24 маусымда орын алған ауқымды жарылыстан бері Арыс қаласының инфроқұрылымын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына шамамен қырық күн. 28 маусым қала тұрғындары қайта кіргізілгеннен бастап бағалау мониторингі жеке-жеке жасалғаны туралы айтылған еді. Құрылыс мәселесі бойынша оң нәтижелер болғанымен, кейбір секторлардың тұрғындары бағалау қорытындыларымен келіспетінін айтып шағымдануда. Жергілікті тұрғындардың сұрау-уәжі негізінде 5 тамыз қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызы мен Abai.kz порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғани көз жеткізу үшін арнайы Арысқа аттанған болатын. 90% шатыры қызыл қаңылтырмен қапталған тұрғын үйлердің ішкі күйіне үңіліп, артық-кемін анықтау аса маңызды іс.
5 тамыз Арыс қаласында 6,5 мыңнан астам (7516 жер үйдің 6611-і) тұрғын үй қалпына келтірілді, деп хабарлаған еді ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әкімдік ақпаратында қаладағы «құрылыс жұмыстарының 90%-дан астамы аяқталып отыр» делінген. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин де 2 тамызда өткен кеңесте «құрылыс жұмыстарының 90% астамы аяқталды» деген еді. Сондай-ақ мәлім болғандай, қалған 905 үйдің жөндеу жұмыстары 10 тамызға дейін, көпқабатты 67 үйді қалпына келтіру жұмыстары мен өзге 66 әлеуметтік нысан 20 тамызға дейін аяқталуы жөнінде жоспарланған.
Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына бекітілген аталмыш 540 үйлі сектор туралы Түлкібас Ауданы Әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында зардап шеккен 531 үйдің «бүгінгі таңда 378 үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылысы толығымен аяқталып пайдалануға берілген үйлер саны 148» деп көрсетілген. Ал, Сәуле Әбілдаханқызының жазуынша, Ұбайдулла ақсақал «100-ге жуығы жасалды деді, қалған 420-ға жуығын жасалмаған, тек төбесіне қызыл шатыр жауып тастаған, іші құлап тұр» деген. Журналистің тікелей эфиріндегі материалдарынан үй иелерінің көңіл толмаушылығы анық көрінеді. Ол жөндеуге келмейтін үйлерді арнайы комиссия сарапшылардың шешімін елемей, «сносқа» жібермей отыр дейді. Онымен қоса құрылысы басталғанымен, орта жолда тұралап қалған, материалдары кешігіп жатқан жағдайлар да жетерлік. Мысалы, Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғындары әкесі екеуі бірінші топтағы мүгедек Мұса Шоқановтың 22 күн бұрын бұзылған үйі әлі қалпына келтірілмеуі себепті қалада 50 мың теңгеге пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Тікелей эфирден байқағандай №14 секторға қарайтын 20-дан астам үй тұрғындарының мәселесі ортақ, көпшілігі құрылысқа жауаптылардың «жұмысшы жоқ, өздерің жұмысшы табыңдар дейді, тапқан жұмысшылардың ақысын да дұрыс төлемейді» дегенін алға тартады.
