Қоғам белсенділерінің "Жаңа Қазақстан" форумын құрғандарына көп бола қойған жоқ. Қатарында Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Айдос Сарым, Расул Жұмалы және басқа да елге танымал саясаткерлер бар ұйымның негізгі жұмысы - бұқараның мұңын-мұңдап, жоғын жоқтауға бағытталған. Форумға мүше азаматтар осы жазда өңір-өңірді аралап, қарапайым тұрғындар арасында қордаланып қалған қандай мәселелер барын анықтамақ. Кейін, сол түйткілдерді шешуге білек сыбана кіріскелі жатыр.
Одан бөлек, "Жаңа Қазақстан" форумы алдағы уақытта қандай жұмыстармен айналысады? Қай салаға басымдық беріп отыр? Бәлкім, ұйымға қысым көрсетіп жатқан құрылымдар бар шығар? Осы сұрақтарға жауап алу үшін форум белсендісі Әміржан Қосановпен сұқбаттасқан едік.
- Әміржан мырза, "Жаңа Қазақстан" форумын құру туралы мәлімдеме жасадыңыздар. Ендігі жоспарларыңыз қандай?
- Енді, оппозициялық ұйымдарға қырғидай тиетін, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын жаппай жойып жатқан бүгінгі биліктің тұсында жаңа ұйым құру туралы мәлімдеме жасаудың өзі оңай шаруа емес. Билікшіл партиялардан, кейінгі кезде ырду-дырду боп кеткен оппозициядан көңілі әбден қалған жұрт қазір кез келген бастамаға сене бермейді де.
Басты айтарым – біз Қазақстанда бұрын болған демократиялық ұйымдардың мол тәжірибесіне жаңаша, қазіргі күн талаптарына сай сипат бергіміз келеді.
Соңғы 27 жылда қоғамда қандай мәселелер қызу талқыланды, әлі де өзектілігін жоғалтпаған нендей түйіткілдер барын саралай келе, біраз жайтқа мән беріп, қағазға түртіп қойдық. Бізде экономикалық, әлеуметтік, рухани салада, сондай-ақ, елдің сырты және ішкі саясатында шешімін таппаған әлі біраз проблема бар. Енді соларды тиімді шешудің жолдарын қарастырамыз. Осылардың барлығын "қоржынымызға" құйып, оларды шешу жолдарын идеялық құндылығымыз ретінде пайдаланғымыз келеді.
Әрине, ел ішінде не болып жатқанын біз бір адамдай білеміз. Ел-жұртпен ешқашан үзілмеген, жанды байланысымыз бар. Өзіміз де қалың қазақтың ішінен шықтық.
Бірақ, біздің ойымызша, қазір ел ішінде біз ұғына бермейтін маңызды тенденциялар қалыптасқан. Қоғамдық сана өзгеріп жатыр. Ол өзгерістер жаңаша, бұрын-соңды болып көрмеген сипатқа ие. Сондықтан да форум құрамындағы барлық азаматтармен келісіп, жаз уақытында ел-елді, жер-жерді аралайтын болып шештік. Ондағы ой – қоғамдық ой температурасы мен бағыттарына бойлау, елді толғандырып отырған мәселелерді көпшіліктің өзімен тағы бір талқылап алу. Керек десеңіз, қоғамға қозғау салу.
Бұған дейін пайда болған саяси ұйымдардың бір кемшілігі – олар жоғарыдан құрылатын. Біз болсақ, «Жаңа Қазақстанды» төменнен, халықтың өз ішінен қалыптастырғымыз келеді!
Саяси өмірдің сылбыр болып кеткеніне біраз уақыт болды. Өткен сайлаудан кейін біріккен оппозицияның үні тіпті бәсеңдеп кетті. Демократиялық күштер бірлесіп қимыл-әрекет жасаған жоқ. Сондықтан сірескен осы тоңды жібіту үшін, өңірлерге сапарлаймыз.
- Яғни, халықтың белсенділігін арттырып, олардың саяси сауаттылығын толыстыру үшін аттанасыздар ғой?
- Иә, жасыратыны жоқ, соңғы рет өзім біріккен оппозициялық топтың құрамында жүріп, 2011 жылы сайлау кезінде ел аралаппын. Ал одан кейін кешенді түрде саяси жұмыс болған жоқ. Біздің ой - осыны қайта жаңғырту.
Тағы бір мәселе - мені бүгінгі биліктің форумға деген түсініксіз көзқарасы алаңдатады. Мәселен, олар келіп кеңсемізді жауып кетсе, осыған дейін ұмытылған заңбұзушылықтарымызды айтып, қудалап жатса немесе шақырып алып, қоқан-лоқы көрсетсе түсінер едім. Алайда әзірше оның ешбірі жоқ.
Меніңше, біздің бастаманың осыншама жанды боп, көпшіліктің қолдауына тез арада ие боп кететінін билік күткен жоқ. «Бірнеше адам бас қосса, не болады дейсің?» деген сыңайда болжам жасаған болуы керек.
