Кірпіктерім бір-біріне матасып қалғандай. Көзімді аша алар емеспін. Орнымнан қозғалайын деп едім, еш жерімде жан жоқ секілді. Жаным кірпігіме ілініп қана тұрғандай. Қол-аяғымды, тіпті тұтас денемді сезіне алмадым. Тынысым бітеліп қалған. Бірақ, еш жерім ауырғаны не жаныма батқаны сезілмейді. Бар ойлағаным, тек көзімді ашып алсам болғаны. Одан басқа ешнәрсе ойлай да алмадым. Жабылған қабағымның ар жағынан әлдебір өшкін қызыл күрең сағым ойнағандай.
Қанша жатқанымды білмеймін, бір заманда байланып жатқан кірпігім ажырап кетті. Көз алдым «жарқ» ете қалды. Көзі ұялтар әппақ сәуле. Жанарымды қанша жеп бара жатса да, қайта жапқым келмеді. Ақ сәуле құйылып келіп, көзіме кіріп кеткендей болды. Алғаш рет ышқына дем алдым. Тарсылдай соға жөнелген жүрегімді сезіндім. Жүрегім тіптен өзім ойлап жете алмайтын жылдамдықпен соғып жатқандай. Жоқ атылып шығып кететіндей бұлқынып жатыр. Жүрегімнің сол бұлқынысынан кеуде тұсымды сезіндім. Алқымды қари кірген суық ауа одан арман қарып ыстық жалын болып шығып жатқандай. Тіпті, осының бәрі лезде-ақ болып жатты. Кенет құлағым «шың» етіп барып ашылып кетті. Енді өзімнің ышқына дем алғаным мен тарсылдай соққан жүрегімді анық естідім.
– Есін жиды, – Әлдебір ер адамның баршын тартқан дауысы естілді. – Кәусар жылдам оттегін әкел.
Тек сол еркектің дауысы ғана. Кім екен деп қарағым келді. Басым қимылдамайды екен. Манағы жанарымнан кіріп кеткен жарық енді тұла бойымды күйдіріп бара жатқандай. Бар денемді енді сезіне бастадым. Тек қимылдатуға ырқым жетпейді. Өртеніп балқып барады. Енді бір сәт тарам-тарам қызылды-жасылды жолақтар төбеден төмен түсе бастады. Әлдененің қалыпсыз шиқылдаған үні анық естіліп тұр.
– Кәусар,– деді манағы баршын дауыс тағы, – маған дәкі берші. Қарсы жақта үн жоқ. Еденді дрп-дрп басқан аяқ дыбысы жаныма келді. Сосын көз алдымнан тағы бір нәрсе жарық ете қалғандай болды. Дымқыл дәкінің күйіп тұрған бетіме тигенін сездім. Көзімді сүртіп өте шыққанда ең әуелі әппақ төбеге асулы тұрған шырақты көрдім. Бетіне көгілдір маскы тартқан шүңірек көзді мосқал ер адамның бас жағы ғана көрінді. Жанарым ақырын қозғала алады екен.
– Кәусар, мен керек-жарақтарымды алып келгенше жастығын көтеріп даярлай берші.
Тағы сол дауыс.
– Мақұл бар беріңіз...
Құлағыма аса жағымды. Жоқ аса таныс үн келді. Еденді тағы сықырлата сырпылдатып еркек сыртқа кетіп бара жатқанын сездім. Есік сырт етіп жабыла бас жағымнан әлдене бір қалыпты сыртылдап айнала бастағандай болды. Төбедегі шырақтың бас жағыма қарай кетіп бара жатқанынан төсектің басын көтеріп жатқанын аңғардым. Енді шырақ арт жағыма қарай өтті де алдамда аппақ қабырға ғана қалды.
Бас жағымдағы адамның сол жағыммен төсектің аяқ жағына қарай кетіп бара жатқанын аңдадым. Төбесіне түйіп алған бұрымы әппақ бас киімін көтеріп тұр. Ол бас киімді басына емес тек бұрымына киіп алғандай. Қайдан келгенін білмеймін маған осы ой сап ете қалды. Күлкім келгендей болды. Бірақ, ернім қатып қалған секілді. Ол қарсы алдыма келіп менен көз айырмай қарап біраз тұрды. Менің кірпігім тағы қатып қалғандай жанарынан көзімді тайдырып әкетейін десем де, ырқыма көнбеді. Оның көзіне лықсып жас келе қалғандай болды да, менің оң жағыма қарай көз ілеспес жылдамдықпен өте шықты. Менің көз алдымда тағы сол әппақ қабырға қалды. Ол тура жаныма жетіп келді де.
– Қалан! – деп шыр ете қалып мені бас салды. Енді мен тағы ешнәрсе көрмей қалдым. Енді есіме келе бастағандаймын.
