Осыдан 40 жыл бұрын, яғни, КСРО мен АҚШ арасындағы «Қырғи қабақ соғысқа» байланысты әлем екі үйекке бөлініп тұрған тұста, Иранда Ислам революциясы саяси аренаға көтерілді. 1979 жылы ақпан айының орта шенінде Иран шахы Мұхаммед Реза Пахлави Теһранды (Тегеран) тастап қашып шықты да, елде революцияшылдар билік алды.
15 жыл бойы шетелде бас сауғалап жүрген Аятолла Хомейни 1979 жылы еліне оралды. Ол Иран орталық қаласы Теһранға өзінің жақтастары, ең жақын серіктерімен бірге келді. Бірақ, Хомейнидің суреттегі жақын серіктерінің тек біреуі ғана тірі қалған. Бұл туралы сәл кейінірек тоқталайық.
Ирандағы саяси өзгерістің артында сол кездегі әлемді екі үйекке бөлген державалар тұрды деген күдіктің қисындылығына қарамастан, көптеген сарапшылар КСРО мен АҚШ бастаған Батыс елдерін ақтайды. Шах Мұхаммед Реза Пахлави Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынаста болған, тіпті Израильмен де барыс-келіс орнатып тұрған. КСРО-мен достық қарым-қатынасы да жоғары деңгейде деуге болады, айталық, Иран ханзадаларының сол кезде КСРО құрамындағы Қазақстан жеріне келгені белгілі. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Ирандағы Ислам революциясы державалар үшін күтпеген жағдай болған.
ТМД елдерінің тәуелсіз институты директорының орынбасары Владимир Евсеев BBC-ге берген сұхбатында оппозиция тарабында кеңестік тұлғалардың болғанын растайды. Бірақ, оның айтуынша, революционерлер оларды біртіндеп шеттеткен немесе өздері бас тартқан. Базар саудагерлері арасында қоздаған көзқарастар біртіндеп тұтас елдегі революцияға ұласады. Осыған қарап, «Иран Ислам революциясы көшеде емес, базарда жүзеге асты» деген пікір әлі күнге дейін айтылып келеді. Бір сөзбен айтқанда діни лидерлер қозғалысты өз мүддесіне қарай бағыттай алған.
Кейін саяси баспана іздеп кеткен Иран шахын елге қайтару туралы АҚШ пен Хомейни құрған жаңа режим арасында тартыс болды. Батыс елдері Иран шахын қайтарып бермеді, бұның соңы Теһрандағы америкалық дипломаттарды кепілге алу ісіне ұласты. Содан бері де Иран мен АҚШ қарым-қатынасы бұрынғы қалпына келе алмады. Ал, Иран мен Кеңес одағының қатынасы Ауған соғысы тұсында нашарлағанымен (Хомейни мұсылман емес елдің мұсылмандар еліне әскер кіргізуіне қарсы болған), кейін Шығанақ соғысы тұсында қайта қалпына келе бастады. Қазір Мәскеу мен Теһран қатынасы қай деңгейде екенін жұртқа белгілі.
Тарихи суретте не сыр жатыр: Хомейнидің жақындары неге өлді?
Аталған тарихи сурет Хомейнидің еліне оралған кезінде Теһран әуежайында түсірілген. Ол өзінің ең сенімді серіктерімен бірге ұшақтан түсіп келеді. Бірақ, бірақ оның жақын серіктері бірнеше жылдан кейін саяси теке-тіресте арт-артынан өлім құшқан.
1, Муртаза Мутаххари – Ислам революциясы лидерлерінің бірі болған (Суретте Хомейнидің оң иығынан ұстап келе жатқан адам). 1980 жылы оны Теһранда атып өлтірген. Бұл оқиғаны сол уақытта Форган атты ислам ұйым өз мойнына алған. Сол тұста аталған ұйым Ислам Республикасына қарсы болған.
2, Хасан Лахути Ешкевари – Хомейнидің ең жақын жақтастарың бірі. Ислам революциясы билікке жеткеннен кейін рухани көсем мен президент арасында пікір қайшылығы болып, Ешкевари алғашқы Иран президенті Аболхасан Банисадрды қолдаған. Екі жылдан кейін түрмеге жабылады және қамауға алынып бірнеше күн өткенде қаза болған. Ешкеваридің отбасы оны уланып өлген деп куәлік берген.
3, Ахмад Хомейни – Аятолла Хомейнидің ұлы және «оң қолы». Ол Ирандағы реформаторларды көбірек қолдаған. 1995 жылы жүрек ауруынан қайтыс болған.
4, Садек Котбзаде – Ислам революцияшылдары арасындағы ең күрделі тұлғаның бірі. Ол ИИР-дің СІМ басшысы ретінде даярланған. Алайда, 1980 жылы «Хомейниге қастандық жасамақ болды» деген айыппен тұтқындалып, екі жылдан кейін атылған.
5, Аболхасан Банисадр – Иранның тұңғыш президенті. Рузани көсеммен саяси ұстанымдарына байланысты елден қашып кетуге мәжбүр болған. 1981 жылы маусымда Иран парламенті Банисадрдың сыртынан импичмент жариялап, оны Ислам революциясына қарсы болған деп айыптаған.
6, Садек Табатай – Ахмад Хомейнидің бажасы. ИИР-да жоғары лауазымды қызметтер атқарды. 2015 жылы қатерлі ісік ауруынан Германияда көз жүмған.
7, Дариуc Форухар – Суретте көрсетілген бұл адамның шынында Дариуc Форухар екені туралы күмән көп. Бірақ, ол діни көсемдердің билікке келуіне қарсы шыққан. 1998 жылы Иранның арнайы қызметі қастандықпен өлтірген.
Осылайша, 1979 жылы Аятолла Хомейниге еріп барған жақтастарының басым көпшілігі Ирандағы ішкі саяси тартыстың құрбандары болып кете барған. Ең жақын үзеңгілестерінің екеуі қастандыққа ұшырап, біреуі сатқындық айыбымен атылған да, енді біреуі белгісіз себептермен қаза тапқан. Аятолла Хомейнидің отбасы да, оның жақын серіктері де биліктен біртіндеп шеттетілген. Қазіргі кездегі Иран билігінде Аятолла Хомейниге еріп Теһран әуежайынан түскен мына адамдардың бірі де жоқ. Ал, тірі қалған бір ғана қатарласы болса шетелде саяси қуғында өмір сүруде.