Үгіт-насихат, психологиялық шабуыл мемлекеттің ішкі жəне сыртқы жағдайына нұқсан келтіретін құралдар. Ғаламдастыру үрдісіне сай «ақпараттық қоғам» қалыптасып, аталған құралдар қатары жаңалықпен толықты. Демек, қоғам арасында қандай да бір таптаурын ой қалыптастырып, тұшымды хабар беру телевидениенің бір қызметіне жатады. Қызметтен бұрын, қуаты десек те болар. Араб елдерінде орын алған оқиғалар мен белді телеарна «әл-Жазираның» хабар тарату үлгісі сөзімізге дəлел.
Ақпараттық биліктің қауқары мемлекеттің хал-жағдайын көрсетеді. «Əл-Жазираның» 1999 жылы Ауғанстанда бюросы ашылып, CNN, Associated Press, Reuters агенттіктерімен бірлесе қызмет етті. «Екінші CNN» атанған телеарна 2003 жылы Ирак, 2006 жылы Ливиядағы қарулы қақтығыс немесе «Израильдегі рождестволық соғыс» туралы хабарларымен танылды. «Пікір жəне жеке пікір!» қағидасын ұстанған телеарнаның сол жылдардағы хабарларынан əлемде жетекші орынға ие БАҚ құралдарының ізбасары екені байқалды. Бірақ, 2011 жылы ақпанда Ливиядағы халық толқуларының азаматтық соғысқа ұласуы «әл-Жазира» позициясын 180 градусқа өзгертті.
«Соғыс тудырушының бірі – журналист...»
Экстремистік топтардың Муаммар Каддафиге қарсы шабуылы жайлы ақпарат батыс халықтарына таралды. Сол кезден бастап тəуелсіз телеарна ақпараттық биліктің құрсауында қалып, саяси тұрғыдан толықтай «тəуелді» болды. Ливиядағы Триполь оқиғасы жайлы сюжетте «қарулы қақтығыстардың бірінде наразы топтың Каддафиге қарсы шабуылы салдарынан Киренанкада 6000 адамның қайтыс болғаны» – айтылады. Шын мəнінде, тұтастай манифестік жағдайдың болмағаны жəне қаза тапқандар саны 200-ге жуық екендігі анықталды. «Russian Todау» тілшілерінің зерттеуі қаладағы қанға боялған үлкен алаң мен тоқтаусыз атылған мылтық оқтары көрсетілген сюжеттің Катарда болған оқиға кезінде түсірілгенін дəлелдеді.
Араб ақпаратына биліктің үстемдік еткені туралы бірнеше мысалдар келтіруге болады:
1) 2011 жылы тілшілер «билік басшысына қарсы барлығы 1 миллион тұрғын Тахрир алаңына шеруге шықты», – деп хабарлады. Оқиға куəгері, араб жазушысының айтуынша, «алаңда небəрі 200-ге жуық адам болған». Алайда, жаңалықтың қуаты соншалық, он минуттың ішінде Тахрирдегі бүлікшілер саны сюжеттеідей 1 млн-ға жеткен.
2) «Əл-Жазираның» түсірілім тобы сюжеттерінде жасанды декоратор пайдаланып, жалған ақпарат тарату арқылы ел ішінде алауыздық туғызды. Мәселен, «Əл-Жазира» жаңалықтары арқылы 2011 жылы Тунистегі активистер тобы 35 мыңға, 2012 жылы Каирда болған қақтығыстағы адам саны 2 есеге ұлғайды.
3) «Мұсылман бауырлар» мен ішкі саясат тікелей ықпал еткен телеарна ой-пікір алуандығын қолданғанмен, қақтығыстар кезінде экстремизмді насихаттаумен ғана шектелді. Дүниежүзілік «Амнести Интернешнл» құқықтық ұйымы араб халықтарының «көзі, құлағы» болған арнадағы ақпараттар салдарынан тұрғындардың жеке басына, психологиялық жағдайына нұқсан келгенін айтады. Осы орайда, лайықты цитата: «соғыс тудырушының бірі – тарихшы, бірі – журналист».
«Аузы күйген үрлеп ішер...»
Үгіт-насихат функциясына көшкен телеарнаға деген халық наразылығы күннен-күнге күшейе түсті. Тіпті, редакцияға Израильден ресми 400 нота келіп түседі. Шетелдік БАҚ өкілдері де ливиялық армия ашқан соғыс туралы біржақты көзқарас танытып, «әл-Жазираның» үлгісінде жаңалық таратты. Нəтижесінде, мемлекетке сырттан салынған санкциялар күшейді.
Əлемдік ақпарат кеңістікте «әл-Жазираның» құйтырқы əрекеттері əшкере болған соң, 2012-2013 жылы жиырмадан астам тілші бірінен кейін бірі өз еріктерімен қызметтен кетті. Олардың қатарында бюро жетекшісі Бейрут Хасан Шаабан, продюсер Мұса Ахмед бар. Белгілі корреспондент Əли Хашем де өз қызметін тоқтатқан соң, арнайы мәлімдеме жасады. Өз сөзінде ол: «Бізге сүриялық режимге қарсы билік үстемдік етті. Арнайы бұйрықпен халық мүддесіне қарсы жалған хабар тараттық», – деп телеарнадағы былықтың жай-жапсарын ашып айтты.
Төрт-бес жыл көлемінде тек біржақты көзқараспен насихат жүргізген «әл-Жазира» тілшілерінің хабарлары елдегі ақпараттық қауіпсіздіктің əлсіздігін көрсетеді. Бірақ, дүмпулер мен халық наразылығына қарамастан шеңберді бұзып жарған арна батыс елдері үшін «ашық терезе» функциясын тоқтатқан жоқ. 2014 жылы директор қызметіне сайланған Əбу Халал телеарнаға түбегейлі өзгеріс енгізуде. Ал жаһандану кезеңіндегі жаңарған «әл-Жазираның» ертеңі уақыт еншісінде.