Телефон

Менің телефонымда - болашақ аруақтардың аты-жөндері,
нөмірлері жазулы,
Олардың ішінде ағаларым да бар,
інілерім де бар азулы,
Олардың ішінде
қатал апаларым да бар,
боталарым да бар мақтаулы,
дос-қастарымның да,
қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

Олар бір бірімен xабарласып жатады,
Дабырласып жатады күні-түн,
Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.
Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,
сүйкей салмаймын нөмірін,
Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.
Олар да маған xабарласпайды,
қоңырау шалмайды, кеңесіп,
Өздері ғана сөйлесе беретіндері,
сөйлесе беретіндері не осы?!
Ешкім маған xабарласпайды,
Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!
...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..

 

 

ТҮНГІ КОЛЛАЖ        

 

Керікмойын мұржалар... көмейлерінен жын  ұшып...

Жапырақ-жәндік сыңсиды, өз ішінде бүрісіп.

Ертегілік кейіпкер шығардайын құмардан,

Түкпірінде есімнің шар үрлейді тұманнан...

 

Құбылмалы өмір бұл, кейде қиял, кейде мұң,

Өзім де адам емеспін, сыра аңқыған жейдемін.

Бірақ тірі жейдемін,

Сөйлеуге де тілім бар,

Ойлап қоям, сыра иісін жақсылыққа ырымдап.

Қалықтайды әуеде май шам жанған бөлмем де.

Құтырынған құс сынды жаға-жеңім ербеңдеп...

Түнгі жынды көбелек нұр іздейді көзімнен...

Аман қалсам игі еді шалығы зор сезімнен!

 

Ішімдегі шайтаным шайқап-шайқап қайғысын,

Жүрегіме толтыра ішіп отыр, байғұсым...

Көше кезіп, бақ кезіп, қанбай қалған ойыны ма,

Қалғып жатқан таулардың бұлттар еніп қойнына,

Өзім еккен жас талдың түс көруде бүршігі.

Ай да қонды аулаға, көк ала қал – тұмсығы.

Тек сен жоқсын бұл түнде,

Сағындырмай келші, еркем,

Құлазыған ғұмырға егіз болған көлеңкем...

 

  

КРОССВОРД

 

Түйсігіммен түртіп қалдым тылсымды,

көкжиекке түн сіңді.

Кім түсіне аяр екен мұңшылды?

Ішімде біреу күрсінді...

 

Жүрегіммен түртіп қалдым ғаламды,

шу құрсады санамды...

Қайдан келдім, қайда ғана қамалдым?..

Аяп кеттім Анамды...

 

Содан кейін...

түртіп қалдым Аспанды,

жұлдыз біткен жасқанды...

Шешіп қойып жатыр едім маскамды,

бет-жүзім-ай тастанды!

 

Кірпігіммен түйреп қалдым ауаны,

білмейді екен дауаны.

Ойлар кімнен қайда, қалай ауады?

Сөз жаңбыры қайдан келіп жауады?

 

Айды түрттім... жылжымады еш төмен...

Білмейді екем ештеңе.

Біреу Көкте жазып отыр бір өлең,

миымдағы кроссвордтық кестеге...

  

 

ҚАС-ҚАҒЫМ

 

Айқасқанда кірпіктерім, көз жасымен бапталған,

Қорқынышқа қозғау салып қараңғылық қатпарлы,

Қайдағы бір әлемдерден (алтынменен апталған)

Жұлыныма жұлдыз жауды, көк түбінде сақтаулы.

 

Жар қасында ашылғанда жалғыздықтың құшағы...

Бір бұрышта бөлектенем бар ғаламнан, бүрісіп.

Көз ұшында ұшып жүрді жүрек қана құсалы,

Қып-қызыл бір көбелектей түн іші...

 

Көз ішінде күрсінулі көлеңкелер көшуде,

Көлеңкелер - жүйкемдегі сәулелердің мүрдесі.

Айналамнан ызың-қуың естіледі дыбыстар,

Барша адам мен өсімдіктің ауысқандай мүлде есі...

 

Уақыттың өзі, сірә, қап-қара тас пішінде...

Ертең қайта қақ төбемнен Күн жайнай ма, кім білген.

Бір жұмылып, бір ашылған жанарымның ішінде

Ұшып жүрді бір қара құс, қанатына түнді ілген...

 

 

КҮЗГІ СЕРУЕН

 

Жапырақтан жаңғырып Күз дауысы,
Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.
Түйсігіңе жұмақты сездіреді,
Билеп тұрған түстердің қозғалысы.

 

Аспаннан сыңғыр етсе күміс xабар,
Шыршалардың жүйкесі тынышталар.
Жорыққа аттанғанда құс атаулы,
Шеру тартып ұрандар құмырсқалар!

