2 қаңтарда Қытай басшысы Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) Тайуан (Тайвань) тақырыбындағы мәлімдемесі әлем ақпарат кеңістігінде дүмпу туғызды. ҚХР төрағасы «Тайуандық бауырластарға үндеу хаты» жарияланғандығының 40 жылдығына орай өткізілген жиында: «Тайуан Ұлы құрлықпен (ҚХР-ның үлкен территориясы – ред.) бірігуі тиіс әрі солай болады», – деп мәлімдеген. Ол сонымен бірге, бейбіт бірігуге бар күштерін салатынын, алайда әскери қадамға барулары да мүмкін екенін айтқан.

Бұл өңірдегі бірқатар саяси, стратегиялық, мүдделік қайшылықтардың бетін ашқандай болды. Сондықтан да, Тайуан тақырыбының өзектілігіндегі басты себепті, бейбіт бірігу және әскери күш қолданудың мүмкіндіктері, Тайуанның саяси-стратегиялық салмағын және Тайуан мәселесіне тірелген державалар арасындағы қайшылықтарға талдау жасауға тура келеді.

Тайуан тақырыбы – ерте ме, кеш пе көтерілетіні анық еді

Бір есептен, жаңа жыл басталысымен Тайуан мәселесінің Бейжің тарабынан маңызды күн тәртіпке қойылуы заңды деуге болады. Себебі, 2018 жылы АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы қайшылықты жағдайда өрбіді. Сауда соғысынан тыс, Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі қатарлы мәселелерде тараптар жиі пікір қайшылығына келіп отырды.  Тіпті, екі ел арасында ең сезімтал тақырып саналатын Тайуан (Тайвань) мәселесі де көбірек ауызға алынды.

Бұл жөнінде Қытай тақырыбына қатысты бірқатар өзекті мәселелерде қонымды пікірлері мен көзқарастары арқылы белгілі сарапшы, түрктанушы Елдос Орда мынадай ойын айтады: «Тайуан мәселесі Қытай жағынан болсын, АҚШ жағынан болсын маңызды тақырыпқа көтерілетіні о бастан белгілі еді. Неге десеңіз, бұның сыры тереңде жатыр. Бұрын Кеңестер одағы тұсында социалистік режимнің ықпалын әлсірету үшін Батыс елдері Түркияны көбірек қолпаштады. Ал, АҚШ бастаған елдер Қытайға белгілі дәрежеде қолдау көрсетті. Айталық, 70-ші жылдардан бастап Бейжіңді заңды үкімет ретінде мойындап, осыған дейін ресми билік ретінде танып келген Тайуаннан бет бұрды. БҰҰ да, халықаралық ұйымдар да Тайуанды заңды үкімет ретінде танымай қалды. Кеңестер одағы мен Қытай арасындағы кірбеңдік кезінде де АҚШ Қытай жағында болды. Ал, кейін Кеңес одағы ыдырады, бұл тұста Түркия мен Қытай шексіз күшейе түскен еді. Батыс елдері Түркияға балама күш ретінде өңірде Иранға белгілі дәрежеде жол беріп отырды. Қазір Қытай өзі бір күшке, дербес үйекке айналып отыр. Сондықтан Тайуан мәселесінің Қытай, АҚШ немесе Еуропа елдері жағынан көтерілетіні табиғи. Бұл жерде күрделі саяси, экономикалық мүдде қақтығыстары жатыр», – дейді Елдос Орда.

Тайуан тарих сахнасында

Алдағы уақытта Тайуан мәселесі Корей түбегі, Орта Шығыс мәселесі секілді салмақты халықаралық дағдарысқа ұласып кетуі де ғажап емес. Сондықтан да, бізге ең әуелі мына бір сұрақтарды қарастырып алуға тура келеді – Шағын ғана аралды ел Тайуанның алпауыт елдер арасында соншалықты маңызға ие болатыны қалай? Бүгінгі Тайуан қалай барлыққа келді және Қытаймен қандай қарым-қатынаста?