– Кәусар, – дедім.
Бірақ даусымды өзімде ести алмадым. Енді ішімнен «Кәусар... Кәусар» деп дамылсыз қайталап жаттым. Ең бір жақын адамым іспетті. Тіпті, жақыннан да жақын сияқты. Бірақ, қанша ойлансам да ешнәрсені есіме ала алмай жатырмын.
– Қалан... Жаным... Сен әлі тірі ме едің... Сені іздемеген жерім жоқ... Үш жылдан бері қайда болдың... Мені неге тастап кеттің... Мені кешірші оны мен істеген жоқпын... Түсінші... Кешірші мені...
Бетіме оның жып-жылы жасы тамып жатты. Жас ағып ерніме келіп езуімді бойлап барып, аузыма кіргенде тілім әлдебір кермек дәмді сезгендей болды. Енді ернім жыбырлап жан кіре бастағандай. Кәусар тоқтамай өксік атып сөйлеп жатыр. «Сен осында жатқалы апта болды. Мен содан бері бір рет неге келіп көрмедім екен... Әй, бірақ көргеніммен танымай қалар едім. Өң-сүрепетің бірақ өзгеріп кетіпті. Жаңа көзіңнен таныдым. Өзіме сенбей оң жақ мойныңдағы тыртықты көргенде бірақ білдім... Жаным... сені қайтып көре аламын деген үмітім әбден өшкен еді ғой... Елдің бәрі сені пері алып кетті деп жүр. Соңғы рет менімен бірге болғаныңды мен де ешкімге айта алмадым. Бақтің ішінде құйын соғып кеткен соң, мен шашымды жөндеп алайын деп тұрғанда сенің қатты ышқынған даусыңды естіп, жалт қарап едім, сенің мойныңның екі жерінен біреу орып жіберген екен. Мен шошып кетіп саған қарай тұра жүгіріп едім, әлденеге шалынып ұзынымнан түстім. Талықсып кетіппін. Есімді жиғанда маңайымда ешнәрсе жоқ. Тіптен, ешнәрсе болмағандай. Жаңағы сенің мойныңнан аққан қанның да ізі жоқ. Жер құп-құрғақ. Боран да басылып қалған екен... Жан ұшырып сенің жатағыңа бардым. Жатақтастарың келмеді деді. Басқа бір жаққа кеткен шығар деп таң атқанша күтіп отырдым. Ертесінде де келмедің... Менің басымнан өткенннің бәрі түс шығар деп ойладым... Бірақ бәрі көз алдымда тұрды. Бірақ, ешкімге айта алмадым. Университет болып іздеу салды, сол қалпы таба алмадық. Оқу біткен соң осында келіп жұмысқа тұрдым. Бір аптаның алдында сол бақты көшіріп жатқанда, бір адамның денесін тауып алыпты деп естідім де, алып ұшып сонда барып едім, полиция қызметкерлері енді шұғыл құтқару машинасына басып жатыр екен. Әппақ матамен оралған адамның кім екенін тани алмадым. Бет-әлпетің тіптен басқа адам болып өзгеріп кетіпті...
Кәусар тоқтаусыз сөйлеп жатыр. Мен ешнәрсенің байыбына бара алар емеспін. Кенет әлдене жарқ ете қалғандай болды. Сол жарқ ете қалған жарықтан мен селк ете түстім. Денеме ақырындап жан кіре бастағандай тұла бойым қақсап ала жөнелді. Басымды ақырын қозғап көріп едім, әзер дегенде икемге келгендей болды. Сол жағыма қарай бетімді бұрдым. Енді шатырлаған найзағайдың ащы дауысын естідім. Терез сықырлап, сырттан боран соға бастапты. Терезенің ілгегі ілінбей қалған болар, бір заманда сарт етіп ашылды да, ішке қарай салқын ауа лап қойды. Орнынан атып тұрған Кәусар терезеге қарай атылды. Ол терезенің тұтқасын ұстай бергенде, басындағы бас киімін жел жұлып алып, маған қарай ұшырып келе жатты. Мен бар қайратыммен қозғалып қалдым да, оң жағыма қарай аунап, жерге гүрс етіп құлап түскенде барып, толық есімді жидым.
***
Мен Кәусарды екінші курста жүргенде кезіктірдім. Жатақханаға баратын жол бойындағы орындықта отырғанмын. Анадайдан ілбіп, әппақ көйлек киіп алған қыз келе жатты. Еш мақсатсыз қарап отырдым. Ол тіптен бір орында тұрғандай. Қанша уақыт өткеннен кейін барып жақын келді. Булыға жылап әзер келеді. Осынша неге жылайды екен деген бір ой сап ете қалды. Жаныма келген кезде:
– Қарындас, тыныштық па, не болды, неге сонша жылап келесің? – деп орнымнан ұмсынып тұра беріп едім, қыз талықсып барып жүрелеп отыра кетті. Мен жалма-жан қолтығынан сүйедім де, орындыққа әкеліп отырғыздым.
