АВТОР: Өзіңіз оқимын деп шешім қабылдаған «Шығыстану» мамандығына қалай түстіңіз?
С. Б.: Мен «Шығыстану» мамандығы бойынша Ленинград мемлекеттік университетіне түсуге өтініш тапсырған едім. Алайда СССР Жоғары оқу министрлігі мен ойлаған университетке емес, Ташкентте оқуға рұқсат берді. Республикаға бір-ақ орын, бұғанда шүкір дедім. Өйткені, сол кездің өзінде Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінде шығыстану факультеті бар болатын. Және Өзбек ССР Ғылым академиясында «Шығыстану институты» мен «Қолжазбалар институты» құрылған. Ал, Алматыдағы Қазақ ССР Ғылым академиясында шығыстану ілімі жоқ болатын. Тарих, әдебиет, өнер және тіл білімі инст итуттарында араб тілін білетін маман болмады. Бізде араб тілінен енген сөздер көп қой. Солардың араб, парсы не көне түрік сөздерінің қайсысына жататынын білмей жүруші едім. Яғни, Қазақстан шығыстану ғылымы жағынан артта еді.
Бүгінде, кейбіреулер Өзбекстанның экономикасы, әлеуметтік жағдайы туралы жағымсыз әңгіме қылады. Шын мәнінде, патшалық Ресей кезінде Түркістан генерал-губернаторы басқарған Орта Азияның басты әкімшілік қаласының ролін Ташкент атқарды. Қазақстанның оңтүстіктегі бес облысы (Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Талдықорған) уақытша сол қалаға қарады. Себебі, патша үкіметі кең байтақ елімізді бір жер ден басқару күрделі болғандықтан, қазақтардың өзін үшке бөлді. Омбы қаласындағы генерал-губернатор Шығыс-солтүстік жерлерін биледі, Батыс аймақтарды Орынбордан басқарса, Қазақстанның Оңтүстік өңірлерін Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторы биледі. Бізбен қоса Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Тәжікстан да Ташкентке қар ады. Сондықтан, қазақтың көптеген зиялылары білім алып, мемлекеттік қызметтерін Ташкент қаласымен байланыстырды. Совет уақытында аз ұлттарға білім беру туралы шешім болатын. Осыған орай, Совет үкіметі 1920 жылы арнайы бір пойыз құрал-жабдық, ғалым-оқытушыларды жіберіп, Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетін құрды. Сондықтан, бұл университетте профессор-оқытушылар құрамы мықты қалыптасты.
Мұхтар Әуезов 1923 жылы осы оқу орнында тыңдаушы ретінде оқып, қосымша сабақ беріп жүрді. Сөйтіп, маған Мұхтардай үлкен тұлға оқыған білім ордасына түсу бұйырды. Шығыстану факультетінде қытай, парсы, хинди, урду және араб тілін оқытатын. Мен араб тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түстім. Бұл тілді меңгерсем, Құранды оқи аламын, мұсылман дүниесіне есік ашып, шығыс елдер тарихымен, араб халқымен терең танысуға болады. Бұл маған үлкен бір әлемге араласып, ой-сана, таным-көзқарасымды кеңейтетін, жалпақ жаһанға жол ашатын мүмкіндік берді.
АВТОР: Университетте оқып жүргенде тағы қандай есте қаларлық оқиға болды?
С. Б.: Декан Ш. Шамұхамедов деген ғалым бір жыл бұрын Сирияға бөлінген жалғыз орынды қырық өзбекке бермей, маған әперген. Оған өзбектер көнгісі келмей, наразылық жасап, Ш. Шамұхамедовтің алдына барады. «Бұл өзбек университеті, араб тілін қырық өзбек студенті оқиды, неге бөлінген бір орынды жалғыз қазаққа бересіз?» – деп дау көтерген. Сонда деканымыз бәрін шақырып алды да:
– Жақсы. Оқуларың қандай? – деп сұраған.
– Үш, төрт, беспен оқимыз.
– Ал, Батырша-ұлы тек «беспен» оқиды, араларыңда «беспен» оқитын кім бар? – дегенде өзбектер жұмған ауыздарын аша алмай қалды.
Ол кезде оқу нәтижесімен бірге қоғамдық ұйымдағы белсенділігіңді бағалайтын. Декан соны да көлденең тартты.
– Ол университет бойынша комсомол комитетінің мүшесі, қоғамдық жұмыстар атқарады, сондықтан орын Батырша-ұлына берілді, – деп шығарып салды.