Бірақ, қарап отырсақ, құланның қасуына, мылтықтың басуы демекші, қалың жұртшылық елде дәл осындай, жаңа тұрпаттағы, демократияшыл, ұлттық және мемлекеттік мүддені басты құндылық ретінде танитын, елге танымал тұлғалардан құралған қоғамдық күшті біраздан бері күтіп келген екен. Оны біз өзімізге күнделікті хабарласып жатқан ағайынның жылы лебізі мен қолдауынан сезіп отырмыз!
Оның үстіне, қазіргі биліктің өзі саяси тұрғыда біртұтас емес. Сондықтан ол жақта «бәріне тыйым салып, о баста құртып-жояйық!» деуші «қаршығалар» мен қатар «қалай болғанда кез келген елде заң аясында қимыл-әрекет жасайтын балама күштер де болуы керек» дейтін «кептерлер» де бар екені анық. Бәлкім, билік әліптің артын бағып отырған шығар. Әлде, форум туралы бастама көтерген бізге қарсы құйтұрқы сценарий дайындалып жатыр ма, ол жағын білмедім.
Жұрт бізді «неліктен бірден белсенділік танытып, тура іске көшпейді?» деп сынап та жатыр. Оларға айтар уәжім мынау – әзірше біздің аяқ-қолымыз тұсаулы. Өйткені, Қазақстан заңнамасына сәйкес, кез келген жаңа ұйым ресми түрде тіркеуден өтуі тиіс. Сондықтан біз білікті заңгерлермен ақылдасып, тіркеу мәселесімен айналысып жатырмыз.
Билік бізді тіркей ме, тіркемей ме, оны да білмедім, жоғарыда мен атаған «қаршығалар» мен «кептерлердің» талас-тартысы шешетін болар.
Не болса да, шешінген судан тайынбас, бізді тіркемей қойса да, біз жеке тұлғалар не басқа ұйымдардың өкілдері ретінде өз қызметімізді жалғастыра береміз!
- «Жаңа Қазақстан" биліктің мүддесіне құрылған жоқ» деп осыған дейін де айтқансыздар. Алайда, мінбердегілермен арада бәрібір қандай да бір байланыс бар шығар? Әйтпесе бұл форум да экстремистік ұйым деп танылып кетуі мүмкін ғой?
- Биліктегі адамдармен мүлдем байланысымыз жоқ деп айта алмаймын. Бәріміз – халық та, билік те – бір елде өмір сүріп жатыр емеспіз бе? Вакуумда емеспіз ғой! Оның үстіне, кез келген қоғамда елдің мұңын жоғарыға жеткізу үшін қоғамның билікпен, оның ішінде жүрген тұлғалармен саяси байланыста болу шарт. Әйтпесе, өзекті мәселелерді қалай шешпекпіз?
Жалпы біз, осыған дейін орын алып келген құбыжық та кертартпа дәстүрден бас тартуымыз қажет! Яғни, бұған дейін билік пен оппозиция бір-бірін ата жауындай көріп келді. Ешқандай да диалог болған жоқ! Мұндай үрдіс екі жаққа да, ең бастысы, қоғамға, мемлекетке абырой берген жоқ!
Сондықтан да демократиялық үдерістерді жандандыру үшін екеуара диалог орнауы қажет! Әрине, мұны дұрыс жағынан түсінген абзал. Әйтпесе, билікпен байланысты біз құпия келіссөздер үшін емес, қоғамда болып жатқан оқиғаларды, ел болашағын ашық та принципті тұрғыда талқылау үшін жүргізетініміз хақ!
Сонымен бірге, біз өмір шындығын мойындайтын реалистпіз. Диалог болмауы да мүмкін. Ондай жағдайға да біз дайынбыз.
Экстремизм деп қалдыңыз. Диалогтың жоқтығы сол экстремизмге алып келеді емес пе?!
Біз, әрине, Қазақстандағы заңдардың біразына, соның ішінде, қоғамдық-саяси өмірді реттейтін заңдарға қатысты қатты сын айтып келеміз. Оның өз реті де бар. Ол заңдардың біразын түбегейлі өзгерту қажет.
Бірақ, сонымен бірге, біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Билікті құқықтық режимге шақырсақ, өзіміз де құқықтық алаңда жұмыс істеуіміз шарт. Сондықтан өз қимыл-әрекетімізді Конституция мен заңнама аясында жүзеге асырмақ ойымыз бар. Билікке келген соң, сол заңдарды міндетті түрде өзгертіп, қоғамдық өмірдің жандануына тосқауыл болып отырған оларды демократиялық стандарттарға сәйкестендіреміз!
