МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ

 

Тығырыққа тіреп тізгіні ауыр күн,

Амалды барлық шектеді.

Құдайдың ісі-ау, біздің ауылдың,

Тоз-тоз боп,  тарап кеткені.

 

Көзінің жасын талайлар төгер,

Кіндігін елден  үзгенде.

Көшкен ел  артқа қарайлай берер:

«Қайырлы болсын сіздерге...».

 

Батасы қабыл, шіркін, керемет,

Дариялар еді-ау салалы.

Айбынды  шалдар бір-бір төбе боп,

Артында қалып барады.

 

Тағдыры шықса тебеген болып,

Кімнің бар дейсің амалы?

Арнаға сыймас өр өлең болып,

Төлеген қалып барады...

 

Қоштасып көппен бауырың болған,

Есіңді әрең жиярсың.

Талай жыл жанға дәруің болған,

Әмуді қайтіп қиярсың?

 

Теңселіп бір сәт, жын қаққандайсың,

Түнеріп, үнсіз төңірек.

...Әй, бірақ барып,  кімге айтқандайсың:

— Қазақтың бұл да жері! —  деп.

 

Атамекенге созылды көшің,

Тәңірім өзі жебейді.

Қазақтығыңды өзің білесің,

«Оралман»  десе де  мейлі...

 

...Барар да пенде шаһарға он сан,

Шақырып жатса қиырлар.

Атырау, Ақтау, Оралға барсаң,

Бас тіреп барар үйің бар.

 

Әрбір үй — менің үзік  арманым,

Ауылдастарым — сөз-дестем.

Ақтөбе менен Қызылорданың,

Тұрғыны болып кездескен.

 

Өткізер ерді талабы өткелден,

Құт мекен болып басқа отау.

Хат жазар  фб,  М-агенттермен,

Алматы, Тараз, Көкшетау.

 

Аяқ жетпеген  қала қалды ма?

Бар болса, ол да таусылар...

Астана, Шымкент, Қарағандыда,

Біздің ұлдардың даусы бар.

 

«Танымай, тұрмын, кім...» — десем, ағам,

«Мұны да,  інім, біл» — дейді.

Біздің ауылдан  бірнеше бала,

Солтүстік жақта жүр дейді.

 

Айналайындар, барлығы да енді,

(Айтайын мұны тоба  ғып),

Кетігін тауып Мәңгілік елдің,

Кірпіш боп жатыр қаланып.

 

Үйірге қосып аз арыстанды,

Тигізген көкке төбемді.

Осынау байтақ Қазақстанды,

Менікі демей көр енді!

 

Шаңырағыңды көтерген мың-сан,

Уықтың мен бір бауымын.

Мен де үзілмеспін, сен аман тұрсаң,

Қазақстаным — ауылым!

 

 

ӨЛІАРА

 

Көп боп әуре-сарсаңы,

Бойда қалмай түк дәрмен,

Қыс шаршады, шаршады,

Арса-арсасы шықты әбден.

 

Қояр әлсіз ышқынып,

Ой көбейер мұндайда.

Боран болып ысқырып,

Билік айтар күн қайда?!

 

Ай, мәз емес  жағдайы,

Іштей бәрін топшылар.

Айқайласа, айқайы,

Жылағандай боп шығар.

 

Кімге айтады өкпесін,

Бек ұғады шал бұны,  —

Қолдан билік кеткесін,

Кімге дәрі хандығы...

 

Айтып өзен-көлге өкім,

Қызыл су жүр аралай.

Қарақотыр жер беті,

Жазылатын жарадай.

 

Жерге төккен отын бар,

Күнге қарап елеңдей.

Жылтырайды тоқым қар,

«Мен де еримін» — дегендей.

 

Тастады,  Қыс,  қанжарды,

Біткені ме дау біздің?

...Е, тағы да қар жауды,

Ақша қары наурыздың.

 

Балпақ шығып жиі іннен,

Бетіне опа жағып қыр.

Аппақ болып киінген,

Көктем есік қағып тұр...

 

 

***

Нелерің бар көктемде?!

У-шу етіп ауыл-елдің арасын,

«Келмеді...» деп,

«Кешікті...» деп кінә артып.

... Ай дидарын бір көруге құмартып,

жүргендер көп болғасын

Білгені де бағасын.

 

«Ерте шықсам,  балтырыма   сұқтанып,

Сығаласып есіктен,

Кіл өлеңші айналдырып өлеңге,

Жеңілтек боп көрінбейін...» деген де,

Сұлуға әркез жарасады кешіккен...

 

Кеше сүйген ақ қар енді  мезі етіп...

Шыдамай сәл ызғарға.

... Ерте шықса,  сөз етіп,

Сәл кешіксе, сөз етіп.

«Жас он бестен асқасын»,

Сөз ереді, ә, қыздарға?

 

Ар жағынан боз бұлттың,

Сығалап тұр ол деген.

Сыбырлауға да жетпей қап  батылым,

Тек ішімнен «Шық...» деп ем.

