Сочи қаласында Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Тараптар Ресей-Түркия арасындағы және аймақтық бірқатар тақырыптарды талқылады. Бұдан бұрын Түркияның ресми басылымдары президент Ердоғанның кезекті Ресей сапарының маңызы зор деп көрсеткен болатын.
Түрік ақпарат құралдары Сочи саммитінің басты тақырыбы Сүрия мәселесі деп көрсетті, Ердоған кездесуде ең алдымен Сүрия жеріндегі күрт күштерінің мәселесін көтерген. Мәскеу Сүриядағы ықпалды ойыншы саналады, соңғы уақыттарда Ресей қарулы күштері бақылауда ұстап тұрған жерлерде PKK күштерінің Түркияға бағытталған қарулы әрекеттері көбейген, бұл Анкараның мазасын қашыруда. Кездесуде Ердоған шабуылдардың алдын алуын талап еткен.
Түрік және орыс лидерлері Сүрия, Ауғанстан және Либия тақырыптарын талқылап, олардан келетін босқындар толқынына қарсы шаралар туралы да кеңескен. Екі ел президенттерімен қатар барлау ұйымдарының жетекшілері де кездесуде болған. Бұл Ауғанстан мен Сүрия бойынша Мәскеу мен Анкара бірқатар жаңа мәліметтерді алмасқан болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Орыс ақпарат құралдарының хабарына қарағанда Путин мен Ердоған ортасындағы кездесу үш сағатқа жуық жалғасқан. 2 сағат 45 минуттық кездесудің соңына қарай тараптар Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсуді де көбірек сөз етіпті. Бұл бойынша лидердер орыс-түрік арасында күн сайын артып келе жатқан сауда-саттық және қорғаныс өнеркәсібі бойынша ынтымақтастық көлемін мысал еткен.
Кездесуде айтылғанда Түркия Ресейге 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған болса, орыстың түрік жеріндегі инвестициясы 6,5 млрд долларды құрайды. Сочи кездесуінде сондай-ақ Түркияның Ресейден сатып алған S-400 зымыран қорғаныс жүйесі мен Қарабақ келісімі де қайта пысықталған.