Жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Твиттер парақшасында Иранға қарата қатаң ескерту мен сын-пікірін жариялаған болатын. Бас әріптермен жазылған бұл ескертуде Трамп Иран президенті Хасан Руханиге: «Ешқашан да Құрама Штатқа қандай да бір қауіп төндірмейтін болсын, егер бұл ескертуді тыңдамаған жағдайда Иранның жауапкершілігі ауырлай түседі», – деді. Ал кеше Ақ үйдің алдынғы ауласындағы көгалда журналистерді қабылдаған кезде Трамп бұл сөздері үшін еш өкінбейтінін де айтып салды.

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтонның айтуынша, ол соңғы бірнеше жылдан бері Трамппен жиі қарым-қатынаста болып келген. Бір рет екеу ара әңгімеде Трамп: «Егер Иран қандай да бір теріс қадамға баратын болса, онда бұрын соңды еш бір елдің басына түспеген ауыр өтемді қабыл алатын болады», – деген.

Трамптың жексенбі күнгі жасаған ескертуіне байланысты Атлант Кеңесінің болашақ Иран бастамасы жобасының директоры Барбара Славин өз ойын айтты. Ол сөзінде: «Бұл Трамптың қолында адамды алаңдататын көптеген мәліметтердің бар екенін білдіреді. Оның ескертуі сәл артық кеткендей көрінгенімен, мен бұған таң қалмаймын», – деді.

Шын мәнісінде Трамптың сөзі Руханидың одан бұрынғы мәлімдемесіне жауап ретінде айтылды деуге болады. Рухани Құрама Штат үкіметіне қаратқан сөзінде: «Арыстанның құйрығымен ойнауға болмайды. Оның соңы үлкен өкінішке алып келеді. Құрама Штат Иранмен бейбіт қатынаста болу барлық тыныштықтың кепілі екен, ал Иранмен жауласу барлық соғыстың білтесі екенін түсінуі керек», – деген болатын.

Дегенмен қазіргі жағдайдан алып қарағанда, Трамп пен Руханидың бірқатар ортақтықтары да бар. Екеуіде өздерінің сыртқы саясаттарына байланысты ішкі саяси күштердің қарсылығына ұшырап отырған лидерлер. Рухани болса ирандықтардың экономикалық жағдайға қанағаттанбауынан туындаған қарсылықтарға тап болып отыр. Осыған байланысты кейбір сарапшылар жағынан, екі президенттің қатаң эмоцияға ие сөздері шын мәнісінде ішкі қайшылықтарда ұпай жинау үшін деген көзқарастар да айтылып жатыр. Сонымен бірге Трамп өзінің Солтүстік Кореяға қаратқан әдісін тағы да пайдаланғысы келеді. Айталық, экономикалық және саяси қысымдарды қатар арттырып, келіссөз үстеліне келуге мәжбүрлеу.

Иранға бағытталған дағдарысты жобалау тобының жетекшісі Али Эванц VOA News-ке берген сұхбатында: «Қос тарап та дағдарысты жеңілдетудің алғашқы қадамдарын жасауға құлықсыз. Бұның жақсы жағын айтар болсақ, екі тарап қарсыластықта қала береді, ал жаман жағын айтар болсақ, тікелей қақтығысқа өтуі де бек мүмкін», – деген.

Көптеген саяси тұлғалар Иран қауіп-қатерін жою үшін Трамптың күш қолдану туралы шешім жасауынан алаңдайды.  

 Барбара Славиннің ойынша, Трамп ең алдымен қақтығысты бастауы екіталай. «Алайда, АҚШ қазір Иранға экономикалық соғысты бастап кеткен. Шынын айтар болсам, бұл ирандықтар үшін өте қауіпті», – дейді Славин ханым. Оның сөзінен Трамптың Орта Шығысқа әскер аттандырғысы келмейтінін аңғаруға болады. Тіпті, АҚШ әскерлерінің Сүрияда да қалуын қаламайтын Трамп Иранға әскери шабуыл жасай қоюы екіталай. Бірақ, оның таңдағаны экономикалық соғыс. Бұл соғыс Иран үшін, сарапшылардың айтқанындай, қарулы қақтығыстардан да қатерлі.

Бұдан тыс, Израиль мен Сауд Арабиясы секілді Иранға дұшпан елдерді айтпаған күннің өзінде, АҚШ-тың Иранға соғыс ашуын халықаралық қауымдастыққа мүше елдердің қолдай қоюы тым қиын. Себебі, Иранның халықаралық қауымдастық алдында жүзі жарық. Яғни, Иран өз ядролық бағдарламасын тоқтатты және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келісімдерге, атап айтқанда Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарына сәйкес келеді деп мәлімдейді.

АҚШ-тың және бірқатар еуропалық елдердің ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұйымдары, зерттеу орталықтары жасаған мәлімет бойынша, қазіргі таңда Иранда ядролық қару жоқ екені анық. Бірақ, Иранның қысқа, орта қашықтықтағы және баллистикалық зымырандары жақсы дамыған. Өзге де эксперттердің болжамы бойынша, Иран өзіне қандай да бір соғыс немесе арандату әрекеттері жасалса өзге де жауаптары бар. Айталық, Парсы шығанағының қақпасы Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін. Ал, Ормуз бұғазы Орта Шығыс мұнай тасымалының қолқа-жүрегі. Бұл бұғаз бір күн жабылса Еуропаның бір айлық ұйқысы шайдай ашылады.

Ал америкалық саясаткерлердің болжамына сүйенсек, Иранның бұндай жауаптарынан тыс, өңірдегі жақтастары, одақтастары сондай-ақ, террорлық ұйымдар мен хакерлері де бар. Ирандық хакерлер Сауд Арабиямен болған «кибер-соғыста» сыннан өткен.

Сонымен, Иран ядролық мәселесінен, одан басқа да қайшылықтардан өрбіген АҚШ-Иран арасындағы бұл алауыздық шырқау шыңына жетіп қалды. АҚШ президентінің мәлімдемесінен кейін, мемлекеттік хатшы Помпео да мәлімде жасап, АҚШ-тың барлық одақтастарын Иранға қарсы экономикалық қысым түсіруге шақырды. Істің осы даму бағытынан қарағанда екі ел жақын арада соғысып кетпеген күннің өзінде экономикалық соғыс Иран жұртына үлкен алапат алып келуі ғажап емес. Трамптың да таңдағаны қарусыз майдан.

“The Qazaq Times”