыздардың бізге қарағанда қызбалау екені де шындық. Бастарынан сөз асырғысы келмейді. Кезінде қазақ та сондай болған, бірақ отаршылдықтың зардабы біздерге өтіңкіреп кеткен сияқты... Бірақ бұл – «қызба халық көшеге шығуды, бастарын өлімге тігуді жақсы көреді» деген сөз емес. Олар өздері дұрыс емес деп таныған, алдау деп шешкен мәселеге көзқарастарын білдіру үшін шықты деп ойлаймын. Беларусьтар бір айдан астам көшелерді айналып жүр, ал қырғыздар бір түннің ішінде «ханталапай» жасады. Екі қарысылықтың да себебі де, мақсаты да – бір. Меніңше, Қырғыздар Конституцияны жақсы оқыған сияқты. Онда биліктің қайнар көзі – халық деген сөз бар. Ал біз «билік президентте, мемлекетте» деген ойдан ажырай алмай отырмыз.
Қазақстандағы алда өтетін парламент сайлауында бақылаушы боласыз ба? Неліктен өткен жолғы президент сайлауында «сайрап тұрған заң бұзушылық» актілерін белсенділер сотқа дейін жеткізе алмады? Бұл тәжірибенің аздығынан ба?
– Әрине, егер мүмкіндігім болса, бақылаушы да, бақылаушыларды дайындаушы да болуға әзірмін. Өткен жолғы сайлауда «Ұлт тағдырының» облыстық жетекшілері әуелі заң бұзушылық актілерін, кейін бейнетаспадағы заңсыздықтармен алты айдан астам жұмыс істеді. Бірақ біздің соттың қандай екенін айтып жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Сайлауға алғаш араласқан ұйым есебінде тәжірибенің аздығын да мойындауымыз керек. Бірақ мен 1999 жыл мен 2005 жылдың арасында Республикалық Тәуелсіз Бақылаушылар жүйесін басқарғанда да сот пен прокуратураның «әділетті шешімін» талай алғанмын. Қазақ елінде бейтарап, тек заңға бағынатын сот жүйесі жоқ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Қазақстан халқының Қырғызстан азаматтарынан саяси жағынан, енжарлық пен бойкүйездікке төзбеушілік тұрғысынан үйренері бар ма, бар болса қандай?
– Бірінші, бұл оқиғадан біздің билік сабақ алуы керек деп ойлаймын. Екіншіден, біз – жайбасар шығармыз, бірақ бойкүйез, енжар емеспіз. Біз біреулерге – ұлтшылдарға, оппозицияға, Әбіләзовке, т.т. сенім артып, өзіміз соларды даттап не мақтап отыра беруге үйренген халықпыз. Қазақтардан телефон мен әлеуметтік желіні алып тастау керек, сонда ғана біздің қандай екеніміз көрінеді.