Арменияның биліктегі Республика партиясы премьер-министр лауазымына оппозицияның кандидатын қолдайтынын білдіргеннен кейін, оппозициялық саясаткер Никол Пашинян жалпы ұлттық наразылық шерулерін тоқтатқан еді. Сейсенбі күнгі сөйлесулерде Республика партиясы өзінің Пашинянға қарсылас кандидатын көрсетпегенімен, оның премьер-министрлікке деген кандидатурасын мойындамай қойды. Ондағы Республика партиясының көрсеткен себебі: Пашинян елде тұрақсыздық орнатқаны себепті, ол бұл лауазымды қызметті атқарып кете алмайды деген еді.
Армения парламентінің 45 депутаты Пашинянның кандидатурасын мойындаған еді. Дегенмен, оған Парламенттегі 105 депутаттың кемінде 53-і дауыс беру керек еді. Осы тұста Пашинян өзінің кандидатурасын қолдамаса Арменияны «саяси аласапыран» жайлайды деп ескерткен болатын. Айтқанындай, дауыс беру нәтижесінен кейін, елде үкіметке қарсы демонстрация қайта белең алып, ереуілшілер көшелерді жауып, көптеген мектептер сабақ тоқтатты. Жұмысшылар да жұмысын тоқтатып, ереуілшілерге қосылды. Ереуіл Арменияның бірнеше қаласында болды және орталық қаладағы метро мен әуежайға қатынайтын жолдар жабылды.
Ал сәрсенбі күнге келгенде билік партиясы қайталай мәлімдеме жасап, демонстранттардың кандидаттарын қолдайтынын жеткізді, бірақ Пашинянның есімін атамады және өзінің кандидатын да ұсынған жоқ. Міне бұлар Арменияда осы аптада болған жайттер.
Енді не болуы мүмкін?
Армения парламенті 8 мамырда қайталай жиналыс ашып, премьер-министрді қайта сайлауға әрекеттенбек. Аталған елдің Ата заңы (Конституциясы) бойынша Парламент жеті күннің ішінде екінші рет премьер-министр сайлай алады. Бұл жолы да сайлай алмаса парламент тарайды.
Ал оппозиция басшысы Пашинян бүгін уақытша премьер-министрлікке өзінің кандидатурасын ресми түрде ұсынды. Ол бұл туралы мәлімдемесінде қоса: «Мен ашық айтайын, бұл жерде халық Никол Пашинянды премьер-министрлікке сайлауға жиналған жоқ. Олар өз құқықтары және демократия құндылықтары үшін күресті. Демек олар шаршамайды, шалдықпайды!», – деді.
Наразылық шеруінің белсенділері кімдер?
Ереуілдің жетекшісі – 42 жастағы Никол Пашинян. Бұрын журналист болған, саясатқа араласқанына 20 жылға жуықтаған. Ашығын айту керек, бейбіт шерулер Армения тарихындағы аса елеулі оқиғалардың бірі болып қалды. Пашинян наразылық акциясын 31 наурыз күні Гюри қаласында бастаған кезде жақтастарының саны небары он неше адам болды және оның басым көбі журналистер еді. Бірақ ереуіл 13 сәуір күні Ереван қаласына жеткенде оған неше мыңдаған жақтастары қосылып, Армения тарихындағы ірі оқиға орын алды. Шеруге мектеп оқушыларынан тартып, мейрамхана даяшыларына дейін қатысты. Мектеп оқушылары білім саласын реформалау керек екенін айтса, алыс ауылдан келген тұрғындар: «Билік біздің бар екенмізді осы жолы ғана білді», – десті. Әрине, Арменияда бұған дейін де бірнеше рет наразылық шерулер болған, бірақ олар нақты нәтиже бермеген. Бұл реткі демонстрацияның ең негізгі белсенділері жастар.
«Барқыт революциясының» барысы
13 сәуір күні Никол Пашилянның 14 күнге созылған наразылық акциясы орталық қала Ереванға жеткенде оның неше мыңдаған қолдаушылары көшеге шықты.
17 сәуір күні неше мыңдаған ереуілшілердің әрекетіне қарамастан парламент 76 дауыстың қолдауымен бұрынғы басшы Серж Саргсянның кандидатурасын мақұлдады. 17 өкіл қарсы дауыс берді. Бұдан 8 күн бұрын Саргсян президенттік қызметінен кеткен болатын.
22 сәуір күні Никол Пашинян мен Серж Саргсян арасындағы сөйлесулер үзіліске ұшырағаннан кейін, Пашинян қамауға алынды.
23 сәуір күін Никол Пашинян қамақтан босап шықты да, Серж Саргсян қызметінен кетті.
27 Сәуір күні уақытша премьер-министр ретінде ұсынылған Карен Карапетян оппозиция жетекшілерімен сөйлесуден бас тартты.
29 сәуір күні Республика партиясы премьер-министр кандидатына Никол Пашинянды мойындамайтынын білдірді.
1 мамыр күні Пашинян мәлімдеме жасап, билік партиясы оның кандидатурасын мойындамаса Арменияның «саяси аласапыранға» түсетінін айтқанына қарамастан, парламент оны сайламай тастады. Армениялықтар ереуілді қайта бастады.
2 мамыр күні билік партиясы қайталай мәлімдеме жасап, кандидаттар тізіміне оппозиция өкілдерін қосатынын айтты, алайда Никол Пашинянның есімі аталмады. Республика партиясы өз талапкерлерін де ұсынбады.
Армениядағы жағдайдың өңірге ықпалы
Армениядағы оқиғалар бұрын Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттердің басшылары үшін алаңдайтын жағдай. Қазірге дейін, Ресей тарабы Армениядағы істерге ресми пікір білдірмеді. Ресейдің бұл елде әскери базасы бар екені белгілі және Армения Путин бастаған Еуразиялық экономикалық одағына мүше. Міне осы жағдайлардың өзі 3 миллионға жетер-жетпес халқы бар Арменияның Мәскеу үшін елеусіз емес екенін білдіреді.
Өткен жексенбіде Пашинян Мәскеуге барып, Ресей депутаттарымен кездесті және Ресеймен болған байланыстардың өзгермейтінін білдірді. Арменияда жемқорлыққа, елдегі жүйеге қарсы күресушілер көп болғанымен, сыртқы саясат, еуропалық бірлік үшін көшеге шығатындардың аз екені де белгілі болды.
Арменияның көршілерімен болған қарым-қатынасына қарағанда Ресейден алыстай қоятын жағдайы байқалмайды. Айталық, Әзербайжан, Түркия сынды көршілерімен қырғиқабақ қатынаста. Ал, Иран, Грузия сынды елдермен салқынқанды байланыста. Бұл тұрғыда ол Ресейден алыстап, Еуропа Одағына бой тарта қоймайды. Дегенмен, бұл айналадағы көршілес елдер мен аймақтарға белгілі дәрежеде әсер етпей қалмайды.