Тайуан аралы Чиң (Цинь) империясы тұсында, яғни 1895 жылғы соғыстан кейін 50 жыл Жапонияның қарамағында болған. Бұл тұста ол Қытайға қарағанда жедел дами бастаған болатын. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңілгеннен кейін Жапония Тайуанды сол кездегі Қытайды билеп тұрған Гоминдаңға қайтарып берген. Алайда, Тайуан тұрғындары Гоминдаң билігінен көрі Жапонияның құрамында қалуды қалаған және Чан Кайши (Жияң Жиеші/Jiang Jieshi) билігіне қарсы көтеріліс жасаған. Бұл қозғалыстар Гоминдаң билігі жағынан жанышталып, 30 мыңнан астам тайуандық қырғынға ұшыраған.

Ұлттық партия мен Коммунистік партия арасындағы азаматтық соғыстан кейін Жаң Жиеші Нанжиңді тастап, Тайуанға шегінді. Бұны стратегиялық шегініс деп бағалауға болады. Яғни, үкіметтің қазына байлығынан тартып, құнды мәдени-тарихи мұралар мен құжаттарды, зиялы қауым өкілдерін мен ірі қаржы шонжарларын түгелдей Тайуанға алып кетті. Сондықтан да, Қытайдың дәстүрлі жазуы, салт-дәстүрлері коммунистік басқарудағы Қытайдан көрі Тайуанда жақсы сақталған.

Арал мен ұлы құрлықтағы Қытай үкіметтері арасындағы диалог 1970-ші жылдардың соңына қарай қайта жандана бастады. Көбінде қоғамдық ұйымдар арқылы екі жағалау тұрғындары қарым-қатынасты нығайтты. Тайуанда билікке жеткен демокаратиялық күштер де бұған өзіндік ықпал етті. Дың Шяупиң (Дэн Сяопин) жолға қойған «Бір ел, екі түзім» принципі негізінде Бейжің тарабы толықтай біріктіруді "ұзын арқан кең тұсауға салды деуге болады. Ал Тайуан өзінің демократиялық басқару жүйесінде қалды.

Тайуанның ҚХР-мен бірігуі мүмкін бе?

Қытай басшысы сөзінде Тайуанның Қытай Халық Республикасымен бірігуі тиіс екенін, әрі солай болатынын айтқанымен, бұл оңай жүзеге асатын процес емес-ті. Ең әуелі Тайуан мен Қытай арасында басты құндылықтар мен ұстанымдардың қайшылығы бар. Айталық, ҚХР коммунистік басқаруды негіз еткен болса, Тайуан демократиялық құндылықтарды жақтайды. Бұдан тыс, Тайуан Қытайдан бұрын қарқынды даму көрсеткішіне жеткен. Халықтың өмір сүру деңгейі мен мәдениет өресі жағында ҚХР-дағы қытайларынан көш ілгері. Бұл өз ретінде Тайуан тұрғындарының ішкі қытайлықтарды мешеу ретінде кемсітушілік көзқарасын да қалыптастырған.

ҚХР төрағасының мәлімдемесінен кейін Тайуан президенті Цай Иыңвын ханым да өз мәлімдемесін жасады. Президент Цай: «Біз қалайда Қытай Республикасы ретінде Тайуанның қалуын басты орында ұстаймыз. 23 млн тайуандықтың еркіндік пен демократияға деген талпынысын құрметтеуіміз керек. Теңідікті бейбітшілік пен әділдік негізінде қарау керек,  әрі бұл мәселелерді үкімет орындары немесе құзырлы орындар арасында талқылау керек», – деді және журналистерге берген сұхбатында: «Тайуандағы қоғамдық пікірдің басым көпшілігі «бір ел – екі түзім» принцпін қабылдай алмайды. Бұл да болса тайуандықтардың ортақ ұстанымы», – деп ашық мәлімдеме жасаған. Тайуан президентінің сөзі аралда ҚХР-мен бірігу туралы референдум өткізген күнде де басым көпшілік қарсы дауыс беретінін көрсеткендей болды.