АВТОР: Ол кезде араб тілі, шығыстану мамандығы қазіргі халықаралық қатынас, заңгер, банк ісі секілді «престижный», яғни жастардың қалауына сай және бетке ұстар, жоғары есептелетін мамандықтардың бірі еді. Сондықтан болар, кітаптың бас кейіпкері Ташкентте белгілі адамдардың балалары, іні-қарындастарымен бірге оқыды. Оның тобында Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретарі С. Камаловтың қарындасы, СССР Халық жазушысы Камиль Яшеннің қызы және өзге де Кеңес Одағы Мемлекеттік сыйлығының иегерлері сынды танымал тұлғалардың ұл-қыздары болды. Сәкеңнің курсынан атақты әнші Луиза Закирова және оншақты доктор, профессор, академик шықты. Қарапайым да өнегелі отбасында тәрбие көрген зерделі де жігерлі қазақ баласы әрдайым олардан оқ бойы озық жүретін. Университет комсомол комитетінің мүшесі болды. Ректор сенім артып, Сирияға оқуға жіберді. Дүниені көрсем, білсем, танысам деген таудай талап пен қайтпас рухтың арқасында ол тек өз күшіне сүйеніп, биіктерге тырмыса өрмеледі. Дүниенің есігі кеңінен ашылып, ой-сана толысқан сайын, алдағы мақсат-мұрат та биіктеген үстіне биіктей берді. Сол биікке талмай шырқау үшін қанатын енді қомдаған жігітке өмір, күрес жеңіл болған жоқ. Өйткені, оның жүрегінде қазаққа тән ұлт намысы, ел мұңы секілді салмағы өлшеусіз жүк жатқан болатын. Ары қарай кейіпкердің өзіне сауал қоялық.
Сіз Сирияда Кеңес Одағынан шыққан алғашқы совет қазақ студенті болдыңыз. Сирияға барған сапарыңыз жайлы аздап сыр шертсек. Арабтардың қазақтарға, Орта Азиядағы мұсылман қауымға көзқарасы қалай болды?
С. Б.: Қазір ақшасы бар адамға өз еркімен шетелге барып, оқу қиын емес. Ол кезде студенттерді тек үкіметтің шешімімен, Компартия Орталық Комитетінің арнаулы тексеруімен ғана жіберетін. Мәскеу алдымен шетелге баратын студенттердің санын бекітіп, сосын оны әр оқу орындарына бөледі. Міне, сондай бір орын Ташкент университетінің Шығыстану факультетіне бұйырған екен. Тағдыр жазып, мен Дамаскіде оқуға мүмкіндік алған бірінші совет студенті болыппын. Ертедегі бай тарихын тек кітап пен газет-журналдардан оқитын елді өз көзіммен көрдім. 1963 жылы ақпан айында мені Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі Сирияға баратын жұмыс тәжірибесінен өтетіндермен бірге Мәскеуге шақырды. Қасымда жоғары білімді төрт орыс инженері бар. Олар араб тілінен стажировкадан өтіп, кейін сол елдерде маман ретінде қызмет атқаруға дайындалу үшін бара жатыр. Мәскеу-Дамаск тікелей әуе маршурты жоқ болғандықтан, Мәскеу-Каир, одан әрі Дамаскіге самолетпен ұшуымыз жоспарланды. Алайда Египет пен Сирия үкіметтері ортасында алауыздық туып, екі ел арасындағы әуе рейсі алынып тасталды. Сондықтан, бізді Сирияға Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы параходпен жіберетін болды.
Мәскеуден Одесса қаласына пойызбен келдік. Одан «Феликс Дзержинский» атты туристік теплоходпен жолға шықтық. Теңізде жүзу маған таңсық болды шынында, өмірімде бірінші рет теплоходқа отырыппын. Жолаушылардың көбі совет туристері, қалғандары шетелдіктер. Кеме туристік болғандықтан біз Румынияның Констанца, Болгарияның Варна, Түркияның Ыстамбұл, Грекияның Пирей, Египеттің Александрия порттарына тоқтап, қалаларға 10-20 сағаттан шығып, көрікті жерлерін араладық. Констанца, Варна қалалары таспен, қызыл кірпішпен салынған әдемі үйлері бар, халқы аз, таза қалалар екен. Ыстамбұл қаласы бізді өте қызықтырды. Осман империясының астанасында көп тарихи жерлерді араладық. Атақты Айя-София мешітін (бұрынғы Византия христиан шіркеуі) көне қаладағы түрік сұлтан-пашаларының сарайларын, тауарларға толы базарларын көрдік. Мен үшін бұл жаңа әлем тану болды. Капитализмнің, шығыс елдерінің пердесін алғаш ашуым еді. Теңіз жағалауында балықшылар жаңа ғана ұстаған балықтарын қайық үстінде сатып жатқаны, көпірмен Еуропадан Азия жағалауына өткеніміз әлі күнге дейін есімде.
