Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласын оқ-дәріден тазарту жұмыстарына қатысты әскерилердің «қауіпті» жағдайда еңбектеніп жатқанын айтты.
Ермекбаевтың сөзінше, Арыс қаласындағы жағдайды реттеу мақсатында 700-ден астам адам тартылған. Ол:
– Біз қазір Жоғары бас қолбасшының тапсырмасын орындап жүрміз. Қалған оқ-дәріні тезірек шығаруды талап етіп отырған арыстықтардың талабы, мемлекеттік қажеттілік бар. Біз ондағы жұмыстарға әскерге шақырылғандарды жұмылдырмаймыз. Тек біліктілігі жоғары, даярланған саперлер мен инженерлер, әскери полицейлерді тартамыз. Барлығы да келісімшарт бойынша қызмет ететіндер», – деді үкімет кулуарында.
Ол Арыс маңында қанша оқ-дәрі қалғанын айтуға құқы жоқ екенін атап өтті. Биыл 24 маусымдағы 45 мың тұрғыны бар Арыс жұртының жүрегін шайлықтырған алапат жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі 2020 жылдың мамыр айына дейін әскери оқ-дәрінің қалған 30 пайызын түпкілікті түрде түгел көшірілетінін мәлімдеген еді. Шілденің ішінде президент Тоқаев Арыстағы жойқын жарылысқа жол бергені үшін Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялағаны есімізде. Сол кезде әскери қойма аумағынан көшіріліп үлгермеген 800-ден астам вагонға жүк боларлық 28 мың тонна оқ-дәрі бары айтылған болатын.
Сөз арасында «Әскерилер барлық жерде жұмыс істеп жатыр. Алайда қазір қала тұрғындарына тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Қаланың барлық дерлік аумағы тазартылған. Негізгі жұмыстар жарылыс болған әскери бөлімнің аумағында жүргізіліп жатыр. Жұмыс қауіпті», – деді министр. Әскерилерге «қауіпті», арыстықтарға қаупі жоқ тазарту жұмыстары әлі де жалғасады әрі маман тапшылығы мәселесі сезілетін көрінеді.
Министрлік мәліметі бойынша, 90 тоннаға жуық артиллериялық оқ-дәрі сақтаулы тұрған Арыстағы әскери қойманың 70 пайызы жанып кеткен. Қоймада кем дегенде 40-50 рет аралығында жарылыс болған. Сондағы 28 мың тонна (КТК) мен 90 тоннаның (Азаттық) айырмашылығын қалай түсінуге болады?
Халықты әскерилерге моралдық қолдау көрсетуге шақырған министр «Әскерилерден басқа бұл міндетті ешкім орындай алмайды. Бұл үшін біліктілігі жоғары, дайындалған кәсіби мамандар қажет. ...Олар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Нағыз жауынгерлік ахуал, өмірлері үшін қауіп-қатер бар», – деп толықтырды.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан үш күн бұрын, қазанның 11-і Түркістан облысында Арысқа жақын маңда (қаладан 60 шақырымдай жерде) орналасқан полигонда оқ-дәрілердің жиналған фрагменттерін жою кезінде әскери қызметкер, майор Аманжол Ақышев ауыр жарақат алып, салдарынан қаза тапқан еді. Бұл 2009 жылдан бері Арыста төрт рет орын алған жарылыстардың қасіретінен болған 12-ші қаза. 2009 жылдың наурызы – төрт кісі, 2014 жылдың маусымы – 2 адам, 2015 жылдың қарашасы – бір кісі, 2019 жылдың маусымынан бүгінге дейін – 4 адам.
Маусымның сол бір арсын-гүрсін таңында оқ-дәрінің 70 емес, 30 пайызы жарылғанда, қалған фрагменттері он жылдап көшірілуші ме еді, кім білсін? Біздікі тек төтенше жағдайдың зардаптарын жою және залалсыздандыру жұмыстары қауіпсіз өтсе деген тілек.