Кеңес Одағы да, Ресей де Жапонияға Оңтүстік Куриль аралдарын беруге келіскен емес. Әлемдік ақпарат агенттіктерінің басшыларымен кездесуде Владимир Путин осылай деді.
«1956 жылдан бастап Жапонияның ұстанымы өзгерді. Содан кейін біз Куриль тақырыбы жайлы келіссөздер жүргізуді мүлдем тоқтаттық. Иә, бізде Конституцияға өзгерістер енгізілді. Бірақ мен бейбіт келіссөздерді тоқтату керек деп санамаймын», – дейді Путин.
Былтыр қыркүйекте Жапония премьер-министрі Есихидэ Суга мен Ресей президенті 1956 жылғы кеңестік-жапондық бірлескен декларация негізінде бейбіт шарт жасасу жөніндегі келіссөздер процесін жалғастыруға келіскен. Алайда, екі ел арасындағы «арал дауы» әлі де шешімін тапқан жоқ.
Жапония және Ресей 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын бірінші орыс-жапон келісімшартына (Симод трактаты) қол қойған. Сол уақыттан бастап Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аталған шартқа сәйкес Жапонияға тиесілі. Бұл күн Жапонияда «Солтүстік аумақтар күні» ретінде атап өтіледі. Ресей 1875 жылы барлық Курил аралдарын Сахалин аралының жапон бөлігімен айырбастау үшін Жапонияға берген. Бірақ, 1905 жылы орын алған орыс-жапон соғысынан кейін Ресей жеңіліс тауып, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға тиесілі деп санайтын «Портсмут» бейбіт келісімшарты жасалды.
1945 жылы Кеңес Одағы Ялта келісімі бойынша Ұлыбритания, АҚШ-пен байланыса отырып, Жапониямен соғыс жүргізді. Сол кезде КСРО Оңтүстік Сахалин мен Курил аралдарының Кеңес бақылауына беру туралы шарт қойды. Осылайша, Кеңес Одағы Жапония капитуляциясынан кейін барлық Сахалин мен Курил архипелагын өз құрамына қосты. Алайда, КСРО 1951 жылы Сан-Францискода Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мемлекеттер енгізген бейбіт шартқа қол қоюдан бас тартты. Себебі, шартта Курил мен Сахалиннің Ресейге тиесілілігін бекітетін ережелер айқындалмаған.
Араға бес жыл салып, 1956 жылы қос ел бейбітшілік декларациясын қабылдады. Соған сәйкес Мәскеу бейбіт келісімшарт жасасқаннан кейін Хабомаи және Шикотанды Жапонияға беру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Құжатта Кунашир мен Итуруттың «тағдыры» қозғалмаған. Сонымен қатар, келісім бойынша КСРО бейбітшілік орнағаннан соң екі аралды Жапонияға қайтарып беру мәселесін қарастыруы тиіс еді. Бірақ, КСРО Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша бүкіл Курил архипелагын өз құрамына қосты. Екі ел басшысы осы мәселеге қатысты 2012 жылдан бері бірнеше рет кездесу ұйымдастырған. Бірақ, кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ.
Негізінен Жапония «үлкен жетілік» елдерінің ішінде Қырым аннексиясынан кейін Путинмен кездесу ұйымдастырған екінші мемлекет. Соған қарамастан, Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. Яғни екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арнайы келісімшарт жасасқан жоқ.