Өзбекстан билігі парламент сайлауына дайындалуда. Бұл жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі қандай?
Желтоқсан айында Өзбекстанда кезекті парламент сайлауы өтеді. Осыған байланысты жақында президент Шавкат Мирзиеев ел аумағында тіркелген бес саяси партия жетекшілерін қабылдады. 24 тамыз күні Сенат отырысында Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Бұл жолғы сайлау Шавкат Мирзиеев билік басына келгелі бері өткелі отырған алғашқы парламент сайлауы. Бірақ қазірдің өзінде бұл сайлаудың Ислам Кәрімов кезіндегі сайлаулардан ешқандай айырмашылығы жоқ болатындығы байқалады.
«Бирдамлик» оппозициялық партиясының көшбасшысы Баходыр Чориев «бұл жолғы сайлау Шавкат Мирзиеевтың үш жылда жасаған реформаларының барлығы жалған екенін көрсетті» деп есептейді. Оның сөзінше, соңғы үш жылда Мирзиеев биліктегі позициясын күшейту арқылы елдің бағытын анықтап, ешқандай саяси реформа болмайтын айқындаған.
«Мирзиеев реформатор емес, Кәрімовтың жолын жалғастырушы. Өзбекстанда ТМД елдерінің ішінде саяси партияларды тіркеудің ең ауыр жүйесі қалыптасқан. Саяси партия құру үшін кем дегенде 8 аймақтан 20 мың адамның қолын жинауға тиіссің. Халық саны Өзбекстаннан бес есе көп Ресейде партия құру үшін 10 мың қол, Түркіменстан мен Беларусьте 1 мың қол, Қырғызстанда 10 адамның қолы болса жеткілікті. Бұған қоса сайлауға халық атынан ұсынылған кандидаттар қатыса алмайды. Парламентке барудың жалғыз жолы – партиялар атынан сайлауға түсу» - деді Чориев.
Айта кететін бір жайт, соңғы уақыттары Қазақстанда да «биыл кезектен тыс парламент сайлауы өтуі мүмкін» деген қаңқу сөз ел арасында «желдей есіп» жүр. Негізінде Қазақстан мен Өзбекстандағы сайлау жүйесінің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек халық саны бізден екі есе көп өзбек елінде партия құру үшін 20 мың қол керек болса, бізде 40 мың қол жинау керек.