Кенет оның өрт демінен  бұлт еріп,

Ерініме шөлдеген,

Тамшы тамды ақырын...

 

Ол ұялып,  басқа бұлтқа тығылды,

Дегенмен бір жарқ етті ақ маңдайы.

Мен аңырып тұрып қалған сәтте бір,

«Сүйіншілеп»  Жел-жүгермек жүгірді,

Жырға толып таңдайы:

«Көктем келді...»,

«Көктем келді...»

Көктегір.

 

 

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

 

Мына көктем тым бұлтты,

Жаңбыр жиі жауып тұр.

Сел дегенің... сұмдық-ты,

Ескі үйлерге қауіп — бұл!

 

Ала бұлтты көрдім мен,

Алшаң басып барады.

Қара бұлтты көрдім мен,

Ай, тым қату қабағы.

 

Бұл бұлттар тым батыр-ау,

Әр тамшысы найзадай.

Бұл аз десең, япыр-ау,

Күркірейді найзағай.

 

Дүние түгел жаңарып,

Ел тағдырын шешер ме,

Ақ бұлт пенен қара бұлт,

Айналғанда нөсерге...

 

Қандай ғажап, қараңдар,

Құлпырып тұр  шетінен.

Қызғалдақты, жарандар,

Жұлмаңдаршы, өтінем.

 

Сезіп дүние жарығын,

Үлгергісі келеді.

Бәрінің де, бәрінің,

Күн көргісі келеді.

 

... Көктем келген  оңай ма?

Айқай құлақ жарып тұр.

... Бұлт артынан, алайда

Күн шығады.

Анық бұл!

12.04. 2016

 

 

ЖАЯУ МҰСАҒА

 

Мұстафа атың тартып алды аяусыз,

Жадымызда содан бері — Жаяусыз!

Атымыз жоқ, жаяу жүрміз біз-дағы,

Сіз қалдырған бұл тірлікте баянсыз.

 

Ай жарықта атсыз қалып, қорландың,

Қорландың да домбыраңды қолға алдың.

Жаяу жүріп әйгіледің тарихқа,

Дүмі мықты Мұстафасын Шорманның.

 

Тағдыр қанша көздесе де жебесін,

Біз жайлы жұрт үндемейді, не десін?!

Көп аттыдан жаяу қалған сіз емес

Көп жаяудың ішінде кім елесін?.

 

Бай ауылға әнге тізгін ұстата,

Атпен кіріп жасамадық іс қата.

Сондықтан ба, қумақ түгіл ауылдан,

Бізге мойын бұрған емес Мұстафа.

 

Тұлпар мініп жүрмесе де ақтабан,

Жүрегінің түкпіріне сақтаған.

Жаяудың да бір арманы боларын

Қайдан білсін билігі бар атты адам?

 

Мұң шаққанмен тыңдамайды керең күз,

Бүйте берсек іштен тынып өлерміз.

... Тарихқа атын байлағысы кеп жүрген

Бізде де бір Мұстафа жүр, көрерміз...

 

 

ҚАР ЖАУҒАН КҮН

 

Ақтөбеде әдемі қар жауып тұр,

Арасында жер-көктің жалғанып нұр...

Аппақ әлем, мен саған қарай берем,

Сиқырыңа осынау алданып бір.

 

Риясыз шағы бар ақтарылар,

Біздің хәлді бір ұқса, Ақпан ұғар.

Олқы тұсын көңілдің... жауып кетер,

Қандай жақсы ең, дүние-ай, ақ қары бар.

 

Көп жаманның сыртымнан сөйлегенін,

Көтере алмай,  қамықса  кейде өлеңім.

Мынау аппақ әлемге қараймын да:

«Бәрі жақсы болады!»   — дей беремін.

 

Кеп қалғандай, ей, досым, заманақыр,

Сен де салмақ салмағын санаңа құр.

Аппақ қардың атымен ант етемін,

Бәрі жақсы болады!

Қара да тұр.

 

 

НИЦШЕНІ ТӘПСІРЛЕУ

 

Алға түсіп адамзаттың құлқыны,

Ақ армандар болған кезде күлкілі.

Кеудедегі бар жауһары ұрланған,

«Құдай өлді!» — депті Ницше бір күні.

 

Құдайсызға дайын тұрар үкімі,

Діндар біткен оны көзге шұқыды.

«Шұнақ Құдай...» — деген қазақ қатынға,

Ұлы ойшылдың ұқсаған-ау ыпыны.

 

Алға қарай жетелейтін ұдайы,

Сенімі ғой әр адамның «құдайы».

Ішіндегі сәулесі өлген адамнан,

Күрескер де шықпайды екен шынайы.

 

Сен де мұны тыңда енді шошымай,

Бір жеріне қарамай, мен, досым-ай,

Әулие ағашқа қонған қарға секілді,

Ницшеңізді тәпсірледім осылай.

 

Көңлі сенбей алдан шыққан көп ізге,

Жалаң қайық салып ашық теңізге.

