Қытай мен Ресей бір-біріне өте жақын мемлекет болғандықтан, саясатта қолданатын «қарулары» да бірдей. Сол себепті АҚШ пен өзге де елдер үшін қауіпті қарсылас. Бұл туралы Time басылымы «Қытай мен Ресей батыстық серіктестеріне орасан қауіп туғызады» атты сараптамасында жазды. Ендігі кезекте осы сараптаманың негізгі бағыт-бағдарына зер салып көрелік.
Сараптама лиді «Қытай мен Ресей тандемі орасан зор қауіп туғызады» деп басталады. Бұған себеп көп. Мәселен, осы аптада АҚШ барлау қызметі аталған екі алпауыт альянс 1950-ші жылдардың ортасында яғни қырғи-қабақ соғыс кезінде Америкаға және оның одақтастарына үлкен қауіп төндірген, әлі де солай деген қорытындыға келді. Ресей мен Қытай тең құқылы серіктестер, бірақ екі елдің экономикалық жағдайындағы айырмашылық (Ресей ЖІӨ 2016 жылы – 1,268 триллион доллар, Қытай - 10,73 триллион) және экономикалық өсу серпіні (2016 жылы – Қытайда 6,7%, Ресейде 0,6%) мұндай әріптестікті қаншалықты тең құқылы деп санауға болатынын ойлауға мәжбүрлейді дейді автор.
Қытай мен Ресей халықаралық аренада белсенділік таныта бастады. Қытайдың нақты ережелер мен құқыққа негізделген халықаралық тәртіпті бұзуға деген талпынысы, оның халықаралық аренадағы еркін әлемді вакуумге айналдыруға деген әрекеті, ең алдымен, Кремль тарапынан қолдау табады. Сүриядағы ресейлік әскери интервенция сол елдің президенті Башар Асадтың режиміне ұласып, оның билікте қалуына көмектесті. Президент Путин осылайша Таяу Шығыстағы өз пландарын «сәтті» орындады. Қытай, өз тарапынан, Оңтүстік Қытай теңізіндегі мүмкіндіктерін пайдаланып қана қоймай, бүкіл әлем бойынша инфрақұрылымдық жобаларға миллиардтарды инвестициялайтын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы өз ықпалын күшейтті. Тағысын тағы.
Қытай мен Ресейдің геосаяси амбициялары кейде сәйкес келеді. Екі ел де Венесуэлада болып жатқан көтеріліс жағдайында «диктатор басшы» атанған Николас Мадуроға қолдау білдірді. Себебі, Ресей үшін Венесуэла – маңызды мұнай өндіруші, Мәскеудің идеологиялық одақтасы және Кремль, Каракас, Гаван тұрғысынан АҚШ-қа қарсы тұратын «құрал» рөлін атқарады. Қытай Латын Америкасында өз әсерін кеңейтуге тырысып келеді және Венесуэла мәселесінде сол антиамерикалық үкіметтің бейнесін көрсетті.
Ал Солтүстік Кореяға келетін болсақ, Ресей мен Қытай Пхеньянға салынған санкциялардың ықпалын азайту үшін күш біріктірді. Ресейлік, қытайлық хакерлер әлем экономикасына нұқсан келтіруге тырысып бақты. Бұған дейін «NYT» пен «Times» басылымдарында Ресей мен Қытай тыңшылары АҚШ-тың құпия құжаттарын қолды етіп, әр уақытта президент Трамптың телефон арқылы сөйлескенін біліп отыру үшін арнайы құрылғылар қолданады делінген болатын.
Біріншіден, екі ел де халықаралық ынтымақтастық тұрғысында жалған мәлімдеме жасап, Батыс елдерінің қатарына енуге тырысады. Еуропа елдері Иранмен ядролық келісімді сақтап қалуға тырысқанда, АҚШ-тың ұйымнан шыққанына қарамастан, Бейжің мен Мәскеу бұрынғы позициясын сақтап қалды. Осы арқылы қос мемлекет халықаралық шартты сақтағысы келетіндігін айтып жалтарды. Аталған мақалада: «шынтуайтына келгенде, Путин де, Ши Жинпиң де Ақ үй басшысы Трамптың беделіне нұқсан келтіріп, батыс елдерін Америкаға қарсы қойғысы келеді», – делінген.
Екіншіден, екі ел кибершабуыл және киберқылмыс ісінде елеулі «жетістіктерге» жетті. Солтүстік Америка мен Еуропада саяси және коммерциялық мақсаттарда хакерлік шабуылдар ұйымдастырды. Осы салада олардың қабілеттілік ауқымы соншалықты жоғары, киберқылмыста тәжірибесі мол. Қазіргі уақытта бірде-бір демократиялық ел ресейлік хакерлердің сайлауға араласпағанын сеніммен айта алмайды және шетелдік компаниялар Қытайдан келген хакерлердің құрбаны болғанын жасырмайды.
Өткен жылы батыс елдерінің саясаткерлері Мәскеу мен Бейжіңнің өзге елдерге қарсы саясатын тоқтатуға тырысты. Егер 1961 жылғы Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскенін пайдаланғанда, оларға тосқауыл қою да оңай болатын еді. Ал қазіргі уақытта әлемдік саясаттағы жағдай қиын. Бірақ, Арктиканың болашағына қатысты мәселе бойынша алдағы уақытта екі ел арасында тағы да өзара қақтығыс туындауы мүмкін.
Time сараптамасының соңында: «Батыстық одақтастар қазір өзара ынтымақтастықты нығайту және бір-біріне құрметпен қарау тәсілдерін қолдануы керек. Егер ынтымақтастық сақталмаса, Дональд Трамптың еуропалық одақтастарына деген қатынасы мен санкциялар Ши Жинпиң мен Владимир Путинге жай ғана күнделікті «саясат» атты лайланған суда балық аулау ретінде қалып қояды...», – делінген.