АҚШ Мемлекеттік департаменті және Конгрес өкілдері Қазақстан билігіндегі ауыс-түйіске қатысты пікір білдірді.

Құрама Штат Мемлекеттік департаментінің ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 наурызда өз еркімен отставкаға кетуіне қатысты мәлімдеме жасады. Мемлекеттік департамент өкілінің айтуынша, АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынасы аймақтық қауіпсіздікті құрметтеудің ортақ идеяларына негізделген. Палладино мәлімдемесінде: «Қазақстан үшін осы тарихи сәтте біз Назарбаевтың бүгінгі заманауи, егемен Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесін және өңірлік, жаһандық деңгейде саяси біліктілігін құрметтейміз. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау, денуклеаризацияқа қатысты нәтижелі жұмысын, Қазақстанда бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін атап өткіміз келеді», – деді. Мәлімдемеде айтылғандай, АҚШ тарапы Қазақстанмен Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті тереңдету және экономикалық даму, сауда және инвестициялар және өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті.

Қазақстан ішкі саясатындағы өзгерістерге қатысты АҚШ Конгресінің зерттеулер жүргізу бойынша қызметкері Уилл Мэки Қазақстанды билік транзиті жағдайында не күтіп тұрғаны жайлы талдау жасаған. «The National Interest» басылымында жарық көрген талдауда Қазақстанды саяси көшбасшыны ауыстыру кезінде не күтіп тұрғандығы айтылған.

2016 жылы Өзбекстанның «авторитарлық президенті» Ислам Кәрімов қайтыс болып, билік елдің премьер-министрі Шавкат Мирзиеевке ауысқаннан кейінгі жағдай бәрімізге белгілі. Жалпы саясаттағы осындай тұрақсыз жайттарды ескере келе, Н.Назарбаев 2017 жылы наурызда Конституцияға енгізілген бірнеше түзетулерді мақұлдады. 2018 жылдың шілдесінде Қазақстан парламенті Назарбаевтың «тарихи миссиясына орай өмір бойы» елдің Қауіпсіздік кеңесін басқаруға құқық беретін заң жобасын қабылдады. Бұл заң жобасы сондай-ақ Кеңесті консультативтік органнан конституциялық органға айналдырып, оның өкілеттігін кеңейткендігіне тоқталған Уилл Мэки өз мақаласында: «Элиталар арасындағы билікке күрес қазіргі басшы кеткен жағдайда Қазақстан тұрақтылығы үшін ең үлкен қатерлердің бірі болуы мүмкін. Ал бұл жайттың саяси жағдайдағы салмағы ауыр. Сол себептен, Қазақстандағы кез келген тұрақсыздық Уашингтонды алаңдатады», – дейді.

Айта кетер болсак, 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00-де Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететіндігін жария етті. 20 наурызда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР президенті лауазымына тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдап, Астананың атауын «Нұрсұлтан» деп атауды ұсынған. Мұнымен қоса, Тоқаев республикадағы қалалардың орталық көшелерінің атауын да Нұрсұлтан Назарбаевтың атына беруді ұсынды.

"The Qazaq Times"