Сенен басқа сенері жоқ Алашқа,

Ей, Аллаһу, «Құдай өлді...» дегізбе...

 

ҚАМЫРЫҚ

 

Бір сәтте-ақ есі ауысып ғасыр әлгі…

Ер Есім хан Тұрсынның басын алды.

Әм құртты жер бетінен Қатағанды —

Бауырлас елді шапқан тасыр, әңгі.

 

Жарлық шашты.

Ешкіммен кеңеспеді,

Жерге тығып жіберер егескенін.

Хан ғой — ол!

Дұрыс шығар.

Бірақ Тұрсын…

Бірге туған бауыры емес пе еді?!

 

Тәңір қиын талқыға салыпты Ерді,

Тәшкенге жеткенінше налып келді…

Ел тағдыры түскенде таразыға,

«Ханда тамыр болмасын…» халық көрді.

 

Қуарған дұшпан түгіл, достың өңі,

Осындай іс болғанын… Ес біледі.

«Қазақтың қазақ қанын төкпеу керек!» —

Осылай дейді «Есімнің ескі жолы».

 

Естісе шошитұғын әнтек үнді,

Бұл қазақ содан бері қамкөңіл-ді.

… Тағы да қойға қорқау қасқыр шапты,

Тағы да бейбіт күнде қан төгілді.

 

Уай, дүние-ай, шын келбетің осындай ма?

(Қазақты шапқан алдым қосынды ойға).

… Қан кешіп, Тұрсын тағы тайраңдайды,

Япыр-ау, Есім қайда, Есім қайда?

 

АҚЫН АҒАНЫН ӘҢГІМЕСІ

 

«Жыр жазу түк болмай қалды  бүгінде...

Көп шабандоз қосылды кеп дүбірге.

Еркіндік бар, батылдық бар үнінде,

(Даусы мықты құлақ аспас күбірге...).

 

Айқай сап тұр қала-дағы, дала да,

(Айқай салсаң ғана бағың жана ма?!)

Шұрайлы сөз тіркестері...

Бірақ та,

Өлең деген — сөз ойнату ғана ма?

 

Самарқанның көк тасын да еріткен,

Талай дүрді жүрмін күнде көріп мен.

Жырларынан мін таппайсың.

Алайда,

Жүрегімді қозғамайды-ей,  неліктен?

 

Керек жерге қоймағандай үтірді,

Қаншама ой айтса-дағы ұтырлы,

Қазіргі өлең — құс кеп ұя салмайтын,

Шаһардағы бетон үйлер сықылды.

 

Өлең  үшін қабырғасы қайысып,

Қатар шапқан адалы мен дәйісі.

Сөз ойнатқан бір-бірінен асырып,

Жүріп жатыр шеберлердің сайысы.

 

Ал АҚЫН қайда?!»

 

 

ҚАРА БҰЛТ

 

Қабақтағы  кірбіңді ұмыттырар,

Ақ бұлт едің

төбемде күліп тұрар.

Көктем - жеңгем жүретін арамызда,

Балауса қыз, түбіт мұрт жігітті ұғар.

 

Көкорай бел.

Айнала  көкпеңбек-ті,

«Қолұстатар» - жүзік ап, Көктем кетті...

Дария тасып...

Ар жақта қалып кеттік,

Бері қарай өтетін өткел жоқ-ты.

 

Бір шешімге келе алмай

сәл отырып,

Бой бермесін біздерге көре тұрып.

Асау, қатты ағысқа қойып кеттік....

... Бәлду-бәлду, бұл күнде,  бәрі — өтірік.

 

Бір үзілген ән кейін жалғасар ма,

Уақыт көнбес, қанша тал қармасаң да.

... Терезесін көңілдің тырсылдатып,

Бір қара бұлт жылайды анда-санда.

 

Қара бұлт-ай, төгесің зарлы әуенді,

Сезем, иә, ішіңде ақ арман өлді.

Мені қайбір жетісіп жүр ғой дейсің,

Қайта-қайта мазамды ап,

нең бар енді...

 

Дөп баспаған тағдыры пернедейін,

Бола алмадым,

иә, рас, мен – мерейің.

Өкпеңді Көктем мен сол... бозжігітке айт,

Қырма сақал қырықта мен не дейін...

 

 

ТІЛЕК

 

Ауызға ие болу керек расы...

Кеше ғана ауызымнан шыққан сөз,

Бүгін ит боп балағымнан тістеді,

Ал ер болсаң, шыдашы...

 

Бір мен емес,  талай адам бастан кешкен кеп осы,

Біразының аударылды кемесі,

Біразының босап қалды шегесі.

Біраз адам болып қалды бересі...

 

Дәл сол үшін әлдекімге  ренжіген,  жек көрген,

Адам  өзін  кінәламас,

Өйткені

Ешкім сабақ алған емес өткеннен.

 

Уа, Тәңірім, жығып берер түбі Арға,

Ауызымнан өзімді,

Ертең ит боп қабар сөзді шығарма!

“The Qazaq Times”