Бүгін АҚШ президенті Жо Байден Азиядағы бірқатар ірі елдердің басшыларымен маңызды кездесу өткізеді. «Төрттік диалог» кездесуіне АҚШ, Жапон, Үндістан және Аустралия жетекшілері қатысады.
Байден Құрама Штаттарға президент болғаннан бергі алғашқы мемлекеттік сапарымен Азияға жол тартты, қазір оның сапары Токиода жалғасып жатыр. Жапониядан бұрын АҚШ президенті Оңтүстік Кореяда екі күндік сапарын өткеріп, кореялық әріптестерімен қауіпсіздік мәселесін талқылап қайтты.
Бұл сапардың басты мақсаты АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастары және серіктерімен мәмілені шыңдай түсу екені белгілі. Бүгін Үнді-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық жаңа сауда келісімдері жарияланбақ.
Ең маңыздысы, Жапонияда сапары кезіндегі баспасөзге арналған жиын кезінде Байден аймақтағы Қытайдың кеңею қорқынышы туралы ашық сөз етіп, сөз арасында: «Тайуанға (Тайвань) қол салу болатын болса қарумен болса да аралды қорғаймыз», – деген.
«Америка Құрама Штаттары өзіне міндеттер жүктеген. Біз «Бір Қытай» саясатын қолдаймыз. Біз бұған дейін жасалған істердің барлығын қолдаймыз. Бірақ, бұл Қытайдың Тайуанға кіріп күш қолдануға құқығы бар дегенді білдірмейді. Сондықтан біз Жапония және өзге елдермен жақын мәміледе тұрамыз. Бұған жол бермеуіміз керек», – деген президент Байден.
АҚШ президенті Жапония бас уәзірімен (премьер-министр) кездесуде қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жапонияның жасап жатқан шараларын толықтай қолдайтынын да мәлімдеді. Бұл қазіргі билікке келген консерванттар үшін аса маңызды мәлімдеме қатарында бағаланып жатыр.
Ал, бүгін АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиттағы ең маңызды стратегиясы саналатын «Төрттік диалог» елдері кездесу өткізеді. Онда аймақтың қауіпсіздікке қоса, Украина тақырыбы, сонымен бірге Қытайдың аймақтағы қатері және Тайуанға қарата саясаты талқының басты тақырыбы болады.
Бұл күнде Қытай әлемдегі ең ірі армияға ие елдің бірі. Бұл қуатты әскери күшінен пайдаланып Қытай Тайуанға шабуыл жасауы мүмкін деген болжамдар жиі талқыға түседі. Қазір, Қытай қаупін алға тарта отырып Жапония өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шектеулерден шығып, өзінің қорғаныс қуатын дамытуға күш салып жатыр. Осыдан-ақ өңірдегі жағдайның күрделі қайшылыққа бет алып бара жатқанын болжауға болады.