Тоқаевтың Арыс оқиғасында көзге түскен бірқатар азаматтарды марапттау кезінде «тұтас бір қаланың тұрғындарын бар-жоғы екі сағат ішінде құтқарғаны» туралы айтқан сөзі сынға ілікті.
Осыдан 75 күн бұрын, маусымның 24-і күні таңертең Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, артынша ауқымды жарылыс болған еді.
Жаңбырша жауған снарядтардан шошынған жұрт жалаң аяқ, күннің ыстығында босып, тоғыз жолдың торабында орналасқан қала қаңырап қалды. Ресми дерек бойынша, 45 мыңға жуық тұрғыны бар Арыс халқының 39 мыңдай адамы жансауғалап өз бетінше қаланы тастап шыққан. Тек үш мыңнан астам азамат Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке эвакуацияланған.
Жарылыс салдарынан 4 кісі көз жұмып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Ақорданың хабарлауынша, бүгін ел президенті Тоқаев бүтін жұртты алаңдатқан қайғылы Арыстағы оқиғада «ерлік пен жанқиярлық көрсеткен және міндетін адал атқарған бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады».
Президент наградаларды салтанатты рәсім барысында табыстады. Ол өз алғы сөзінде арыстықтарға қол ұшын созған халықтың бірлік-ынтымағы, орын алған оқиғаның мәні туралы сөз етті.
Мемлекет басшысының айтуынша, «қиындыққа қарамай тұтас бір қаланың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру нағыз ерлік болды».
– Бұл бар-жоғы екі сағаттың ішінде жүзеге асты. Біздің тарихымызда бұндай жағдай болған емес. Қаланы көшіру туралы дер кезінде шешім қабылдаудың арқасында қауіп-қатердің алдын алдық. Қарапайым еңбек адамдары сын сағатта сабыр сақтап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті, – деген Қазақстан президентінің уәжі көптің көңілін күпті етті.
Бұдан билік халықтың өзін-өзі эвакуациялағанын көре тұра, біле тұра өз еңбегі ретінде танытқысы келе ме деген ой туады. Расында да халықтың босып, беті ауған жаққа қашып, қыр төбесі-күн астында түс ауғанша отырғанын елегісі келмей ме?
Халық дер кезінде жүйелі іс-қимыл негізінде қауіпсіз орындарға көшірілмегендіктен екі күн бойы көз жазып қалған бала-шаға, туыс-жақындарын жариялы түрде іздестіруге мәжбүр болды. Арыстықтардың айтуы бойынша, соңғы он жылда кісі шығынымен аяқталған 4 жарылыстан кейін де жалпыхалықтық я мекеме көлемінде бірде-бір эвакуациялық дайындық-жаттығу жұмыстары жүргізілмеген.