 

Шөптердің арасынан дабырласқан,
Сақалын сауып отыр адыраспан!
Тербеледі итмұрын өз әніне,
Тербеледі ешкімді танымастан.

 

Жел де міне, тал таппай қағынарға,
Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.
Қарта ойнайды таласып тас үстінде:
Жарқанат-ой,
Қиял-қаңбақ,
Сары қарға.

 

Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған,
Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!
Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,
Шашынан жусан исі бұрқыраған.

 

Ермен-кемпір бал ашса - талағаны,
Қара жидек - көк тиын санағаны.
Қасында отырса егер татыр-әже,
Шырғанақтан тастай сал садағаны!

 

Үйеңкіге сәлем бер,
(ақын ол да),
Шарабынан бірақ та татып алма.
Күзге айналып ағады арық іші,
Бір шетінен тістелген уақыт-алма...

 

Мынау баудың жайқалып бау болғалы,
Күз келсе де жатады тар жолдары.
Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар,
Көкке қарай созылып тал қолдары.

 

Құла белдің шырмалған ну етегі,
Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.
Кеуіп қалған көгалдың орайынан,
Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!

 

Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,
Торғай қонды көңілдің шарбағына?..
Бірін бірі секеңдеп қуалап жүр,
Бағаналар сүйеніп балдағына.

 

Жетім күшік айырылған енесінен,
Өз бейнесін жалайды тегешінен...
Аңқауым-ай!
Аңтарылып қарап қалар,
Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!

 

Кеш қарайды.
Кешті де қош көрдік-ай!
Зәу көкте жас қараул - он күндік Ай.
Ертегілік әлемнің бір шетінде,
Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!

 

Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң,
Мен мұндай қойылымға мәз боламын!
...Қыркүйектің шетінде сынып жатыр,
Ойыншығы кешегі жаз-баланың...

 

 

ГЕНЕТИКА

 

Жетінші әкем жадымда менің.

Жаңбырлатар аспан тезінен,

Сансыз белгі...

Түсінбегенмін.

Байқамағанмын.

Сезінем.

 

Бөтен сезім, өзге пайыммен,

өте ме екен тегі өмір?

Енді кіммен, қандай ойынмен

сынайды екен мені Тәңір?

 

Таңырқатады көрген түстерім...

Тым бейтаныс – маған әлем.

Өзегімді өртейді үнемі, іштегі,

сыртқа шықпай қалған өлең...

 

Қайда бастап барады мені

мына сүрлеу?.. күнә-жарық?..

Күндер, жылдар тонады мені

қай қалтарыста тұра қалып?

 

Құпияға жетемін дедім,

«Ойлан, сұра, ақымағым!..»

Қыс келгенде, сөнеді сенің

жапырағың...

 

Жадымдағы жетінші әкенің

дауысы тұр ғой жаңғырып!..

– Кімсің өзің, менің бөтенім?

Қайда жүргенсің қаңғырып? ..

 

Жауап бермейді.

Ішімде менің,

Жылайды әлі қанша рух?..

Мен ештеңе түсінбегенмін,

Ақымақ болар ма ем, соншалық...

 

 

ШАҺАР КЕЗГЕН

 

Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,

Жұрт іші ағып келем, сабылысқан.

Жанарымнан сан ұшқын шашырайды,

Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.

Ағып келем...

Теңіздей халық іші,

Кекілімді сипайды жарық ұшы.

Мен туралы білмейтін мына жұрттың,

Ұнайтыны несі екен сабылысы?

Ағып келем...

Өзгелердің қимылын бағып келем,

Ми қозып,

Лапылдайды жанып денем.

Сүйе аламын білемін, бәрін-бәрін,

Жүрегімді тұтатып, жарық берем!

Ағып келем...

Амалсыз, қарсылықсыз,

Көңіл тыныш, ми сергек, жан-құлықсыз.

Мына нөпір әкетсің, адастырсын,

Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!

 

Көздері көздеріммен шағылысқан,

Бір сәтте Мұңым – мыстан

бұрылыстан,

Атып шығып алқымыма қолын созар,

Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.

Қорықпаймын!

Садақаға өлең өріп бере салам,

Жұлып алып кез келген құбылыстан!

 

Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,

Жүрегі жылып кетер, сұмырайдың!

Ал, мен ары жұрт іші аға берем,

Ешқашан ештеңеден жылымаймын....

 

 

ЖАЛҒЫЗ

 

Шексіз ғарыш шетінде

жетімсірер Жер-жұлдыз.

Сол жұлдыздың бетінде

Сен жалғыз да, мен жалғыз.

 

Жалғыздардың әлемі?...

Сен көпшіл де, мен көпшіл?

Тор тоқиды әдемі,

Көбелекке өрмекші...

 

Құрай – жалғыз, мыс – жалғыз,

Жалғыз – барлық атомдар.

