2018 жылғы «Тынық мұхит аясы» әскери оқу-жаттығуы Гавай аралдарында басталды. Тамыздың бас шеніне дейін жалғасатын кезекті жаттығудың бір ерекшелігі Қытайдың қатыстырылмауы. Оның есесіне Вьетнамның «Тынық мұхит аясында» алғаш рет бой көрсетуі. Бұл туралы көптеген елдің сарапшылары, Вьетнамның әскери жаттығуға қатысуына баса назар аудару керектігін, себебі бұл Америка Құрама Штаттары Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Қытайдың ықпалын қарсы тұру үшін, өңірдегі басқа елдерімен күш біріктіретінін көрсетеді деген пікірде.
Аталмыш жаттығуға Аустралия (Австралия), Бруней, бразилия, Канада, Чили, Колумбия, Франция, Германия, Үндістан, Индонезия, Израиль, Жапония, Малайзия, Мексика, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Перу, Оңтүстік Корея, Филиппин, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Тонга, Ұлыбритания, АҚШ және Вьетнам қатарлы 26 ел қатысуда. Бұлардың арасында, Вьетнам, Бразилия, Шри-Ланка және Израиль қатарлы төрт ел жаттығуға алғаш рет қатысып отыр. АҚШ теңіз күштері әлемдегі ең ауқымды теңіз жаттығуын 27 маусым күні іске қосқан. 2 тамызға дейін жалғасатын әскери жаттығуға 25 мың жауынгер, 52 соғыс кемесі (сүңгуір кемелерді қамтыған) және 200-ден астам соғыс ұшағы қатысады.
АҚШ Сараптама орталығының әскери-теңіз істері жөніндегі сарапшылары, бұл реткі әскери оқу жаттығудың мақсаты туралы айтқанда: «Құрама Штат ортақ мақсаттағы елдермен, айталық демократияны жақтаушы елдермен бірлесе әскери жаттығу өткізіп отыр. Ал, социалистік режимдегі Вьетнамның бұл жаттығуға қатысуы әлем назарын аудартады. Әсіресе, Қытайды қатыстырмай, Вьетнамды өзіне тартуы жаттығудың мақсатын анық аңғартып отыр. Айталық, өзімен бір мақсаттағы елдердің күшін Қытайға қарсы бірлікке алып келмек», – деген көзқараста.
26 мемлекеттік басым көбі Қытайға жақын аумақта орналасқан. Вьетнам болса Қытайдың оңтүстік іргесінде, Оңтүстік Корея мен Жапония шығысында, Үндістан оңтүстік батысында, Аустралия, Индонезия, Сингапур, Малайзия, Филиппин елдері Қытайды айнала қоршап жатыр. Кең көлемдегі стратегиядан алып қарағанда, АҚШ өз ықпалын осы аумақтағы Қытайдың ықпалымен теңестіру немесе асыру үшін осы елдермен қарым-қатынасын дамыта түсуге тырысады. Дәл осы мақсатта, Вьетнам мемлекеті демократиялы ел саналмаса да кезекті жаттығуға тартып отыр. Кезекті жаттығуға Вьетнамның тартылуы АҚШ-Вьетнам қатынасында маңызды қадам болып саналады. Қазіргі кезде Оңтүстік Қытай теңізінен Қытай ықпалын ығыстыру үшін АҚШ тарабы Вьетнамды маңызды серік ретінде қарастырып отыр.
Вьетнамда соңғы екі жылдан бері Қытайға қарсы демонстрациялар белең алды. Ел азаматтары арасында да Қытай кәсіпорындарына деген наразылықтар күн сайын өрши түсуде. 2016 жылдан бері АҚШ пен Вьетнам арасындағы қарым-қатынас күшейе түсті. Наурыз айында АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы алып кемесі Вьетнам жағалауына келіп тоқтап, 40 жылдан бері қайталанбаған тарихи оқиғаға айналды. Жапонияның «Дипломат» атты ресми басылымы да Вьетнамды Үнді-Тынық мұхитында Жапонияның сенімді серіктесі деп бағалаған.
Осының бәрі, бір сөзбен айтқанда АҚШ-тың Қытайға қарсы үлкен стратегиясы деуге болады. «АҚШ-Қытай арасында соғыс болған жағдайда қалай болмақ?» деген мәселеге талдау жасаған әскери істер мамандары мен сарапшылары бір ауыздан әуе және теңіз соғысының болатынын, Тынық мұхит басты соғыс алаңына айналатынын айтқан. Соңғы он жылдан астам уақытта Қытай тарабы осыны анық зерттеп танып, өзінің теңіз және әуе күштерін баса дамытты. Бұған дейін Қытай өзінің қуатты құрлық армиясымен мақтанып келгені де рас. Қазір Қытайдың теңіз және әуе күштері толықтай АҚШ-пен тең келмесе де, кейбір салаларда оқ бойы озып кеткені мәлім. Оның себебін сарапшылар, Қытай тарабы өзіне керекті негізгі тетіктерді талдап, соларды алдымен дамытуды көздегенімен байланыстырады.
Екі держава арасындағы бұл тірес, шын мәнісінде, ұзақ жылдар бойы жетілген қайшылық деуге болады. Ұқсамаған саяси жүйедегі және ұқсамаған бағыттағы екі ел билігі Тынық мұхит сынды алып қазанда бірге қайнай алмайтынын бұрыннан білген. Сондықтан да, былтыр қыркүйек айында Трамп Қытайды Құрама Штаттың стратегиялық қарсыласы ретінде ресми түрде атады. Кейбір сарапшылардың пікіріне сенер болсақ, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық, саяси және әскери текетірес болашақта АҚШ-Ресей арасындағы қайшылықтардан да асып түсуі бек мүмкін.