Ежелгі Моңғол тіліндегі “шоночино”, яғни қасқыр деген сөзге қытайша құрметтілік сипатын білдіретін “а” дыбысы қосылып жасалған термин делінеді. Демек, ашина сөзі қасиетті бөрі мәнін береді. Бұл олардың өз тектерін қасқыр қаншығы асыраған ханзада ұрпағына телитін аңызға байланыстыруға негіз болған.
Қытай деректері бойынша, “бес жүз үйлі Ашина” тайпасы Солтүстік Қытайдағы Шэньси аймағының батыс бөлігін мекендеген. Бұл жерді 4 ғасырда ғұндар мен сәнбилер жаулап алды. Ашиналар сол кезде ғұн әмірі Муганьның қол астында болған. 439 жылы тобастар ғұндарды жеңіп, олардың иелігін Вэй патшалығына қосқаннан кейін бес жүз үйлі Ашиналар жужандарға қашып барып, Алтай тауларының Оңтүстік бетін қоныстанған, сөйтіп жужандарға темір өндіре бастайды. Осы темір өндірісінің арқасында олар жауынгер қауымға айналып, “найзаның ұшы, қылыштың жүзімен” 545 жылы алғашқы Түрік қағандығын құрды. Бұл қағандықты Ашиналар мұрагерлік жолымен аймақ-аймаққа бөліп басқарды.
Ашина қағандарын қытайлықтар “ту-кю” деп атады. Бұл “түркіт”, яғни “т” көптік жалғауы жалғанған “түрік” деген сөз екені дәлелденген. Жалпы бұл кезеңдегі түркі жұртын қытай деректері ғұндардың ұрпағы деп көрсетеді. Олар біртұтас әскери қауым сипатында болды. Ашиналар басқарған Түрік қағандығы (түркіттер) бірте-бірте ұлы патшалыққа айналып, 658 жылға дейін, яғни жүз жылдан астам уақыт өмір сүрді. Түрік қағандығы кезіндегі батыс және шығыс бөліктегі түрік қауымына билік жүргізушілердің аты-жөні түгелдей Ашина аталады. Олардың арасында қытайдың Суй, Таң патшалықтарына барып бағынғандары ғана өздерінің аттарын өзгертуге мәжбүр болған.
Батыс түрік қағандығы ыдырағаннан кейін Солтүстік Кавказдың шығыс бөлігінде және Еділ бойында билік құрған хазарлардың билеуші тобы да Ашина атауын пайдаланды. Түркілер байрағында бөрі бейнесі болды. “Бөрілі байрақ” түркі жұртында біздің уақытымызға дейін ата-баба рухы секілді желеп-жебеуші күш ретінде танылып, қасиеттеліп келді. Мұны Сүйінбайдың:
“Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен,
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен...
Бөрі басы — ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым” деген жыр жолдары анық дәлелдейді.
Көне түріктерді моңғол тектес этностар čïnuw-a > čïnu > čоn > чоно (бөрі, қасқыр) деп атаған. Ačï+de — оның көптік топтамалау мағынаны білдіретін тұлғасы (бөрілер, қасқырлар деген мәнде). Қытайлықтардың моңғол тектестерден үйреніп атағаны осы — Ačïnu, Ačïde болса керек. Бұл атаулар түрік бітіктастар мен ескерткіштерінде және де ешбір көне түрік мәтіндерінде кездеспейді.
“The Qazaq Times”