Бізде өзінше бір парадокс орын алған: қоғамдық ұйымдар құқықтық алаңда қызмет жасағымыз келсе, биліктің өзі әртүрлі қарсылық әрекеттері арқылы оларды сол алаңнан тықсырып, заңсыздыққа итермелеп жатыр! Мәселен, митингілер туралы заңнама мен практиканы алайықшы. Конституция бойынша олар рұқсат етілген, ал нақты заң – тыйым салады. Осындай жөнсіздіктерден құтылатын уақыт келді.
- Әр ұйымның, партияның немесе жай ғана топтың да өзінің ұраны болады. «Жаңа Қазақстанның» ұраны қандай?
- Біз өзіміздің мәлімдемемізді жарияладық. Сонда көп нәрсе айтылған. Ол – біздің ұжымдық құжатымыз. Соны басшылыққа аламыз.
Оған қосарым мынау.
"Жаңа Қазақстанның" ұраны - Жаңа Қазақстан. Яғни, 27 жыл бойына қоғамда орын алған барша ескі кемшіліктер мен қауіп-қатерлерден құтылып, дамыған өркениетті мемлекеттердегідей саяси жүйе құрып, Қазақстан халқының өмірін жаңа сапаға көшіру! «Жаңа Қазақстан» дегеніміздің артында жаңа, олигархтардың емес, халықтың қажетіне жұмыс істейтін экономика, жаңа, бай елде кедейлерді жоятын әлеуметтік саясат және жаңа, халық бақылауында болатын, жүйелі түрде ауысып отыратын, жауапты билік жүйесін құру тұр!
«Жаңа Қазақстан» сонымен бірге жаңа форматтағы демократиялық ұйым болмақшы. Яғни, қоғамдық жұмыста заманауи әдіс-тәсілдерді, коммуникация құралдарын пайдаланамыз. Бұл, әсіресе, жастармен жұмыс жасауда ерекше маңызды!
Өзіміз ұмтылып әрі билікке ұсынып отырған билікпен жаңаша қарым-қатынасты да мен «Жаңа Қазақстанның» бір ерекшелігі деп санар едім.
Қысқаша айтар болсам, осы.
Ұран дейсіз. Өз басым орынсыз ұраншылдықты қаламаймын. Әйтпесе, билік партиясы «Нұротанның» өзі жыл сайын әп-әдемі ұран тастап отырады емес пе? Жаңғырудың өзінің бірнеше формасын «бастан кешіріп» тастадық! Бірақ сол ұрандардың ешқайсысы да жүзеге асып жатқан жоқ!
Саясатта да ретсіз ұраншылдық қажет емес.
Өйткені қазіргі жұртқа жалаң ұраннан гөрі, лайықты өмір сүруге нақты жағдай керек. Бай елде, мұнай-газы аста-төк мемлекетте біздің отандастарымыз кедей тұрмауы қажет. Шикізаттан түскен пайда біреудің қалтасына емес, ел қазынасына құйылуы керек. Қоғамда әділеттілік болса, жемқорлық азайса, екі қолға бір күрек табылса... Міне, меніңше, елдің қалайтыны осы. Ал, жалған ұрандардан бұқара баяғыда-ақ мезі болған.
Халық өмірін жақсарту туралы біздің кейбір ұсыныстарымызды билік «популизм» деп жатады. Мен айтайын, ол ешқандай да популизм емес!
Оны Армения мемлекеті көрсетті. Нақтырақ айтсам, Пашиньянның реформаторлығы бізге үлгі болуы керек: келді де, үш күннің ішінде ең басты саяси шешімдерді қабылдады да жіберді! Шынында, егер билік басына бұрынғы билікпен ауыз жаласпаған, жемқорлыққа салынбаған, құйрығына қоңырау іліп, белгілі бір айғақтарға кіріптар болмаған шынайы халықшыл топ келер болса, 27 жыл бойына қабылданбай келе жатқан заңдарды 27 сағатта-ақ қабылдап тастауға болады!
Бізде де солай болмақ! Мәселен, бюджетті де осындай сүт пісірім уақытта түбегейлі өзгертіп, түкке тұрғысыз, еш пайдасы жоқ, жасанды жобалардың барлығын тыйып, үнемделген қаржыға әлеуметтік саланы жандандыруға болар еді! Билік форматы, сайлау туралы заңдарды да жаңа билік бір-ақ күнде ретке келтірер еді!
Біздің жоспарымыз баршылық. Оны бір сұқбатқа сыйдыру мүмкін емес шығар. Бәлкім, ұйым ретінде тіркеліп, өзіміздің құқықтық негізіміз болған кезде - осылардың барлығын ашық айта жатармыз. Әзірге, "арық айтып, семіз шыққымыз" келеді.
Өз басым, 20 жылдан астам уақыт оппозицияда жүріп, біраз бастамадан, тұлғадан түңілген кездерім болған. Ал дәл қазір, «Жаңа Қазақстан» форумын құру туралы бастаманың көпшіліктің қолдауына ие болып жатқанын көріп отырып, шын мәнінде жаңаша күй кешіп, форумның болашағына үлкен үмітпен қарап отырмын!
- Әңгімеңізге рақмет!