Ши Жинпиң сөзінде: «Бейбіт бірігу үшін бар күшімізді саламыз. Себебі, бейбіт бірігу екі жағалау үшін де, ұлт үшін де аса маңызды. Бірақ, әскери күш қолдануды жоққа шығара алмаймыз», – деді. Ашалап айтқанда, Қытай басшысы бейбіт бірігу жүзеге аспаған жағдайда күшпен басып алу қадамына баратынын айтты. Дегенмен, бұл сөзді Қытайдың бұған дейінгі басшылары да айтқан болатын.

Бейжің билігінің Тайуанды әскери күшпен басып алуы мүмкін бе?

Қытайдың қазіргі экономикалық және әскери қуатын алға тарта отырып, Бейжің тарабы қажет жағдайда Тайуанға әскери күш қолдануы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Соңғы жылдары Қытай теңіз әскери қуатын барынша дамытты. Айталық, теңізде шарлау жүргізуге арналған су үстінде қонуға және ұшуға қабілетті әлемдегі ең үлкен ұшақты жасап шығарды; бірнеше ұшақ тасымалдаушы кемелерін теңізге шығарды; Оңтүстік Қытай теңізінде қорғаныс құрылғыларын орнатты және Тайуанға жақын теңіз айдындарында бірнеше рет әскери оқу-жаттығу өткізді.

Дегенмен, басым көп сарапшылар Бейжің билігінің Тайуанға әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығарады. Тайуан мен ҚХР арасындағы экономикалық тығыз байланыс бұған жол бермейді деп қарайды.

Тәуелсіз сарапшы ретінде Ерзат Кәрібай да осы көзқарасты жақтайды. «Қытай мен Тайуан бір-бірімен мүдделі экономикалық байланыста. 1978 жылы Дэн Сяопин реформасы кезінде де Тайуан Қытайға көп мөлшерде қаржы қосты.Қытайдың ішкі өлкелерінде Тайуанның көптеген кәсіпорындары бар. Қазір, Тайуанның Қытайға болған ықпалы АҚШ, Жапония Оңтүстік Корея қатарлы елдердің қатарында тұр.  Бір ғана статистикалық мәліметті алға тартайын: Тайуанның Қытайдағы кәсіпорындарында 14 миллионнан астам жұмысшы бар. Бұл жалпы Тайуан халқының жартысынан асып кетеді. Былайша айтқанда, кеуі бір-бірінен пайда тауып отырға ел.  Аралды елдің дербес экономикалық қуаты да дамыған елдердің қатарынан көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда әскери күш қолдану мүмкіндігі жоққа тән. «Әскери күшпен басып алу» деген сөзді шахмат жүрісі ретінде қарау керек. Қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиңды былай қойғанда, азаматтық соғысты жеңіспен аяқтаған Мау Зыдұң (Мао Цзедун) да ондай қадам жасамады. Тіпті, батылы да бармаған деуге болады», – дейді Ерзат Кәрібай. Оның айтуынша, 1950 жылы да коммунистік партия билікке толық ие болғаннан кейін Тайуанды күшпен басып алуына Құрама Штат кедергі жасаған.

Бейжің әскери күш қолданса Құрама Штат Тайуанға болыса ма?

Тайуандық сарапшылар да Құрама Штат әскери қолдау көрсетпеген күнде де Бейжің Тайуанға қарсы әскери қадам жасамайды деп қарайды. Дегенмен, Бейжің аталған тәуекелге барған жағдайда Құрама Штат пен Батыс елдері Тайуан жағында болары даусыз.