Шағымданған тұрғындардың айтуынша, олар сүрілуі тиіс, жөндеуге жарамсыз үйлерінің «тек зақымдалған, қалыпқа келтіруге болады» деп бағалануына наразы. Іргетасын қалаушылар, қыш терушілер, шатыр жабушылар, есік-терезе орнатушылар, іш-сыртын сылаушылар, еден-төбесін қағушылар, сырлаушылар мен жылу-электр жүйесін тартушылар т.б. көптеген бригадалардың алгоритмді жұмысымен жүзеге асатын үй құрылысын салуда жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі туралы көп айтылды. Сондай арыстық тұрғынның бірі 60 жастағы Сүйінбаев Ұбайдулла ақсақал жарылыс болған күнді «халық өзін-өзі эвакуациялады, жеміс-жидек таситын жүк көлігімен қашқандар да болды. Соғыста жауың қай тұстан болары белгілі, ал ол кезде 360 градустан оқ жауып тұрды ғой» деп еске алып, қаланы отбасы мен көршілерінің өздігінен тастап шыққанын айтады. Ол The Qazaq Times порталына берген сұқбатында полиция департаменті бірнеше рет шақыртқанын, 20 шілде Ө.Шөкеевпен кездесуінде әлі күнге дейін құрылысы басталмаған баспанасы жайлы хабардар еткенін айтады. Бұл туралы қоғамға белгілі заңгер Абзал Құспанов та әлеуметтік желіде бөліскен еді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұртшылықпен болған жиында қора-жайлар мен сырттағы әжетханалардың құрылыс жоспарына кірмейтінін айтқан. Ө.Шөкеевтің мәлімдемесіне байланысты заңгердің айтуы бойынша "қора-жай, сарайды салмаймыз деу Азаматтық кодекске қайшы". Бұдан бөлек "сабаннан салынған үйі қараптан қарап құлап қалғаннан сұрап отырған жоқ. Жарылыстан құлады" дей отырып, ай басындағы 90%-дық көрсеткіш "көзбояушылық" екенін айтқан А.Құспан әуелі шатырлардың жаппай жаңалануын тікұшақпен қарайтындар үшін қожакөрсіндік дейді.
№14 секторға қарасты Асан-қожа көшесі 9-үйдің иесі Ұбайдулла Жұбанұлының айтуынша, 8 бөлмелі, ауданы 100-ге тарта шаршы метр құрайтын 45 жыл бұрын саздан салынған баспанасының жарық қабырғаларын көре тұра құрылыс фирмасы «жарамсыз» деп танымай отыр. №14, 15,16 және Стадион қарайтын секторларда құрылыс қарқыны төмен дейді. Эксперт берген қорытындыға сәйкес, бір қарағанда-ақ қайта жөндеуге келмейтіні анық көрінетін бұл үйге 28 маусымнан бастап жауапты мамандар жиі келеді. Кейіпкеріміз жөндеу жұмыстарына көндіруге тырысқан жұмысшыларға келісімін бермейтінін айтады. Ұбайдулла ақсақал құрылысшылардан бас тарту жөніндегі актіге қол қоюын сұрайтындарға «әбден бүлінген үйін сүріп, сол көлемде қайта тұрғызып беруін» талап етуде. Ол байланыспалы тірек қызметін атқаратын қабырғалардың жарығы 2-3 сантиметрге жеткен нысанның қайта жөндеу нормасына сай еместігін ескеруін сұрайды.
Сонымен қатар қазір Ақылбаев пен Өмірзақ Әміреев есімді көршілерінің шатыры ауыстырылып, терезесі қойылған үйлерінде жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып қойған. Үй іші қабырғаларының сылағын қырған кезде жарықтары көрініп, тоқтатылған дейді. Қарияның сөзінше, тіпті «бұзу туралы» шешім қабылдануы мүмкін. Жіті көз жеткізбей шалажансар, асығыс жасалған іске ысырап болған қаржы сұрауы кімге? Ұбайдолла ақсақалға аталмыш секторға жауапты Түлкібас ауданының өкілін қасына ерткен Алматы қаласы Құрылыс басқармасының уәкілі Нұрбол мырза (кейіпкердің айтуы бойынша) оңашада «андағы екі көршіңізді көндіріңіз, мен сізге үйіңізді салдырып беремін» деген ұсынысынан бас тартқанын, әуелі көршісіне салып беру керектігін айтқанын мәлімдеді.
P.S.: Құрылысшылардың ау-жағдайы, еңбек нормаларының сақталуы, маман тапшылығы, қайта жөндеуге келмейтін жарамсыз үйлерді сүрудің орнына жамап-жасқағысы келген құрылыс компанияларының іс-әрекетіне кейбір тұрғындар ашынып, наразылығын танытуда. Мерзімінен бұрын жүзеге асырылған «жетістік» ретінде есеп беру үшін емес, тұрғындарды жайлы әрі сапалы баспанамен қуантып, алғыс-ризашылығына бөленуге ұмтылған жөн деп білеміз.