Теплоход Мәрмәр және Эгей теңіздерінен түнде өтіп, таңертең Грекияның Пирей портына келді. География картасына қа ра саң, Афины қаласы теңіз жағалауында тұрған сияқты, шындығында ол ары қарай құрлықта орын тепкен. Басқа туристермен бірге Афинаға метромен бардық. «Метро» деп аталғаны болмаса, жермен жүріп баратын электр пойызы. Тек қалаға кіргенде бірн еше жерасты метро станциялары бар. Қаланың ортасынан шығып, көне Олимпия стадионын, содан кейін атақты Акропольді көрдік. Ол грек тілінде «биік қала» дегенді білдіреді. Оны кезінде халық жаулардан қорғанатын бекініс ретінде пайдаланған. Б.з.б. 400 жылдары мұнда Афины құдайы мен теңіз құдайы Посейдонға арналып, мәрмәр бағаналардан Парфенон ғибадатханасы (храм) тұрғызылған. Оның ірі мәрмәр бағанасы (колоннасы) барлық тарапқа жақсы көрінеді. Бұрын Акрополь мен Парфенонның суретін оқулықтан ғана көретінбіз. Енді міне, өз көзімізбен көру орайы бұйырды. Теплоход каютасына оралған соң, көне Грекия, Византия, Осман тарихын қайта еске түсірдім. Қазақ даласынан және Орталық Азиядан шыққан қайсар түркі жауынгерлері соғысқан, аяқ басқан жерлері осы. Ал, бүгінде заман өзгеріп, бүкіл Орта Азия түркі халықтары Совет Одағы деген орыс империясының құрсауында.
Осыдан кейін түнделетіп Жерорта теңізіне шығып, оңтүстікке қарай Африка құрлығына бет алдық. Қыста теңіз өте дауылды болады екен, каютадағы төсек параходпен бірге теңселіп ұйқы бермеді. Таңертең шала ұйқы қалпы әрең тұрдым. Асханаға кешігіп барып, даяшыдан ғафу өтінсем ол күліп, «бүгін сіз таңғы асқа келген үшінші адамсыз, басқалары теңіздің толқынына шыдамай, каюталарында әлі жатыр» деді. Асқа тәбет жоқ, бір үзім нан мен бір стакан шай ішіп, теплоходтың палубасына шықтым. Себебі, каютада қалу ауыр болды. Қабырға шайқалып, потолок теңселіп басым айналып кетті. Палубадан да жайлы орын таппай, капитан рубкасының астындағы еденде екі сағат отырдым. Кең далада өскен балаға шексіз теңіз ортасында тұру өте ауыр екен. Теңіздің толқыны маза бермеген соң, каютаға қайтуға тура келді. Несін айта берейін, теңіз маған ұнамады. Бас ауырып, жүрек айнып, әйтеуір ертеңінде Мысырдың Александрия портына жеттік-ау. Тезірек жағаға шығып, бес жігіт басқа туристермен бірге қаланы араладық. Күн суық, жел қатты. Арабтар галабияның (еркек адамның ұзын көйлегі) үстінен костюм немесе плащ киіп бүрісіп жүр. Қала Еуропа архитектурасымен салынған. Көп қабатты биік ғимараттар, көшенің екі жағы магазин, дүкен, кафе, ресторандар. Жергілікті тауарлар, сувенилер арзан. Алайда біздің жолымызға берген қаражат жетпейтін болғаннан кейін ешнәрсе сатып алмадық.
Александриядан Кипрдің порты Фамагустаға жетіп едік, бірақ туристерді қалаға шығармады. Себебі, теңіз ойнап, үлкен толқындар кеменің портқа кіруіне кедергі жасады. Пароходта түнеп, ертеңінде Сирияның ең ірі порты Латакияға бет алдық. Сөйтіп, біздің сапарымыз үлкен туризмге айналып, көне өркениет ошақтары орналасқан жерлермен танысып, сол елдер туралы танымымыз кеңейе түсті. Сонымен, 1963 жылы 7 наурызда біз Сирия топырағына аяқ бастық. Сирияның теңіз порты Латакиядан Совет Одағы елшілігінің «жеңіл» машинасына отырып, Дамаскіге аттандық. Екі жүз алпыс шақырым жол жүріп, Сирия астанасына да жеттік. Бізді орталықтағы «Гранада» қонақүйіне түсірді...
Жалғасы бар
Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.
Автор: Мұрат Алмасбекұлы
«The Qazaq Times»