– Ағатайым-ай, енді қайттім... Енді не істеймін.
Қыз ышқына жылап отыр.
– Не болды? – деп мен тақымдап сұрап жатырмын.
– Лағылсыз қалай өмір сүрем... Неге мені бірге ала кетпеді... Енді қалай жалғыз өмір сүрем мен, – деп өзін-өзі сабалай бастады. Мен оның екі қолын тас қылып ұстап алып жібермей қойдым. Қыз тіптен долдана бастады. Кәдімгі, жынданып кететіндей көрініп кетті. Есінен ауысып түсінкісіз бір нәрселерді айта бастағанда, бойыма қайдан келгені белгісіз, бір күш келе қалды да, қыздың бетінен аямай осып-осып жібердім. Ащы шапалақ жанына батып кеткен болса керек, қыз есін тез жинап алды.
– Не болды түсіндіріп айтсаңшы...
Мен даусымды қатайта сөйледім.
– Менімен бір кіндіктес сыңарымды машина қағып кетіпті...
– Аман ба екен?
– Сол жерде қайтып кетіпті...
Қыз тағы еңіреп жылай бастады. Енді мені бар сүйеуі көргендей, бас салып құшақтап, кеудеме тұмсығын тығып алып өзін ұстай алмай өксік атып жылады. Мен әуелде не істерімді білмей абдырағаныммен, соңына қарай ес жинап, не болса да шерінен шығып жылап алсын деп құшақтаған қалпы отыра бердім. Жолдан арлы-берлі өткендер бір түрлі қарап қойып кетіп жатты. Недәуірден соң барып:
– Мен не істеймін, – деді қыз басын менің кеудемнен жұлып алып. Не айтарымды білмей қалдым.
– Қайда оқисың, – деппін сасқалақтап.
– Мед университетте.
– Мен де, –дедім де,– қайда тұрасың, – деп сұрадым.
– Жатақханада, – деді қыз. Мед университеттің жатақханасы бізге жақын тұғын.
– Сыңарың қайда тұратын еді, – дедім мен өзімді барынша сабырлы ұстап.
– Ауылда.
– Қай ауыл.
– Басқарағай.
– Алыс екен ғой не істейсің, – деппін қайтадан абдырап.
– Не істеймін енді, – деп қыз қайта жылай бастады.
– Ауылыңа барасың ба, – дедім мен аузыма басқа сөз түспей.
– Ести сала кетейін деп едім, жанымда жол қаражат жоқ. Жатақтағы қыздардан сұрайын деп келе жатыр едім.
– Жүр, онда мен апарып салып жіберейін, – дедім. Қыз маған таңдана қарап біраз отырды да:
– Келген соң ақшаңызды қайырып беремін, – деді.
Мен ешнәрсе айтпастан қолынан тартып тұрғыздым. Университет ауласынан шығып, такси тоқтаттым да вакзалға келіп белет алып бердім. Жанымдағы бар ақшамды «алмаймын» дегеніне қоймай қалтасына тықпалап салып бердім де, кері қайттым.
Келе жатып, тым құрса қыздың аты-жөнін сұрамағаным есіме түсті.
Кеште жатақта жатып сол қыз туралы ойлай бастадым. Ойыма әлдеқандай бір сайтан сезім ұялай қалғандай болды. Сөз байласып қойған Жәния манағы қыздың қасында тіпті ілікке алғысыз құсап кетті. Қарадай Жәнияны жек көре бастадым. Күндегі әдетімен Жәния неше рет телефон соқты. Бірақ, көтергім келмеді.
Апта бойы ой соқты болып жүрдім де қойдым. Іздейін десем не аты-жөнін білмеймін. Сосын ылғи да анау күнгі қызды жолықтырған жердегі орындыққа барып, ұзақтан-ұзақ отыратын болдым. Жәниямен сөйлеспей кеткеніме біраз уақыт болған. Ортада шешем телефон соқты.
– Сен шешек неге Жәнияшыма хабарласпай жүрсің... Қалада оқыдым деп қылық шығарайын дедің бе, Жәниямның марқұм шешесіне өлер алдында берген сөзім бар. Жәнияны өзім бала қылып аламын дегенмін. Осыны есіңнен шығарма. Әйтпесе, менің ақ сүтім атады сені, – деп кесетті. Қалай болса да, Жәнияға байлаулы екенімді түсіндім. Оны бұрын тіптен сүйетінмін. Енді не болып бара жатқанын өзім де түсінбей жүрмін.