Бұл жөнінде Е. Кәрібай: "АҚШ пен Чан Кайшидің байланысы 1927 жылдан басталады. Сол жылы Чан Кайшидің билікті қолына алуына АҚШ пен Британия қаржылық қолдау көрсеткен. Оның қайын жұрты болған Сүн әулеті де Құрама Штатпен тығыз байланыстағы ірі қаржы иелері болды. Бір есептен, АҚШ осы әулет арқылы Чан Кайши үкіметінің финансын бақылауында ұстады. Билікке жеткен коммунистік үкімет Тайуанды күшпен басып алуына болар еді, алайда АҚШ жеті бірдей ұшақ тасымалдаушы кемелерін жағалауға жіберді және ядролық қаруын да 10 миллионнан аса тұрғыны бар Фужиянға қарата дайындап қойды. Бұл әрекеттен кейін Бейжің билігі артық қадам жасау батылдық етпеген деуге болады. Кейінгі Тайуанның Қытайға салған инвестициясының артында да АҚШ пен Британия банктерінің қаржысы жатыр. Ондаған миллион адамды жұмыспен қамтып отырған қаржы аз қаржы емес. Әрі, бұны АҚШ пен Ұлыбритания тегін жіберіп қоймасы анық», – дейді.

Тайуан мәселесінің терең астары

Қытайдың бүгінгі экономикалық дамуы, әскери әлеуетінің артуы мен ықпал көлемінің кеңеюінің бір себебі ел билігінінің табысты даму бағдарламаларында жатса, оның көп айтыла бермейтін екінші қыры да бар. Айталық, дамыған Батыс елдері ресурстар пен экологиялық дағдарыстан шығу мақсатында өндіріс қуатына ие дамушы елдерді өздерінің өндіріс базасына айналдыруды көздеді. Оның үстіне социалистік елдердің ықпалын әлсірету мақсатында Кеңес одағына қарсы балама күшті барлыққа келтіру Батыс елдерінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі үшін керек болды. Бұл сұранысқа Қытай толықтай сай еді. Кең базары және арзан өндіргіш күші мен ресурстардың мол қазынасы бар-тын.

Бейжің билігі де осыған сай реформа мен ашықтық саясатын ұстанды. Содан бері Қытай дамыған елдердің (әрине өзінің де) өндіріс базасына айналды. Ірі кәсіпорындар Қытайдан завод-фабиркаларын құрып, әлемнің ең ұлкен өндіруші елін жасап шығарды.

Өткен ғасырдың соңына қарай әлемнің геосаяси кеңістігінде үлкен өзгерістер болды. Кеңес одағы ыдырады және әлемнің даму бағыты арнасын бұрды. Бұл тұста Кеңес одағына балама күш ретінде және өндіріс ошағы ретінде қолдау көрсетілген Қытай қуатты экономикаға ие болды. Әрі, даму қарқыны әлемнің алдына шықты. Ендігі жерде дамудың көшбасшы салаларында Құрама Штатпен де лидерлікке таласа бастады. Бұл Батыс елдерін қарсы шаралар қабылдауға мәжбүрледі.

2010 жылдан бері қарай Қытайға жақын теңіз-мұхиттарында дау-дамай өршіді. Жапониямен таластағы аралдар, Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық даулар арт-артынан өзекті күйге жетті. Шын мәнісінде, Қытайдың толассыз өндірісіне 60 пайыздан астам ресурсты шетелден – Орта Шығыс және Африкадан кіргізеді. Ал, теңіздегі дау-шарға толы аймақтар осы ресурстардың Қытайға кіретін маңызды өткелі еді. Осының өзінен де белгілі болғандай, Қытай қауіпінен алаңдаған бәсекелестер импорт пен экспорттың күре тамырына қысым түсіруге тырысып келеді.

Міне осындай жағдайда, Тайуан, Оңтүстік Қытай теңізі, Корей түбегі мәселелерінің маңызды күн тәртіпке кіретіні айтпаса да белгілі. Теңіздегі тынысы тарылған Қытай билігі өзінің шығар жолын «Бір белдеу, бір жол» стратегиясынан іздеп, Жібек жолын жандандыруға бар күшін салғанының да себебі сонда жатыр.

“The Qazaq Times”