Құс – жалғыз

және

барлық Ақындар.

 

Жүрек – жалғыз, ми – жалғыз.

Шылым жалғыз шоқтанып...

Аярланған жүзіңе

Ай қарайды сұқтанып.

 

Бәрі – жалғыз.

Тәңір де.

Ажал – бөлек, Ар – бөлек.

Өмір мәні, тегінде,

өрмекші мен көбелек...

 

 

ӘДЕМІ

 

Зұлымдық жоқ әлемде, бәрі әдемі,

Жапалақтап жауатын қар әдемі,

Қыздай нәзік бұралған тал әдемі,

Өзің сүйген жалғанда жар әдемі.

 

Зұлымдық жоқ әлемді, бәрі әдемі,

Шуақ шаша ататын таң әдемі,

Мөлдіреген жүректе жан әдемі,

Жаратқаннан ұялған Ар әдемі.

 

 

***

 

Беймәлім бір жағдайларды түсінем,

Түсінем де, ауыр-ауыр күрсінем.

Содан кейін бір тылсымның күшімен,

Өлең жазып отырамын, қарайып,

Арқамдағы қанатымның ұшымен...

 

Көріп қойып ақ гүлдердің жүрегін,

Мен олардың мұң мен шерін білемін.

Серпіп тастап, мына әлемнің түнегін,

Жарық шашып жанарымнан, сұлбамнан,

Өзге әлемнің жолдарымен жүремін.

 

Байқап қалып өзге әлемнің шырағын,

Мен олардың белгілерін ұғамын.

Содан кейін таусылғанша шыдамым,

Бір нүктенің шетіне кеп, жаутаңдап,

Жәбірейіл жанарында тұнамын...

 

 

***

 

Жатқаныңда көзіңмен таң асырып,

Жүрегіңде бүр жарар бала-шыбық.

Әлемнің ажал кезіп әр бұрышын,

Тәндер жатар Көк-Аспанға Жан ұшырып.

Кере созып ақ нұрдай қанатымды,

Қақ жарып Жан ұшса ғой қара түнді!..

Тұғырдан шырқап Көкке кеткім келсе,

Дауыстап қайтарады Жар атыңды.

Тәңірімнен алыстап тағы бір сәт,

Қамалған құсқа қайта Жаным ұқсап.

Жұмысқа бара жатам Мұң кейпінде,

Аспанға қайта-қайта қарағыштап...

 

 

АНТИҚҰСАЛЫҚ

 

Көкірегін көкжиекпен көмкерiп,

Жұлдыз жұтпақ, Көк төсінен жұлып ап!

Бұлт  шайнамақ, өз-өзінен өртеніп...

Па десеңші! Қылық-ақ!

 

Қарғап-сілеп мына бес күн жалғанды,

Дәтін тырнап, зарланды.

Өкінішінің өртін сұмдық лаулатып,

Өртемекші орманды!..

 

Оған енді не дейін-ай, не дейін,

Сақал-мұрты – қудан ақ.

Көл боп аққан көз жасымен, әдейі,

Мұхиттарды уламақ!

 

Тектен-текке көңірсіген ғұмыр-ай!..

Іздемейді дауаны.

Ұнжырғасы үңірейіп,

Сұмырай

Ұрлап кетпек ауаны!

 

Ақырынып айтқан сөзі – ала жел...

Қай адамға пайдалы?

Қара Аспанға күрсінеді Қара Жер,

Айдан – күміс айдары.

 

Зәр шашады алабұртқан қоғамға

Көзіндегі сұқтан да!

Жұқпаса екен оның дерті  маған да,

Жұғып кетсе, бітті онда!

 

Жүрек қылын жын үнімен жалғап мен,

Күресімді құсалықтан бастаймын:

пешенесін көздеп тұрып бармақпен...

Бір күндері атамын да тастаймын!..

 

 

***

 

Аспаннан алабұртқан жетсе бір ән,

Санамнан пендеге тән кетсе күмән.

Көрер ем түйсігіммен өзге әлемді,

Көз алдымнан өзен боп өтсе тұман.

 

Саяхат иісі шықса ат жалынан,

Кешірім үні жетсе жат жанынан.

Жарыққа еніп кетіп, бақ табар ем,

Өмірдің ең алғашқы бастауынан.

 

Содан соң көңіліммен шат шадыман,

Сұлбамды жарқыратып ақ сағымнан.

Ең үлкен жұмбақ жайлы өлең оқып,

Аңқылдақ періште боп ақтарылам!

 

Бұрын маған жау болған, ұнаған бар,

Сендер сонда өкініп жыламаңдар,

«Тіріңде неге мұны жасырдың?» - деп,

Сұрамаңдар!

“The Qazaq Times”