Ақыры бір күні ол да келді. Мені көре сала ет жақынын көргендей бас салып еңіреп тұрып жылап алды. Сосын әмиянынан ақша шығара бастағанда мен ол қарыз емес деп азарде-безер болып алмай қойдым.
Содан екеуміз университет ауласындағы буфетке барып шай іштік. Аты Кәусар екен. Әке-шешесі ертеде қайтыс болып кетіп, сыңары екеуі нағашы әжесінің қолында өсіпті. Екеуін бірге оқытуға шамасы келмеген соң, қаладағы оқуға Кәусар келіпті де, Лағыл ауылдағы магазинде сатушы болып істеп, тапқан ақшасын сыңарына жіберіп тұрады екен. Жұмыстан кеш түсіп жолдан өте бергенде, жүк көлігі қағып кетіпті. Лағыл екеуінің бір-бірінен аумайтыны сонша, тіпті нағашы апасы да екеуін ажырата алмайды екен... Осыны естігенде өзімді тастай берік санағаныммен, Кәусармен бірге менде жылап алдым. Содан бастап біз күнде кезігіп тұрдық. Тіптен бір-бірімізге бауыр басқанымыз сонша, сабақ аралығындағы үзілісте кезікпесек тұра алмайтын болып қалдық. Жазғы демалыста ауылына екі рет іздеп барып қайттым. Арада жыл өткен соң бір күні екеуміз тағы оңаша отырып, жүрек сөзімізді айтысып, айырылмасқа сөз беріп сүйістік. Сол күннің ертесі таңертең Кәусар бұлаудай болып жылап келді. Түнде түсіме Лағыл кіріп, Қаланнан өзіңді алыс ұста, ол сенікі емес, айтқаныма көнбесең онда мен Қаланды алып кетем депті. Мен Кәусардың сөзіне онша мән берген жоқпын. Өзімше бәрін шешіп қойғам. Әке-шешеммен де хабарласпағаныма біраз уақыт болған. Жәнияны жылататын болса, бізді көрме деп шығарып салған еді.
– Қойшы жаным, өзіңнің жай ойлағаның түсіңе кіріп жүр ғой, – дедім де қойдым. Оқу маусымы аяқталып, жазғы демалысқа кетуге дайындалып жүргеміз. Шешем көлдей қылып хат жазып жіберіпті. Қалайда барып қайтуым керек болды. Кәусардың ауылына кетіп қалмақшы болып жүргем. Ертең кетеміз деген күні кеште Кәусарды шақырып алып, сырттан бір қонақ үйге барайық дедім. Маған үдірейе қараған Кәусар:
– Жай ма, болмайды, – деді кесіп.
– Мен ертең ауылға кетіп барам. Бүгін менімен бірге бармасаң, онда ауылда қаламын саған жоқпын, – дедім мен қаным басыма шауып.
Кәусар жылай-жылай ақыры көнді. Біз жолай бақтің ішін кесіп өтіп келе жатқанбыз. Бақта тірі жан жоқ, тымырсық түннің қапырық иісі ғана. Бір заманда ағаш басы сартылдап, жел соға жөнелді. Мен шылым тұтатпақ болып, сәл артта қалғам. Жел жұлмалаған шашын реттемек болған Кәусар төбесіне түйген шашын ағытып қалғанда, ұшы жерге жететін ұзын шашы көз алдымда жерге қарай құлап бара жатты да, жерге тие шың ете қалғандай болды. Жерге тиген қос бұрымның ұшынан жарқылдаған екі пышақ шығып маған қарай сақ ете қалғандай болды. Оң жақ мойнымнан атқақтаған қан дүниені жауып кетті. Мен құлап бара жатып, өзіме қарай ұшып келе жатқан Кәусарды көрдім. Кәусар менің қанға малынған денемді алып, бақтың түп жағындағы иен тамға қарай сүйреп бара жатты. Одан кейінгінің бәрі қанның ішіндегі елестер... Кәусар қып-қызыл қанды аузыма тамызып жататыны еміс-еміс есіме түседі. Есімде ең соңғы қалғаны, найзағай жарық ете түсіп, күн күркірегенде Кәусар баж етіп, аспандағы шарасынан асып толып тұрған айға қарай көтеріліп бара жатқаны. Денемді малшындырған қанның әп-сәтте жоғалып, тастай болып қатып бара жатқаным ғана.
Құлағыма әлдененің суылдап барып дың ете түскені естілді. Мен құлап жатқан жерімнен терезеге жалт қарадым. Кәусардың қос бұрымының ұшында пышақ жарқ-жарқ етіп, маған қарай атылып келеді.
Осы кезде шиық етіп есік ашылды да:
– Кәусар, жап терезені, – деген манағы дәрігердің қатқыл даусы естілді.
Қойшыбек МҮБАРАК
“The Qazaq Times”